Аудан әкімінің мерекелік құттықтауы
Сіздерді 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын бекітіп, болашақтың айқын бағдарын көрсетіп, елімізді әлемдегі қуатты мемлекетке айналдыруда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан біз егемен елдің қалыптасуы мен өркендеуін Елбасының есімімен тығыз байланыстырамыз.
Ұлт Көшбасшысының сындарлы саясатының арқасында Қазақстан толымды табыстарға кенелді. Еуразия кеңістігінде алпауыт мемлекетке айналдық. Ата Заңымыз қабылданып, Көк байрағымыз желбіреп, ұлтымыз өркениет жолына түсті. Ел экономикасы қалыптасып, стратегиялық реформалар жүзеге асты.
Тәуелсіздікке қол жеткізгенде жарқын бастамаларды іске асырды. Атап айтқанда, елде тұрақтылық пен татулықты темірқазық етіп, Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Соның аясында еліміздегі барлық этнос өкілдері бір шаңырақ астына топтасты. Нәтижесінде, бірлігі бекем, татулығы тұрақты мемлекетіміз бейбітшілік алаңына айналды.
Сындарлы сәтте тарихи таңдау жасай білген Ұлт Көшбасшысы Есілдің бойына ел қондырып, тәуелсіздігіміздің тірегі – еңселі елорданы орнатты. Арқа төсіне әсем астана салып, бас қала Еуразия жүрегі саналады. Тұңғыш Президенттің төл тумасы Елорда сәулетті астаналар қатарында.
Тұңғыш Президент жүргізіп келген сындарлы саясатты бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалғастыруда. Қазақстан Президенті Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы мемлекетіміз өркендеп, дамып келеді.
Қадірлі сырдариялықтар!
Тарихта бірде-бір мемлекет жаңадан пайда болып, аз уақыттың ішінде Қазақстан секілді әлем таныған елге айналған емес. Бұл көреген көшбасшы, қажырлы қайраткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен ерлігі екені мәлім. Сондықтан «Мәңгілік елге» бағыт алған қазақ елінің стратегиялық бағытын айқындап берген Елбасыға құрмет мол.
Жұртымызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!
Елдігіміз еңселі, Елбасымыз аман болсын!
Құрметпен,
Талғат ДҮЙСЕБАЕВ,
Сырдария ауданының әкімі