Алғашқы сессия өтті
VII шақырылымдағы аудандық мәслихаттың І сессиясы өтіп, оған аудан әкімі Талғат Дүйсебаев, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Балшекер Өтегенова, VI, VII шақырылымдағы аудандық мәслихаттың депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, бөлім, мекеме басшылары,аудандық мәслихат аппаратының мен жергілікті бақ өкілдері қатысты.
Сессияны заңдылыққа сәйкес аудандық сайлау комиссиясының төрағасы ашып, саяси маңызды науқанның негізгі қорытындыларын жария етті. мұнан соң алғашқы сессияның негізгі бөлімі басталып, депутаттардың ұсынысымен дархан ералиев сессия төрағасы болып бекіп, күн тәртібінде 9 мәселе қаралды.
Сессияның күн тәртібі VIІ шақырылған аудандық мәслихаттың хатшысын сайлау, аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларын құру, құрамын және төрағаларын сайлау, аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясын тіркеу мен кезекті сессияның төрағасын сайлау мәселелерін қамтыды.
Жиында сөз алған аудан әкімі Т.Дүйсебаев ауданның дамуына жергілікті мәслихат депутаттарының қосар үлесі мол екенін атады.
– Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына жергілікті жерден сайланған халық қалаулыларының айрықша рөлі бар. Себебі, мәслихат депутаттары – жергілікті мемлекеттік басқарудың маңызды бөлігі саналады. Өткен шақырылымда аудандық мәслихат депутаттары болып экономика, ауыл шаруашылығы мен білім саласы өкілдері сайланды. Олардың әрқайсысы ел мүддесін қорғай отырып, өкілетті органдардың жұмысына үлес қосты. Билік пен халық арасында алтын көпір болып, бірқатар жұмыст
ардың атқарылуына үлес қосты, – деген аудан басшысы өткен бесжылдықтың нәтижесін саралады.
Өткен шақырымда сайланған депутаттардың жүйелі жұмысының нәтижесінде соңғы 5 жыл ішінде ауданға 209 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, нақтыланған бюджет жоспары 2 есеге көбейген. Соңғы 5 жылда жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 40 пайызға ұлғайған.
Аудан көлемінде 15 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталған. 2 дәрігерлік амбулатория, 1 спорттық-сауықтыру кешені, 2 балабақша және 1 әкімшілік ғимараты пайдалануға берілсе, елді мекендерде 8 ойын алаңы салынып, Шіркейлі ауылында әуез мектебі ашылған.
Соңғы жылдары жеке тұрғын үй секторында 329 жер учаскелері инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліпті. Сонымен қатар ауданда тұрғын үй салу қарқынды жүргізіліп, кезекте тұрған сырдариялықтар баспанамен қамтылуда. Бүгінгі таңда 4 көппәтерлі тұрғын үй, яғни 84 пәтер пайдалануға берілсе, Тереңөзек кентіне қарасты О.Мәлібаев елді мекенінде 20 тұрғын үй құрылысы салынған. Осының нәтижесінде, тұрғын үй кезегі бойынша халықты арендалық үймен қамтамасыз етуде Сырдария ауданы аймақта алдыңғы қатарда.
Соңғы бесжылдықта аудан толық сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. 53 жергілікті маңыздағы және ішкі жолдар жөндеуден өтіп, 3 көпір салынған. Бүгінде аудандық маңыздағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы көрсеткіші 92 пайызды құрайды. Ал ауыл шаруашылығы саласы бойынша өндірілген өнім осы жылдар ішінде екі есеге ұлғайып отыр.
Қол жеткізген қомақты табыстардың бірі – 2019 Тереңөзек кентінің кварталішілік газ құбырлары желісінің құрылысы басталып, толық аяқталуы. Енді таяу арада кент тұрғындары табиғи газдың игілігін көрмек. Басқа салаларда да дамудың оң динамикасы қалыптасқанын атап өту керек.
