Тәуелсіздіктің 30 жылдығы нәтижелі реформалармен есте қалуы тиіс – президент
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Келесі жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Қазір осы мерейтойды сан алуан салтанатты жиындармен атап өтетін уақыт емес. Бұл дата саяси және экономикалық реформалар, цифрландыру, адам құқықтарын қорғау, білім мен денсаулық саласын дамыту, экологияны қорғау сияқты шаралармен есте қалуы керек. Сондықтан біз қысқа уақыттың ішінде нақты нәтижеге жетуіміз керек", – деді Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында.
Мемлекет басшысы осы уақытқа дейін Қазақстанның беделді мемлекет болып қалыптасқанын айтты. Тұңғыш президентпен бірге біраз жетістікке жеттік. Оны бүкіл әлем мойындап отыр.
"Дегенмен, алдымызда ауқымды міндеттер мен биік мақсаттар тұр. Оның барлығына жоспарлы түрде қол жеткізе береміз. Тәуелсіздігіміздің ұрпағы – Отанымыздың ертеңі. Еліміздің одан ары дамуының қозғаушы күші солар. Біз барлық табысқа азаттықтың арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – ең асыл, ең қымбат, ең киелі құндылығымыз", – деп атап өтті Тоқаев.
Осы орайда мемлекет басшысы қазіргідей алмағайып кезеңде мемлекеттер мен ұлттардың әлсіреп, егемендігінен де оңай айырылып қалуы мүмкін екенін де еске салды. Оған кешегі тарих пен бүгінгі әлемде нақты мысалдар жеткілікті.
"Отанымыздың өсіп-өркендеуі үшін қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғау және нығайту – әрбір Қазақстан азаматының және барлық саяси күштердің абыройлы міндеті", – деді президент.