Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Егісті әртараптандыру өнімділікті арттырады

Егісті әртараптандыру өнімділікті арттырады

Аудан әкімі Талғат Дүйсебаевтың төрағалығымен 2021 жылы орналастырылатын ауыл шаруашылығы дақылдарының болжамды егіс көлемі жөнінде мәжіліс өтті. Жиынға аудандағы шаруашылық төрағалары мен ауыл шруашылығы мамандары қатысты.

Мәжілісте аудан әкімі биылғы су тапшылығы шаруашылықтарға оңай тимегенін атады. Бұл жағдай келер жылы да қайталануы мүмкіндігін атап, суды аз қажет ететін дақылдар егуді қолға алуды айтты.

– Биылғы жылы өңірімізде су тапшылығы орын алғаны баршамызға аян. Күріш өсірушілерге күріш дақылының көлемін азайтып, әртараптандыру бағытында майлы, мал азықтық дақылдарын егуіміз қажет. Сол себепті келесі жылы егілетін егіс көлемі мен дақылдар түрін нақтылап, су тапшылығына тап болмайтындай жағдайға келуіміз керек. Ол үшін ауданның инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерде дақылдарды кезектестіру (ротациялау) схемасын қатаң сақтауға тиіспіз. Өкінішке орай, бұл аудан шаруашылық құрылымдары тарапынан сақталмауда, – деді аудан басшысы.

Шаруашылық төрағаларымен кездесуде аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров 2021 жылы егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының болжамды егіс көлемі туралы баяндама жасады. Аудан әкімінің орынбасары биыл аудан бойынша егілетін күріштің көлемі күрт өсіп кеткенін жеткізді.

Негізінен, аудан көлеміндегі ауыл шаруашылығы құрылымдары бойынша 2020 – 2024 жылдар аралығындағы инженерлік жүйеде әзірленген суармалы жерде дақылдарды кезектестірудің (ротациялау) схемасы бойынша 19576 гектар күріш дақылын егулу керек. Алайда қазір күріш егу көлемі 5947 гектарға артық болып отыр. Сонымен қатар, жылдан-жылға 8 танаптық егіске байланысты күріштің үлесі көбеюде. Қазіргі таңда жалпы егіс көлемінің 65 пайызы күрішті, 30 пайызы мал азықтық шөпті, 5 пайызы басқада дақылдарды құрайды.

– Ауыспалы егістің талабына сәйкес негізгі дақыл күріштің үлесі 37,5 - 50 пайыз аралығында, көп жылдық шөптер 25,0 – 37,5 пайыз аралығында егілу қажет. Ал әртараптандыру дақылдарының үлесі 25 пайыздан аспауы керек. Қазіргі уақытта мелиративтік танаптарда күріш дақылы егіліп жүр. Аудан бойынша 2021 жылы 32962 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленіп отыр. Оның ішінде, негізгі дақыл күріш 21500 гектар, жаздық бидай 672 гектар, дәндік жүгері 70 гектар, соя 28 гектар, бақша дақылдары 835 гектар, жаңа жоңышқа 2106 гектар және ескі жоңышқа 7751 гектарды құрайды, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, жиында аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Омаров «Ауыспалы егістіктің сақталу тәртібіне» тоқталды. Бөлім басшысы орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің пайдаланымындағы ауыспалы егіс алқаптарына жүргізілген аралау жұмыстарының барысында жалпы көлемі 1491 гектар инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерде дақылдарды кезектестіру схемасының бұзылғандығын атады. Нәтижесінде, кезектестіру схемасын бұзған орта кәсіпкерлік субъектілеріне Қазақстан Респубикасының жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы 3 ай мерзімге нұсқама берілсе, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне дақылдарды кезектестірудің белгіленген схемасын ұстану туралы ескертпе хаттар жолданған. Осыған орай, бөлім басшысы шаруашылық құрылымдарынан заңдылықты сақтауды ескертті.

Ал «Келер жылғы су шаруашылығының жағдайы» туралы «Сырдариясушар» өндірістік учаскесінің басшысы Б.Ысқақов хабарлады. Биылғы су жетіспеушілікке тоқталған учаске басшысы келер жылы жағдай биылғыдан да қиын болуы мүмкін дегенді алға тартты.

– 2021 жылы 21500 гектер жерге күріш егісі орналастырылады деп жоспарлануда. Алайда, Сырдария өзеніндегі су көлемі былтырғы жылғы көлемнен аспайды деп күтілуде, Осыған байланысты шаруашылық құрылымдары өздері жоспарлаған егіс көлемдерін, оның ішінде, күріш егіс көлемін қайта қарап, келер жылы суды аз қажет ететін мақсары, бидай, жүгері, картоп дақылдарына көшуді жоспарлағаны дұрыс, – деді Б.Ысқақов.

Мәжілісте аудан әкімі Т.Дүйсебаев шаруашылық төрағаларына егісті әртараптандыру қажеттігін айтты. Суды аз қажет ететін дақылдарды егіп, дақылдарды кезектестірудің белгіленген схемасын ұстануды ескертті. Ал оған жол берілсе, заңдылыққа сәйкес жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Кездесу барысында шаруашылық төрағалары тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды.

Е.БЕРКІНБАЕВ



28 қараша 2020 ж. 413 0