Маңызды мәселелерді талқылады
Ел тұрғындары 2021 жылдың 10 қаңтарында ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттарын сайлауға қатысады. Осыған орай елімізде сайлауалды бейпартиялық байқау штабы құрылған болатын. Сейсенбіде облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев пен байқау штабының облыстағы өкілі Жандос Тұсмағамбетов журналистермен кездесіп, маңызды шараны өткізудің дайындық барысын талқылады.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаевтың айтуынша, қазір комиссия мүшелері сайлауалды өз деңгейінде өткізуге баса назар аударып отыр. Сайлау күні учаске орналасқан ғимараттар таңғы 6-дан бастап өз таңдауын білдіруге келген азаматтарды қабылдайды. Сол уақыттан бастап байқаушылардың тіркелуіне, өздеріне жүктелген міндеттерді атқаруына мүмкіндігі бар.
– Байқаушылардың құқықтары, міндеттері мен мақсаттары «Сайлау туралы» заңда анық көрсетілген. Ел өміріндегі маңызды шара барысында сол талаптардың сақталуы қадағаланады. Сондықтан ол азаматтар өздеріне берілген міндеттер мен талаптарды толық ескеруі тиіс, – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы.
Сайлауға елімізде тіркелген бес партия өз мүшелерін үміткер ретінде ұсынып отыр. Сондықтан олардың әрбірінен байқаушылар мен сенімді өкілдер саяси шараның өткізу барысын қадағалайды.Бұл сайлау еліміздің саяси жүйесін жаңартуды қамтамасыз ететін саяси институттарды дәйекті түрде демократияландыруға және жаңғыртуға Қазақстанның аса ықыласты екенін тағы да бір дәлелдейтін болады. Ортақ міндет – Қазақстанды өркендету, азаматтарымыздың игілігі үшін қызмет ету. Ел тұрғындары бұрын да аса маңызды тарихи сындарлы сәттерде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білді. Халқымыз осы жолы да жан-жақты жаңғыру бағытындағы жаңа тарихи миссиясын лайықты атқарады.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында еліміз кемелдене түсіп, дамудың жаңа кезеңіне шығатыны анық.
Айта кетерлігі, алдағы сайлауда мәслихат депутаттары алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Ол әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сай келеді, саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ, саяси партиялардың жұмысын жандандырады.
Дауыс беру күнінде 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы өз таңдауын білдіруге құқылы. Сайлаушылар тізімі тұрғылықты мекені бойынша жасалған.
Сондай-ақ, елімізде коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында барлық карантин талаптарын қатаң сақтауға назар аударылады. Сайлау процесінің барлық қатысушысы әлеуметтік арақашықтық, маска режиміне бағынуы қажет.
Келесі кезекте Ж.Тұсмағамбетов штаб жұмысы жөнінде әңгімелеп берді. Оған өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар, белсенді азаматтар тартылған. Байқаушылар маңызды шара барысында сайлаудың ашық, заңнамаға сәйкес әділ өтуіне мониторинг жүргізеді.
– Біз бұдан бұрын шетелдік байқаушылар және бірқатар қоғамдық ұйым жетекшілерімен кездесу өткіздік. Онда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның (ОБСЕ) ұзақ мерзімді байқаушылары Инго Бютнер (Германия) және Андрей Оствальд (Ресей) алдағы саяси шараға байланысты ой-пікірлерін білдірді. Екі азамат та аталған ұйым құрамындағы елдерде өткен сайлауға байқаушы ретінде қатысқан білікті сарапшылар. Біз шетелдік байқаушыларға облыстық штабтың жұмыс барысын таныстырып, өзара пікір алмастық. Айта кетерлігі, облыста 376 сайлау учаскесінде қоғамдық байқаушылар мониторинг жүргізеді, – деді Ж.Тұсмағамбетов.
Байқаушыларды оқыту барысында олардың еліміздің заңдарын білуіне жағдай жасалған. Конституция мен «Сайлау туралы» заң басты назарға алынды. Семинар барысында байқаушылар өздеріне қажетті заңдар бойынша білімін жетілдірді. Жұмыс кестесі мен тәртібі жайында жан-жақты мағлұмат берілді.
Оның айтуынша, желтоқсан айында байқаушыларға арналған семинар ұйымдастырылды. Маңызды шара барысында Қызылорда қаласы мен облыстың барлық аудандарында жұмыс жүргізетін азаматтарға олардың құқықтары мен міндеттері кеңінен түсіндірілді. Өздеріне жүктелген міндеттерді атқару миссиясы таразыланды.
Байқаушылар қазірдің өзінде сайлау учаскелеріне барып, алдағы маңызды шараға дайындық барысымен танысты.Олар бұған дейін де сайлау науқанында жұмыс істеген.
Семинар барысында бұрын жіберілген кемшіліктер де сараланып, оларды болдырмауға баса назар аударылды. Сондай-ақ, байқаушылар құрамына 25-50 жастағы азаматтар тартылған. Барлығы – қоғамда өздерінің белсенділігімен көзге түсіп жүрген азаматтар, олар Қызылорда облысында тұрады. Басты мақсаты – сайлаудың қандай деңгейде өткенін қарау. Олар тікелей қатысушы емес, яғни бәсекелестікке түспейді.
Осы орайда заң бұзушылықтарға жол берілмеуін, халықаралық стандарттар мен Конституцияға, заңнамаға сайлау процесінің сәйкес келуін қарайды.