Талғат ДҮЙСЕБАЕВ, Сырдария ауданының әкімі: Атқарылған жұмыстар ауқымды, алдағы мақсаттарымыз да айқын
Талғат Тұрсынұлы Дүйсебаев – тоқсан жылдан астам тарихы бар Сырдария ауданының Тәуелсіздік жылдарындағы сегізінші әкімі. Лауазымды қызметке тағайындалғанына жыл толмаса да аудан басшысы бүгінде бірқатар ауқымды жұмыстарды атқарып, алдағы мақсат-міндеттерді айқындап үлгерді. Жылдың қорытындысына орай аудан әкімімен сұхбаттасып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы жөнінде көкейде жүрген сауалдарымызды қойған едік. Газеттің бүгінгі санында аудан әкімімен жүргізілген сұхбатты оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
– Талғат Тұрсынұлы, алдымен сізге уақыт бөліп, аудандық газетке сұхбат беруге келіскеніңізге алғысымды айтамын. Сұхбатымызды алда келе жатқан саяси маңызды науқанның мәні мен маңызынан бастасақ. Ауданда сайлауға дайындық жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Мен де сұхбат ұйымдастыру жөніндегі аудандық газет редакциясының бастамасына ризашылығымды білдіремін. Жергілікті басылымның тұрақты оқырманы ретінде жұмыстарыңызға жеміс тілеймін!
Дұрыс айтасыз, алдымызда маңызды саяси науқан келе жатыр. ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауы еліміздің саяси жүйесін жаңартуды қамтамасыз етпек. Оның мән-маңызын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үндеуінде «Парламенттің және жергілікті өкілді органдардың жаңартылған құрамы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық реформаларды сапалы әрі заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге баса мән береді» деп атап көрсетті. Сол себепті біз бұл саяси науқанға тыңғылықты дайындық жүргізудеміз.
2021 жылдың 10 қаңтар күні өткізілетін сайлауға әзірлік жұмыстары күнделікті пысықталып, аудан әкімдігі арқылы тиісті бақылау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, аудан бойынша 18 сайлау учаскесі жұмыс жасайды. Оның 10 сайлау учаскесі білім беру ұйымдарында, 8-і мәдениет үйлері мен клубтарда орналасқан. Бүгінгі күнге аудан бойынша сайлаушылар саны 22 827 болып нақтыланды. Біз аудан бойынша шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындарының да саяси науқанға қатысуын қамтамасыз етеміз. Шалғайдағы 20 елді мекенде 194 сайлаушы бар. Олардың сайлау учаскелеріне баруын қамтамасыз ету мақсатында арнайы көліктер бөлініп, ешқандай мәселе туындамайды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың да дауыс беруіне барлық жағдай жасалып отыр. Атап айтқанда, аудандағы барлық сайлау учаскесі бірінші қабатта орналасқан және мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы орын қарастырылған. Оған қоса, мүмкіндігі шектеулі сайлаушылар арнайы инватакси қызметімен және жылжымалы дауыс беру жәшігімен қамтамасыз етіледі.
Негізінен, сайлау күні санитарлық нормалардың сақталуы қатаң бақылауға алынады. Сайлау учаскелеріндегі сайлау комиссиясы мүшелері медициналық қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар барлық сайлау учаскесіндегі дауыс берушілер бір реттік бетперде, қаламдармен, антисептик және температура тексеру құралдарымен толық қамтылады. Ал осы саяси науқанда сайлаушылардың белсенділігін арттыру мақсатында дауыс беруге келген әрбір 1-ші, 100-ші және 1000-шы сайлаушыға арнайы сый-сияпаттар табыс етіледі. Біз бұл маңызды науқанды жоғары деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз.
– Ауданның негізгі экономикалық жетістіктерінен ақпарат берсеңіз. Нақты қай салаларда даму бар, қай салаларда жоспарлы жұмыстар орындалмай жатыр?
– Биылғы пандемияға қарамастан біз барлық сала жұмысына серпін беріп келеміз. Соның нәтижесінде аудан экономикасына тікелей ықпал жасайтын өнеркәсіп саласында оң динамика қалыптасып, биылғы жылдың 11 айында өнеркәсіп 54,8 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 43,6 пайызға артып отыр. Өңдеуші өнеркәсіп көлемінің артуы негізінен тамақ өнімдерін өндіру есебінен ұлғайды. Оның ішінде ақталған күріш 2,5 есеге артты. Сонымен бірге жеңіл өнеркәсіп саласы 4,8 есеге өсті. Бұған қоса 11 айда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 1,7 пайызға ұлғайса, есепті кезеңде мүйізді ірі қара 1,7, жылқы 0,7, түйе 0,1, қой мен ешкі 0,1, құс 5,4 пайызға артты. Тиісінше ет өндірісінде 0,6, сүт өндірісінде 0,8, жұмыртқа өндіруде 1,6 пайыз өсім қалыптасып отыр.