Аудандық мәслихат депутаттарымен бірлесе атқарылған осындай нәтижелі жұмыстар аудан дамуын бәсеңдеткен жоқ. Осындай нәтижелі жұмыстарды атап өткен аудан басшысы VI шақырылымдағы депутаттарға зор ризашылын білдіріп, Бердібек Қадыров, Сламбек Қаюпов, Оразбек Сейтмұратов, Жанат Нәлібаева, Ержан Жақыповты аудандағы ең жоғарғы марапат «Құрмет грамотасымен» марапаттады.
Сонымен қатар аудан әкімі VII шақырылымда сайланған аудандық мәслихат депутаттарының жұмысына табыс тілеп, алдағы міндеттерді атап көрсетті.
– Ел Президентінің Жолдауы мен VII шақырылған Парламенттің алғашқы отырысында атап өткен міндеттерді басшылыққа ала отырып, ауданның өркендеуі жолында біздің алдымызда жауапты кезеңдер мен нақты атқарылатын жұмыстар тұр. Бүгінгі таңда «2021-2025 жылдарға арналған Сырдария ауданын дамыту бағдарламасы» әзірленуде. Бағдарламада ауданның алдағы бес жылдықта бірінші кезекте шешуді қажет ететін негізгі проблемалық мәселелері және халық тарапынан көтерілетін өзекті мәселелер қамтылатын болады, – деді аудан әкімі Талғат Тұрсынұлы.
Мәселен, алдағы үш жылда 6 ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар. Мемлекет басшысы өңірлерді, қалаларды, аудандар мен ауылдарды өзара байланыстыратын инфрақұрылымды жақсартуға басымдық берілетінін айтты. Осыған байланысты айналасындағы елді-мекендердің тірегі саналатын әрбір ауылға баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күре жолдар 100 пайыз жөнделмек. Бұл ретте, аудан бойынша жол жөндеуге байланысты 1,6 млрд теңге көлемінде дайындалған 19 жобаны іске асыру көзделіп отыр.
Халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түспейді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, Тереңөзек кентінде көпқабатты 2 тұрғын үй салу жоспарланған. Оған қоса 12 елді мекенде үш бөлмелі 35 тұрғын үй құрылысын жалғастыруға республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Бұл жұмыстардың барлығының түпкі межесі – елдің тұрмыс-тіршілігін жақсартып, ауданды дамыту екенін атаған аудан басшысы мақсатқа жету жолында нақты шешімдер қабылдай білу қажеттігін айтты. Бұл орайда халық қалаулыларымен бірлесе жұмыс атқарылатынына сенім білдірді.
VI шақырылымдағы депутаттар атынан Оразбек Сейтмұратов сөз сөйлеп, құрмет көрсеткен аудан басшысына және бірлесе жұмыс істеген депутаттық корпусқа, әріптестеріне ризашылығын білдірді. Жаңа мандатқа ие болған халық қалаулыларына жауапкершілік жүгі жоғары жұмыста сәттілік пен абырой тіледі.
Айта кету керек, биылғы жылдың 10 қаңтарында өткен саяси науқандағы дауыс беру қорытындысымен Сырдария ауданы облыс бойынша жоғары көрсеткішті иеленіп, сайлаушылардың 82,81 пайызы белсенді қатысты. Сайлау қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына 12 мандат берілсе, оның 10 мандатын «Nur Otan» партиясы, 2 мандатын «Ауыл» партиясы иеленді. Сайлау нәтижелерін атаған аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Өтегенова жаңа құрамға депутаттық куәліктерді табыс етті.
Сессияның күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық мәслихатының хатшысы болып Ержан Әжікенов сайланды. Сондай-ақ VIІ шақырылған аудандық мәслихаттың 2 тұрақты комиссиясы құрылып, құрамдары бекітіліп, төрағалыққа кандидатуралар ұсынылды. Нәтижесінде, аудандық мәслихаттың қаржы және бизнес, экономика, өндіріс салалары, ауыл шаруашылығы, құрылыс, коммуналдық шаруашылығы жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы болып Дархан Ералиев, білім, денсаулық, мәдениет, әлеуметтік сала, жастар ісі, құқық қорғау, экология және табиғатты қорғау жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы болып Бағдат Есназар сайланды. Отырыста аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясы тіркелді. Ал кезекті сессияның төрағалығына Зейнұр Жаманқұлов ұсынылып, қолдау тапты.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