Сайлау учаскеңізді қалай білуге болады?
2021 жылдың 10 қаңтарында елімізде ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарын сайлау өтетіні белгілі. Осы орайда дауыс беру құқығы бар көптеген азамат өзінің сайлау учаскесінің қайда екенін білмей жататыны да бар. Ал оны анықтау жолы өте қарапайым. Еліміздің барлық өңірлерінде сайлаушылардың тізімін әзірлеуге жауапты жергілікті әкімдіктер ресми сайттарына арнайы баннер орналастырып, Call-орталықтар, Telegram-боттар жасақтап қойған. Сол ресурстарға кіру арқылы кез келген азамат өзінің тұрғылықты жері бойынша сайлау учаскесін анықтай алады.
Ал уақытша тұрып жатқан азаматтар 10 желтоқсанға дейінгі жергілікті әкімдіктерге барып, дауыс беру үшін тіркеуден өтуі қажет.
Қызылорда облысы, Сыр өңірі де 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлаушылар тізімін анықтауға арналған дербес сайт ашып қойған. Одан ЖСН теру арқылы бірден қай учаскеде тіркелгеніңізді білуге болады.
Айта кетерлігі, бүгін еліміздің Орталық сайлау комиссиясы әр сайлаушыны құқықтық сауаттылық танытып, сайлау құқығын пайдалануға шақырған үндеуін жариялаған болатын.
«Өзіңізді сайлаушылар тізіміне енгізу бойынша заңды маңызды әрекеттерді уақтылы қабылдауыңыз қажет. 2020 жылғы 26 желтоқсаннан бастап сізге өз сайлау учаскеңіздегі сайлаушылар тізімінен өзіңіз туралы деректерді тексеру мүмкіндігі беріледі», – делінген аталған үндеуде.