Ауданда құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатқанын білесіздер. Соңғы жылдары бұл саланың дамуында айтарлықтай нәтиже бар. Ал жыл басынан бері аудан экономикасына 32,5 млрд теңге негізгі капиталға инвестиция салынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 56,6 пайызды құрады. Өткен жылы негізгі капиталға тартылған инвестицияның 65,6% үлесін «Сарыарқа» магистральдық газ құбырына тартылған инвестиция қамтыған. Биыл ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылмауынан негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі төмендеді. Алдағы жылы осы бағыттағы жұмыстарды жандандыратын боламыз.
– Экономиканың негізгі драйвері кәсіпкерлік екені анық. Қазір кәсібін бастайтындарға мемлекеттен қолдау да көп. Аудан жұртшылығының кәсіпке бетбұрысы қалай? Бірегей жоба деп бөле-жара айтатын жобалар бар ма?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Кәсіпкерлікке қолдау көрсеткенде орта бизнеске ерекше назар аудару керек. Өйткені нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді» деп атап көрсетті. Сондықтан жыл бойына ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамыту, шағын және орта бизнеске қолдау білдіру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Жалпы, аудан бойынша 11 айда жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2291-і құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 8,7 пайызға өсті. Осы орайда, аудан тұрғындары өздерінің кәсіпкерлік жобаларын іске асыру үшін мемлекеттік қолдаудың барлық түрін пайдалануда. Соның нәтижесінде кәсіпкерлікті қолдаудың барлық бағдарламасы шеңберінде 995,4 млн теңгенің 459 жобасы қаржыландырылды. Бұл ауданда кәсіпкерліктің дамуына өзіндік ықпалын тигізді. Соңғы жылдары ауыл тұрғындары өз кәсібін дамыту үшін белсенді жұмыс жасауда. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 69,3 пайызы ауыл кәсіпкерлерінің үлесінде. Ауыл кәсіпкерлері қарапайым омарта шаруашылығын дамыту, бау-бақша өнімдерін консервілеу, мал шаруашылығын дамыту, кондитерлік өнімдерді пісіру жобаларымен айналысып, өз кәсіптерін дөңгелетуде.
Ал бірегей жобаларға тоқталар болсақ, облыстың экономикалық даму жоспарын іске асырудың Жол картасына аудан бойынша 6 жоба енгізілді. Атап айтқанда, Тереңөзек кентінде «Аққұм Жер» ЖШС-нің құрама жем және ұн өндіру комбинаты, «Шаған агрофуд» ЖШС-нің және «Шаған» шаруа қожалығының ет өндірісі және күріш ақтау цехтарын іске қосу, «Ақжарма-2» шаруа қожалығының күріш ақтайтын және тазалайтын, кіші пастерленген сүт зауытын іске қосу, жылыжай және бау-бақша сақтайтын қойма салу, Қалжан ахун ауылының жеке кәсіпкерінің құмблокты өндіру жобасын іске асыру жобасы аудан экономикасының өсуіне ықпал ететін болады. Жобалар толық жүзеге асқанда 95 жаңа жұмыс орыны ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек ауданда келер жылы тағы 6 жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың 2-і сауда саласын қамтыса, 3 жоба өнеркәсіп, 1 жоба балық шаруышылығы бойынша іске асырылмақ. Міне, осындай ауқымды жобалардың арқасында біз кәсіпкерлікті дамытып, жұмыссыздықты азайтуды көздеп отырмыз.
– Соңғы жылдары ауданда жаңадан тұрғын үйлер салынып, кезектілікке сәйкес пайдалануға берілуде. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғаса ма? Нақты неше тұрғын үй салынады деп жоспарлануда?
