Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елі ырысты, жері күрішті мекен

Елі ырысты, жері күрішті мекен

ҚР Президенті Жолдауынан туындайтын міндеттер мен алдағы жос­парлар, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткіз­геннен кейін аудан әкімі Талғат Дүйсебаев «Baq.kz» ақпараттық пор­та­лының тілшісіне сұхбат берді. «Сырдария ауданында кәсіпкерлік сала­сында дамудың оң динамикасы сақ­­­талды» тақырыбындағы сұхбатта ау­­­дан басшысы ауданның әлеуметтік-эко­номикалық дамуына тоқталып, са­­лалардағы атқарылған жұмыстарды атап көрсетті.

Сұхбатта аудан әкімі ауданның ерекшелігіне қатысты бірнеше сұраққа жауап берген. Онда Сырдария – алыптарға алтын бесік екенін айтып, қасиетті өлкеден шыққан қайраткер тұлғалар мен дарын иелерін атап өткен. Бұл жерді таланттардың өлкесі ретінде бағалап, ата кәсіп егін егуде сыр­дариялықтардың жетістігі мол екенін айтқан.

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Сыр – Алаштың анасы» деп өңірімізге жоғары баға бергені белгілі. Сол себепті де бұл аймақ ауызбірлігі бекем, татулығы тұрақты облыс саналады. Оның ішінде, Сырдария ауданы – елі ырысты, жері күрішті мекен. Бұл ауданның аймақтағы алдыңғы қатарлы өлке екенін бұған дейін де білемін. Өйткені, тұрақтылықты ту еткен аудан халқы бекем бірліктің арқасында дамудың даңғыл жолын қалыптастырған. Ұлы өзенмен аттас аудан дарияны жағалай орналасып, негізгі кәсіп көзі егін және мал шаруашылығы болып табылады. Аграрлы аудан ретінде ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, оның ішінде Сырдың басты дақылы – күріштен жыл сайын қамбаға мол өнім құйып келеді. Соның нәтижесінде, облыстың жоғары жетістікке жетуіне сырдариялықтар айтарлықтай үлес қосуда, – деген аудан әкімі Талғат Тұрсынұлы.

Мұнан кейін ауданның аграрлы саласындағы жетістіктерге тоқталған. Яғни, уақытпен санаспай еңбек еткен диқандар жұмысының нәтижесінде биыл қамбаға орта есеппен гектарынан 63,5 центнерден өнім алынып, барлығы 134,2 мың тонна Сыр маржаны жиналған. Биыл сырбойылық диқандар рекордтық көрсеткішке қол жеткізсе, онда сырдариялықтардың үлесі зор. Сонымен бірге, аудан басшысы сұхбат барысында аграрлы сала бойынша алда атқарылатын жұмыстарды атап өткен. Атап айтқанда, келер жылдан бастап суды аз қажет ететін майлы дақылдар, көкөніс-бақша және мал азығындық дақылдарға басымдық берілмек. Сол бағытта ауданға қарасты Іңкәрдария ауылында 5-10 гектар жерге заманауи технологияларды пайдаланып, бақша дақылдары тұқымын өндіру, өсіру жоспарда бар. Осы мақсатта аудандық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, 18,5 гектар жер учаскелері – аграрлық индустриялдық аймақ болып белгіленген.

Сондай-ақ, мал шаруашылығы, кәсіпкерлік, ха­лықты сапалы ауыз сумен қамту, тереңөзек кентін газдандыру мәселесі тұрғысындағы сұрақтарға жа­уап берген аудан басшысы болуы ықтимал жұқпалы індеттің екінші толқынына дайындық барысын да са­ралаған.

– Шындығында, бұл індет баршамызға қауіп төн­діргені анық. Сондықтан оның алдын алу бағытында тиісті жұмыстарды атқарудамыз. Атап айтқанда, биылғы жылдың 7 қазанынан бас­тап аудандық ауруханадан 25 төсек орындық оқшауланған фильтр бөлімшесі ашылып, 2 палата жан сақтау шараларын жүргізу үшін жабдықталды. Коронавирусты ин­фекциясының таралуын болдырмау мақсатында ар­найы құрылған мониторингтік топтармен 378 нысандарға түсіндірме жұмыстары, 205-не ауызша ескерту және 34-не әкімшілік айыппұл салынды. Болжамды коронавирус инфекциясының екінші толқынына байланысты аудандық ауруханадан (туб.диспансер) 70 орын провизорлық стационар, 30 орын КВИ инфекциялық стационар ашылуы жоспарлануда. Сонымен қатар, аудандық «Жалын» тынығу лагерінде 100 төсек орын карантиндік стационар жұмыс жасауға дайын. Аудан тұрғындары арасында дене қызуы көтерілген және КВИ инфекциясына күдікті науқастарға арнайы баратын 12 мобильді топ және 4 жедел-жәрдем бригадасы құрылды, – делінген сұхбатта.

Аудандық ауруханадағы қажетті дәрі-дәрмектердің және жеке қорғаныш құралдарының қоры жыл аяғына дейін жеткілікті. Жалпы, аудан бойынша 13 дәріхана бар. Дәріханаларға қажетті дәрілер уақытылы жет­кізілуі мен баға тұрақтылығы аудан әкімдігінің тарапынан қатаң бақылауға алынған.

Сонымен бірге, карантин кезеңінде жанашыр жандар індетті жеңуге ерекше атсалысқан. Мәселен, ауданның жомарт жандары, демеушілер тарапынан 20 млн теңгенің үстінде (дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдықтар, азық-түлік және т.б. заттармен) қолдау көрсетілген. Оған қоса, аудан кәсіпкерлері пандемия кезінде сұраныс қажеттілігіне орай бейімделіп, бетперделер тігуді қолға алған.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
03 қараша 2020 ж. 457 0