Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Озат оқушылардың құтханасы

Озат оқушылардың құтханасы

Шаған ауылындағы еңселі білім ордасының өзге мектептерден ерекшелігі ­­­­­сол, мектеп-лицейдің ашылу салтанатына ҚР Білім және ғылым министрі қатыс­қан болатын. Осыдан бес жыл бұрын пайдалануға берілген нысан бүгінде озат оқушылардың құтханасына айналды деп айтуға толық негіз бар. «Ауыл» жобасы аясында Шағандағы №37 мектеп-лицейінде болып, алтын ұяның жұмысымен таныстық. Ұлағатты ұстаздар мен озат оқушылардың жетістіктерін көріп, Ғалия жаңабаева бастаған мектеп ұжымының бірлесе атқарған жұмысына көзіміз сүй­сініп, көңіліміз толды.

Мектеп-лицейдің ардагер ұстазы Нағыман Әйте­новтің айтуынша, 1925 жылға дейін ауыл төңірегінде арнайы білім ошағы болмапты. Сол жылы уездік оқу бөлімі мұғалімдер дайындайтын алты айлық курс ашып, сонда білім алған 70 маман ауылдарға жі­бе­ріледі. Міне, осы тұста Шағандағы баста­уыш мектептің негізі қаланады. Алғашқы оқу жылынан кейін халық күшімен «Жәдігер» каналының бойынан екі бөлмелі қоржын үй салынып, баста­уыш сынып балаларын оқыту жұмыстары басталады. 1936 жылы бастауыш мектеп атауы орталау мектеп болып өзгертілсе, кейіннен орта мектеп ретінде оқушылардың алтын ұясына айналады. Дарияның арғы бетіндегі бір ғана орта мектеп болғандықтан қазіргі Ақарық, Аққұм совхоздарының балалары да осы мектепке қатынап оқыған екен. Қасында көп орынды интернат та жұмыс істеген. Шағандағы мектептің, білім беру жұмыстарының қысқаша тарихы осылай өрбиді. Айтпақшы, сұрапыл соғыс жылдары мұғалімдер майданға, жоғары сынып оқушылары тылдағы жұмысқа тартылғаны белгілі. Осы тұста Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың майданға осы мектепте мұғалім болып жүрген жерінен аттанғанын айтып өтуіміз керек.

– Тарихи деректерге көз жүгіртсек, мектептің ал­ғаш­қы түлектері Сырымбай Кәрібаев, Бешентай Байжанов, Әбутәліп Күнтаев, Қожжан Нұрпейісов, Сқақ Әбдиев есімді азаматтар болған. Емтихан алатын жоғары білімді мұғалімдердің жоқтығынан олар аттестат алатын емтиханды Қызылорда қаласына барып тапсырған екен. Ал білім ордасы 1949 жылдан бастап ВЛКСМ-ның 30 жылдығы атындағы №37 орта мектеп болып аталады. Бұрынғы орны ауылдың «Ескі Шаған» деп аталатын маңында, яғни Тоқал өзектің оң жағасында болыпты. 1937 жылы құлаған ірге тасының үстіне 1949 жылы қайтадан оқу ордасы салынып, жаңартылған ғимарат 1969-1970 оқу жылына дейін ел игілігіне қызмет етті. 1972 жылғы 25 қарашадан бастап үш қабатты мектеп ғимараты салынды. Аталған мектеп қабырғасынан 1950-1995 жылдар арасында 2220-ға жуық оқушы білім алып шықты. Олардың қатарында кеңес, халық ағарту саласының белсенді тұлғалары болды. Атап айтар болсақ, Есмахан Сақтағанов, Бақыт Сардирбеков, Өмірзақ Сәдуов, Асқар Құттымұратов, Камалладдин Наурызбаев, Жорабек Еңсебаев, Қазыбек Қыдырғалиев, Ермағанбет Мұхаев, Сейтбек Өтегенов, Беркімбай Жәкеев, Кәрім Сүлейменовтер – мектеп мақтаныштары. Сондай-ақ білім ордасының тарихында Жоламан Қараев, Өндіріс Әбдірайымов, Серіккүл Ортабекова, Қожабек Дәдікбай, Қалтай Балапанова, Гүлдана Айдарова, Марфуға Күнтаева, Сейтқасым Балапанов, Мырзағали Қыстаубаев, Зухра Тәшенова, Света Гришина, Гульфарида Әбдібекова, Нұрсұлтан мен Сабыржан Қоспановтар, Жанат Асқаровалар мектепті алтын, күміс медальмен аяқтағанын айтып өткеніміз жөн. Ал алтын ұяда директорлық қызмет атқарғандар қатарында Әбілқайыр Құлымбетов, Әліайдар Досжанов, Смағұл Тұрғанбаев, Рахым Алшынбаев, Әлкен Иманбаев, Жәми Оганин, Ермағанбет Жүсіпов, Аймахан Жүсіпов, Мәлік Науанов, Әбілда Ахметов, Молдаш Дастанов, Рамазан Сәтбаев, Әбушәкім Есмағанбетов, Нұрмағанбет Қуандықов, Мұрат Сейтасқаров, Бекайдар Әшірбеков, Данабек Бөлегенов, Қадірбек Оразбаев, Нұрлан Алдабергенов, Жұман Жансейтов, Тұ­раш Дәдікбай, Қуанышбек Бейсембаев, Бақтияр Әбуталиповтер бар. Мектеп тарихында өзіндік қол­таңбасын қалдырған ұлағатты ұстаздардың да орны бөлек. Мерейлі мұғалімдердің есімі мен еңбегін бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан жас ұрпақты жақсы іске баулуға біркісідей атсалысқан барлық ұлағатты ұстаздарға бүгінгі ұрпақ қарыздар. Оларды ауылдың тірегі, мектептің жүрегі деуге болады, – дейді ардагер-ұстаз.