– Ауданға әкім болып келгелі бері апта сайын аудан тұрғындарын қабылдап келемін. Қабылдауға келген тұрғындардың 90 пайызы тұрғын үй мәселесін көтеруде. Аудан орталығы Тереңөзек кентінде соңғы бесжылдықта тұрғын үй салу мәселесі қарқынды жүргізіліп жатқанына назар аударғым келеді. Атап айтқанда, кентке қарасты О.Мәлібаев мөлтек ауданындағы Қ.Бөдеев көшесінің бойынан 2 және 3 бөлмелі 20 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар 2018 жылы Тереңөзек кентіне кіреберісте 42 пәтерлі №3 және №4 көпқабатты үйлер бой көтерді. Сондай-ақ биыл №1 және №2 көпқабатты тұрғын үйлер салынып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде, аудан бойынша кезекте тұрған 500-ге жуық тұрғынның 42-сі баспаналы болды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, тағы да көпқабатты 2 тұрғын үй салуды жоспарда бар. Оған қоса ауданның Айдарлы, Аманкелді, Бесарық, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Н.Ілиясов, Шаған, Ақжарма, С.Сейфуллин, Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов ауылдарының әрқайсысынан 3 бөлмелі 3 тұрғын үй және Жетікөл ауылынан 3 бөлмелі 2 тұрғын үй, барлығы 35 тұрғын үй салынады деп жоспарланды. Осындай жұмыстар арқылы біз аудан тұрғындарын баспанамен қамту мәселесін кезең-кезеңімен шешетін боламыз.
– Газдандыру жұмыстарының барысы жөнінде тұрғындар арасында пікір, алып-қашпа әңгіме көп. Айтыңызшы, кент орталығы көгілдір отынға қашан толықтай қосылады? Газдың игілігін ауылдар қашан көреді?
– Аудан орталығын көгілдір отынмен қамтамасыз ету көптің көкейінде жүрген мәселе екенін білемін. Бүгінгі таңда жоғарғы қысымдағы және орта қысымдағы жер асты газ құбырлары толық жүргізілді. Жоспарланған 6 дана газды басқару пункттері және 1497 дана газды басқару шкафтар орнатылды. Осы орайда, жергілікті бюджет есебінен 13 нысан, оның ішінде 9 әлеуметтік нысан қазандықтары газға бейімделді. Қазіргі таңда жұмыстар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен қабылданып, «Қызылорда газ тарату жүйесі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына өткізілуде. «Қызылорда газ тарату жүйесі» кәсіпорны тұрғын үйлерге және ғимараттарға газды қосуға рұқсат беру, газ құбырлары мен қондырғыларын күтіп-ұстау және авариялық қызметтерді атқаратын болады. Біз алдағы жылы Тереңөзек кентіндегі әлеуметтік нысандарды газға қосып, содан кейін кезең-кезеңімен кентті көгілдір отынға қосатын боламыз. Осы тұста, қазіргі таңда Тереңөзектегі 240-тан аса үй газдандыру жобасына енгізілмей қалғанын айту керек. Оның басты себебі, газдандыру жұмыстарының жоба-сметалық құжаттары 2016 жылы жасалып, содан бері аудан орталығының көлемі кеңейіп, жаңа үйлер бой көтерді. Ендігі жерде сол үйлерге газ жеткізу жұмыстары жүргізілетін болады.
– Карантиндік талаптарды орындау өзіміз үшін де, өзгелер үшін де маңызды. Төтенше жағдайға байланысты оқушылардың қашықтан оқуға көшкенін білеміз. Онлайн оқуды ұйымдастырудың сапасы қалай? ҰБТ-ға дайындық жұмыстарының сапасы төмендеп кетпеді ме?
– Биылғы оқу жылы карантиндік талаптарға сай басталғаны белгілі. Оқушыларды қашықтан оқыту ұйымдастырылып, оларды электронды құрылғылармен қамтамасыз етуді жүзеге асырдық. Бұл бағытта ауданда мәселе туындаған жоқ. Мектептегі компьютерлер оқушылардың үйіне берілді. Сондай-ақ кәсіпкерлер де осындай сындарлы шақта өз көмектерін көрсетіп, планшеттер алып берді. Сонымен қатар, бюджет есебінен де ноутбук, планшеттер алынып, аудан оқушылары толық электронды құрылғыларымен қамтылды. Негізінен, қазіргі таңда аудан бойынша 17 мектептің 4-інде (№126, 135, 174, 191) дәстүрлі форматта сабақ жүргізілуде. Қалған 13 мектептің мектепалды даярлық, 1-5 сыныптары кезекші сыныпта оқыса, 6-11-сынып оқушылары қашықтан білім алуда. Мұндай оқытуды жүзеге асыру үшін «Bilimland», «Online mektep» платформалары қолданылып келеді. Ал 11-сынып оқушыларын ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау үшін барлық мектепте жоспар құрылып, пәндер бойынша әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Дайындық жұмыстары «ZOOM», ватсап желілері арқылы ұйымдастырылып, оқушылардан айына 2 рет онлайн режимінде сынама тесттер алынып жатыр. Биылғы оқу жылының ІІІ тоқсанынан бастап барлық білім ошағында 9,11 бітіруші сынып оқушыларын кезекші топтарда оқыту жоспарлануда. Мектеп базасында қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, бітірушілерді 5 адамға дейін шағын топтарда дайындау жүзеге асырылатын болады.
