Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы артады
Аудан әкімдігінде қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, оның күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Отырысқа аудан әкімі Талғат Дүйсебаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Рафхат Бисенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Омаров, департамент қызметкерлері, ауыл әкімдері, мекеме басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ел Президенті Қ.Тоқаев өзінің Жолдауында қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру керектігін айтқан болатын. Осы ретте, қоғамдық кеңес отырыстарында мемлекеттік органдардың есеп беруі халықпен кері байланыс орнатудың нақты көрінісі деуге болады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті тарапынан мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалардың орындалуының мән-жайы туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Ғалымжан Ілкібаев баяндама жасады. Ол өз хабарламасында облыс, аудандарындағы мемлекеттік көрсетілген қызметтерге тоқталып, мониторинг жұмыстарының қорытындысымен таныстырды. Басқа аймақтарда мемлекеттік қызмет көрсету барысында орын алған заңсыздықтар біздің ауданда қайталанбас үшін әр сала қызметкерлері өз жұмысына мұқият болу керектігі айтылды. Алдағы уақытта тиісті аппараттық мәжілістерде мемлекеттік көрсетілетін қызмет барысын талқылауды ұсынды.
Одан кейін аудан әкімдігінің мемлекеттік қызметтерді көрсету бағытында 2020 жылдың 10 айында атқарған жұмыстары туралы аудан әкімі аппаратының басшысы Талант Ерманов баяндама жасады.
– Қазіргі таңда аудан бойынша 56 өзі-өзіне қызмет көрсету бұрыштары жұмыс жасауда. Мемлекеттік қызмет көрсету барысындағы заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудан бойынша тұрақты түрде құқықтық жиындар өткізіліп келеді. Осы ретте, қызмет көрсету бөлімдерінде ішкі бақылау жұмыстары жүргізіліп оның қорытындысы бойынша аудандағы мемлекеттік қызмет көрсетушілердің сапасын арттыру бағытында төрт әдістемелік семинар ұйымдастырылды. Жалпы мемлекеттік қызметтерді көрсету процесін оңтайландыру мақсатында кентте сервистік әкімдік ашылып, қазіргі таңда сервистік әкімдікте жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсететін төрт бөлім жұмыс жасауда. Алдағы уақытта да аталған сала бойынша қызмет көрсету сапасын арттыратын боламыз, – деді аппарат басшысы.
Қоғамдық кеңес жұмысы аудан бойынша өзінің өте тиімділігін көрсетіп келеді. Бұл кеңес мүшелерінің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі. Кеңес соңында, аудан басшысы жиында көтерілген мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырма берді. Сонымен бірге мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жұмысының табысты болуына тілектестік білдірді.
Айдана ҚАЛИЕВА