«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы ая­сындағы елімізде жүргізілген жарқын істердің жемісін Шаған ауылы да көрді. 900 орындық білім беру ұйымы осыдан бес жыл бұрын пайдалануға берілді. Мектепте 44 оқу кабинеті, үш шеберхана, үш лингафон, екі мультимедия сыныбы жаңа заман талабына сай жабдықталған. Спорт залы, жазғы спорт алаңы, 300 орындық асхана, жаңа талапқа сәйкес келетін АКТ залы бар. Бүгінде 145 мұғалім, оның ішінде 15 педагог-зерттеуші, 46 педагог-сарапшы, 40 педагог-модератор ауыл балаларына сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Айта кету керек, аудан әкімінің №371 қаулысына сәйкес 2016 жылы 28 қарашада аталған білім ошағына мектеп-лицей мәртебесі берілді.

Мектеп-лицей ұлттық бірыңғай тестілеу мен бі­лім сапасы жағынан аудан мектептерінің алдыңғы қатарынан көрініп келеді. Мұндай нәтижеге жетуге оқушылардың бастауыш сыныптан бастап жан-жақты және толыққанды білім алуына жасалған қолайлы жағдай оң әсер етуде. Ұстаздар білімді шәкірттерімен әркез мақтанады. Қысқаша тоқталар болсақ, 2016-2017 оқу жылында Аружан Төлепова, Нұрай Сейдалы, 2017-2018 оқу жылында Ақдидар Кеңесова, Елдар Сейдәзім, 2018-2019 оқу жылында Дамир Нағыметжан, Сағындық Қалиев, Назерке Серікбаева, 2019-2020 Бекжан Бахытбекұлы, Әлия Өмірбаева, Жандос Бекенов «Алтын белгі» иегері атанды. Осы орайда М.Қыстаубаев, Л.Мамрайемова, С.Алибаева, Г.Сатбаева есімді мұғалімдердің озат оқушылары жыл сайын грант иегері атанып жүр екен. Ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілген уақыттан бері мектептен физика, математика пәнін таңдаған 200-ден аса мемлекеттік грант иегерлерінің шығуы – ұстаздардың еселі еңбегінің жемісі.

Шағандық оқушылар биылғы оқу жылында да жақсы жетістіктерді бағындыруда. Мәселен «Бастау» XІІІ республикалық математикалық турнирінің қорытындысы бойынша озат оқушы Аян Русланұлы жүлделі І орын иеленіпті. Біз есепке жүйрік оқушының жетекшісі Роза Сейтасқаровамен пікірлестік.

– Барлық білімнің негізі бастауыш сыныпта қаланады. Талапты, талантты оқушылар ауылымызда көп. Аянның жетістігі – мектептің абыройы. Болашақта мықты математик болады деп сенемін, – дейді ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Роза Айнашқызы.

Аңғарғанымыз Аян секілді алғыр, озат оқушылар мектеп-лицейде көп екен. Мысалы, «Myń bala» ұлттық олимпиадасының жеңімпазы Данияр Ақдәулетов Назарбаев зияткерлік мектебінің «Өркен» грантын жеңіп алып, сол мектепте оқып жатыр екен. Математика пәнінің мұғалімі Еркін Оразғалиев шыңға шыққан шәкіртті дайындағаны үшін республикалық «Дарын» орталығының арнайы «Алғыс хатымен» марапатталыпты. Аллауаддин Сейтасқаров, Ғалия Нұрмағанбетова, Марияш Аусинбаева, Мағрифа Есжанова, Асия Рахманбердиева, Салтанат Тұңғышбаеваға ҚР Білім және Ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы» беріліпті. Мұның бәрі қажырлы еңбекке көрсетілген лайықты құрмет.

Білім ордасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тәрбиелік, танымдық, рухани-мәдени іс-шаралар жоспары бекітілген. Сол жоспар бойынша кездесу, дөңгелек үстел, білім бәсекелері, тақырыптық кештер, сынып сағаттары ұйымдастырылып келеді. Жыл бойы өтетін іс-шараларда ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталуда. Мектеп-лицей директоры Ғ.Жаңабаева білім ошағының байыпты бастамаларына ауыл әкімдігі, аудандық білім бөлімі және «Шаған-Жер» серіктестігі мен мектеп түлектері тұрақты түрде қолдау көрсетіп келе жатқанын айтады. Білім ордасында оқитын оқушылар да ұстаздар сенімін, ата-ана үмітін ақтауды мақсат тұтқан. Ендеше, тәрбие мен білім беруде шығармашылық ізденістерге ден қойған ынтымағы жарасқан ұжымға тек табыс, шығармашылық жеңіс пен жемістер тілейміз. Білім ошағының озат оқушылары биікке самғай түссін!


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 
21 желтоқсан 2020 ж. 904 0