– Жыл басында белең алған қауіпті індетпен күрес ауданда қарқынды жүргізілді. Осы ретте, эпидемиологиялық ахуалды қалыпқа келтіру бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз және алдағы жоспарлармен бөліссеңіз?
– Әлемдік пандемия биылғы жылы барлық елдің экономикасына ерекше әсерін тигізді. Қауіпті індет бізді де айналып өткен жоқ. Жыл басындағы орын алған жағдайды білесіздер. Қатаң карантиндік шектеулер қабылданғанымен қауіпті кесел өршіді. Осы шақта ел болып бірігіп инфекциямен күрес жұмыстары жүргізілді. Ауданда жыл басынан бері коронавирус инфекциясын жұқтырған 183 адам тіркеліп, емделіп шықты. Науқастарды емдеу үшін аудандық ауруханадан 25 төсек орындық оқшауланған фильтр бөлімшесі ашылып, 2 палата жан сақтау шараларын жүргізу үшін жабдықталды. Коронавирусты инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында арнайы құрылған мониторингтік топтармен 498 нысандарға түсіндірме жұмыстары, 205-не ауызша ескерту және 54-не әкімшілік айыппұл салынды. Осы тұста, аудан кәсіпкерлері, жанашыр жандар мен еріктілердің індетпен күресте халыққа көрсеткен көмегін атап өткен жөн. Олар қажетті деген медициналық құрылғылар мен дәрі-дәрмектерді халыққа жеткізіп берді. Карантин уақытында аудан бойынша 25 млн теңгеге жуық көмек керсетіліп, мұның аудандағы эпидахуалдың қалыпты жағдайға келуіне зор ықпалы тиді.
Биылғы жағдайды ескере отырып, біз алдағы болжамды коронавирус инфекциясының тағы бір толқынына байланысты дайындық жұмыстарын жүргізудеміз. Атап айтқанда, аудандық (туб.диспансер) ауруханадан 70 орын провизорлық стационар, 30 орын КВИ инфекциялық стационар ашу жоспарлануда. Сонымен қатар аудандық «Жалын» тынығу лагерінде 100 төсек орын карантиндік стационар жұмыс жасауға дайын. Пандемия кезеңінде дәрі-дәрмек тапшылығы сезілді. Соны ескеріп, қазір дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмаудың алдын алу мақсатында жұмыс жасаудамыз. Дәріханаларда бақылау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда аудандық ауруханадағы қажетті дәрі-дәрмектердің және жеке қорғаныш құралдарының қоры жеткілікті.
– Кейбір салалардағы жоспарлы жұмыстарға ардагерлердің, аға буын өкілдерінің ақыл-кеңесі, пікірі қажет екені анық. Аудан ардагерлерінің ұсыныс-пікіріне, талап-тілегіне қаншалықты көңіл бөлінуде? Аға буын мен жас буын өкілдері арасындағы сабақтастықты сақтау бағытындағы жұмыстарға көзқарасыңыз қалай?
– Ауданға әкім болып тағайындалғаннан кейін аудан ардагерлерімен кездестім. Көпті көрген қариялардың еңбек жолындағы тәжірибесі, олардың ақыл-кеңесі әрине ауданның дамуына серпін беретіні сөзсіз. Сондықтан кездесуде қарттарымызбен еркін сұхбаттасып, ауданды дамыту жолындағы жоспарлармен бөлістім. Аудан қариялары өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Сол ұсыныстарды ескере отырып, жұмысымызды жандандырып келеміз. Сондай-ақ әр ауылға барған сайын ауыл ақсақалдарымен кездесіп, өзекті мәселелерді бірлесе талқылап, шешу жолдарын да қарастырудамыз. Қай кезде де елдің бірлігін, ынтымағын сақтайтын ауылдың қариялары екені анық. Сондықтан ел ағалары мен ел аналары – біздің басты ақылшымыз. Олардың ақыл-кеңесі, бағыт-бағдары біз үшін әркез маңызды.
– Жыл қорытындыланар тұста аудан халқына деген тілегіңіз болса...
– Елдің ынтымақ-бірлігінен асатын құндылық жоқ. Бірлік бар жерде береке де, мереке де, даму да, өркендеу де болады. Сондықтан аудан халқының бірлігі бекем болсын деп тілек айтқым келеді. Жаңа жыл жағымды жаңалықтарымен келсін! Әр отбасында тек қуаныш болсын!
Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Ердос БЕРКІНБАЕВ