Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Латын әліпбиі: Тіл тазалығын сақтауға мүмкіндік

Латын әліпбиі: Тіл тазалығын сақтауға мүмкіндік

Ұлттың ұлт болып қалыптасуы, сақталуы оның тіліне байланысты. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген. Ана тіліміз – еліміздің діңгегі мықты мемлекетке айналуының кепілі.

Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында латын әліпбиіне көшу туралы айтты. Мақаланың «Таяу жылдардағы міндеттер» деп аталатын бөлімінде қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің маңыздылығы нақтыланған.

Жалпы, латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғырудың талабы десек те болады. Сонымен қатар қазақ тіл білімі тарихында 1929 жылы қазақ жазуы ресми түрде латын әліпбиіне көшкен. Латын әліпбиі ел тарихында 1929-1940 жылдар аралығында қолданыста болған.

Айта кету керек, халықтың талқысына түскен пікірлердің арасында жаңа әліпбиге көшу ұғымын жаңа тілге көшумен шатастырғандар бар. Әрине, бұл қате тұжырым. Себебі латын әліпбиіне көшудегі негізгі ұғым тілдің емес, таңбаның ауысуы деп түсіну керек.

Осы ретте «Жаңа әліпбиге көшу бізге не береді?» деген сауалды облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Әйгерім Мұхамеджанға қойған едік.

– Біріншіден, тіл тазалығы. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.

Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емес, ережелер қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді.

Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына мүмкіндік болады. Сондай-ақ қазақ тіліне жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кіруге тиімді жол ашылады.

Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі негізінен, латынды қолданады. Ал, біз олармен рухани, мәдени, ғылыми, эко-номикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Осынша тиімді тұстарын біле тұра енгелі тұрған әліпбиді неге қолдамасқа? Жүрегі қазақ деп соғатын тілі қазақ әрбір қазақстандық оң бастаманы қолдайтынына сенімдімін, – дейді тіл маманы Ә.Мұхамеджан.

Латын әліпбиіне көшу – үш кезеңге бөлініп, негізгі іс-шаралардың жоспары жасалғаны белгілі.
Бірінші кезең – 2018-2020 жылдары жаңа әліпбиді көпшілікке таныстыру, түсіндіру, насихаттау.
Екінші кезең – 2021-2023 жылдарды қамтитын кезеңде мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар қабыл-даған нормативтік құқықтық актілерді, жеке куәліктер мен паспорт т.б құжат-тарды латын графикасы негізіндегі мем-лекеттік тілде беруді қамтамасыз ету, арнайы курстар әзірлеу және енгізу.

Үшінші кезең – 2024-2025 жылдары ұйымдас­тырушылық іс-шаралар жалғасады. Атап айтқанда, мемлекеттік мекемелердің іс қағаздары, халықаралық деңгейдегі шарттар, БАҚ, баспа басылымдары латын графикасына кезең-кезеңімен көшеді.

Дегенмен ел Президенті Қ.Тоқаев жаңа әліпбиді қабылдауда асығыстық жасауға болмайтынын ескертіп, мәлім-деме айтты.

«Жаңа графиканы енгізу бір күнде я болмаса тіпті бір жылда іске аса қоятын жұмыс емес. Әйтпесе асығыстық бүкіл мәдениетімізге және тарихи болмысымызға зиян келтіруі мүмкін. Мәселе – кирилицаны латын әліпбиіне аударуда емес, бұл қазақ тілінің ауқымды реформасы деген сөз. Қаржы мәселесін де ескеруіміз керек. Латын әліпбиін енгізу жұмысы біртіндеп жүзеге асуы қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Әліпбиді латын таңбасына  көшіру – еліміздің әлемдік өркениетке қосылудың жолы, ізгі қадамы. Сондықтан ел Президенті айтқандай, асығыстық танытудың қажеті жоқ. Өркениетті меңгеру, жаңа технологияны игеру латын әліпбиі арқылы қол жететін болады. Қазірдің өзінде әрбір адамның қолданып жүрген ұялы телефонында жаңа графика енген. Сондықтан көзі ашық, білімді азамат үшін латын әліпбиін меңгеру қиынға соқпайтыны анық.
Бибісара ЖАНӘЛІ 
09 қаңтар 2021 ж. 310 0