Тергеу амалдары жүргізілуде
Өткен айдың 22-нен 23-не қараған түні Айдарлы ауылында 19 бас ешкі малы ұрланған. Ауыл маңындағы шаруа қожалығына (фазенда) белгісіз біреулер келіп, түнемелік уақ малды көлікке тиеп кетіпті. Сөйтіп мал иесіне 380 мың теңге шығын келген.
Бұл қылмыс бойынша сақшыларға жедел хабар беріліп, аудандық полиция бөліміне қылмыстық іс тіркеліп, іздестіру шаралары жүргізіледі. Осы уақытта аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен «Мал ұрысы» іс-шарасы жүргізіліп, соның негізінде арнайы топ құрылған. Топ құрамындағы криминалды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Ә.Қанзадаев, учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Қ.Көшекбаев жедел уәкіл, полиция майоры Р.Аймағанбетовтың көмегімен қылмыстық істің ізін суытпай, тәулік ішінде күдіктілерді анықтайды.
Белгілі болғандай, құрықталған қылмыскерлер бөтен мүлкін жасырын жымқыру мақсатында елді мекендегі қожалыққа Шиелі ауданы Ботабай ауылы арқылы барған. Арам ниетті әккілер діттеген жерге 500 метр қалғанда көліктерін қалдырып, автожолды тексеріп, шаруа қожалығында иелерінің жоқ екендігіне көздерін жеткізген. Кейіннен автокөлікпен мал қораға дейін барып, қоршаулы тұрған қораға заңсыз кіреді. Қорадағы ешкі малдарын ұстап, 10 басты «Audi-100» маркалы көлікке, 9 басты «BMW» маркалы көлікке тиеп, қылмыстық пиғылдарын жүзеге асырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Міне осындай ұрлықтың ізін суытпай, тәртіп сақшыларының жедел іс-әрекетінің нәтижесінде ұрылар аудандық полиция бөліміне жеткізілген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Е.БЕРКІНБАЕВ
Пікір 2