Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Талғат ДҮЙСЕБАЕВ, Сырдария ауданының әкімі: Сындарлы кезеңдерді артта қалдыратынымыз анық

Талғат ДҮЙСЕБАЕВ, Сырдария ауданының әкімі: Сындарлы кезеңдерді артта қалдыратынымыз анық

Аудан әкімі Талғат Дүйсебаев коронавирус індетін алдын алуға байланысты фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазба жариялады. 

– Әлемді дендеп, адамды әуреге салған «Covid-19» індетінен әлі де құтылар емеспіз. Жыл басында басталған жұқпалы вирустың алғашқы толқыны адамзатқа үлкен қауіп төндірді. Соның салдарынан жақындарымыздан айрылып, қауіпті індет қайғыға душар етті.

Осындай сындарлы шақта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды. Бір-бірімізге жанашырлық танытудың нәтижесінде елімізде эпидемиологиялық ахуал қалыпқа келді. Алайда бұл індет түбегейлі жойылды деген сөз емес. Өйткені қазіргі таңда әлем елдерінде коронавирус инфекциясының екінші толқыны басталуда және індет жұқтырған науқастар саны дүниежүзінде 30 миллионнан асты. Сондықтан бізге босаңсуға әсте болмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында «Ахуалдың жақсаруы босаңсуға себеп болмауға тиіс. Күрес әлі жалғасуда» деп атап көрсетті. Сол себепті де біз індетке қарсы күрес жұмыстарын күшейте береміз.

Қазіргі таңда өңірде эпидемиологиялық ахуал қалыпқа түскен соң, карантиндік талаптар жеңілдетілуде. Десе де, індет міндет жүктейтінін ескерсек, бізге сақтық шараларына аса мән берген жөн. Маскалық режимді сақтап, әркез дезинфекциялық құралдарды қолдануымыз қажет. Одан бөлек, қоғамдық шаралар, той-томалақтар мен жиындарды тоқтата тұрғанымыз абзал. Себебі көпшілік жиылған жерлерде індеттің өршу көрсеткіші жоғары.

Осы ретте, карантиндік талаптардың сақталуын қамтамасыз ету үшін ауданда арнайы мониторингтік топтар жұмыс жасауда. Мониторингтік топтар мемлекеттік мекемелер, сауда және көпшілік орындарда сақтық шараларын сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы уақытқа дейін топ құрамы аудан бойынша барлығы 254 нысанға барып түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, 144-не ауызша ескерту, 28-не әкімшілік шара (айыппұл) көрілді. Бұл карантиндік талаптарды сақтап, қауіпті вирустың таралуын болдырмау мақсатындағы атқарылып жатқан жұмыстар.

Қадірлі жерлестер!

Қазақ даналығында «Сақтансаң, сақтайды» деген даналық сөз бар. Осыны ескерсек, біз жұқпалы індетке қарсы сақтық шараларын күшейтуге тиіспіз. Қай кезде де ынтымақ пен ауызбірліктің арқасында небір қиындықтарды еңсерген халықпыз. Сондықтан бұл сындарлы кезеңдерді де артта қалдыратынымыз анық. Тек осы шақта сақтық шараларына жауапкершілікпен қарап, жақынымызға,  жанашыбір-бірімізгерлық таныта білейік. Сонда ғана қалыпты өмірге қайта оралатынымыз анық. Осыған бір кісідей жұмылайық!

Біз біргеміз!, – делінген жазбада. 

23 қыркүйек 2020 ж. 488 0