Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сапалы білім – болашаққа қаланған инвестиция

Сапалы білім – болашаққа қаланған инвестиция

Ел Президенті Қ.Тоқаев өзінің халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында еліміздің дамуы үшін жасалған стратегиялық бағдарламасын ұсынды.

Жолдауға негіз болған басым бағыттың қатарында ең алдымен мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, бүгінгі қоғам талабына сәйкес экономикалық даму, өнеркәсіпті өркендету, ауылшаруашылғын, көлік-логистика кешенін, шағын және орта бизнесті дамыту, қаржы секторы, өңірлік даму және қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері болды. Соның ішінде ел Президенті ерекше атап өткені – білімнің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етудің маңыздылығы.

Ауданның білім беру мекемелері еліміздегі жағдайға байланысты оқушыларды онлайн режимінде оқытуға өткен жылдың соңында көшкені белгілі. Білім саласы үшін өз қиындығымен келген қашықтан оқыту әдісі жұмыстың тәсілі мен мазмұнын өзгертті. Мұны мектеп мұғалімдерімен қатар оқушылардың ата-аналары қатты сезінді. Президенттің талабы бойынша жіберілген кемшіліктердің орны толып, жаңа оқу жылы қарсаңында қателіктер түзелуі тиіс болатын. Себебі жаңа онлайн-платформаның жоқтығы аталған кедергілерге әкеп соқтырды. Мектеп жасындағы баласы бар қайсыбір ата-ананы алсаңыз да олардың күндізтүні қалта телефонына телміріп отыруы жайсыздық туғызатынын айтып, әлеуметтік желі арқылы жанайқайын жеткізді. Яғни бір ғана «WhatsApp»-тың функциясын ғана пайдаланған оқушылар мен мұғалімдер білімнің сапалы болуына екіұдай пікір білдіргені де рас.

Иә, шын мәнінде сапалы білім алуға дәстүрлі оқу әдісі тиімді. Мұғаліммен оқушы тікелей байланыста болған жағдайда сапалы білім алуға мүмкіндік бар. Дегенмен, осы тәсілді қайта енгізуге мектептер бірте-бірте көшуде. Барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, бастауыш сынып оқушылары кезекші топта оқу арқылы білім алуды жаңа оқу жылында бастап кетті. Ал аз комплектілі мектепте оқушылар түгелімен дәстүрлі сабақ алуға көшті. Дегенмен әлі де толыққанды оқыту үрдісінің қалыптасу мерзімі бекітілмегендіктен, өзге білім ошақтарында онлайн оқу режимі жалғасуда. Бұл негізгі сынып оқушылары мен жоғарғы сынып оқушылары үшін әлі де қашықтан оқыту қашанға дейін жалғасатыны белгісіз деген сөз.

Оқу бағдарламасына негізгі пәндерді енгізген, қалған пәнді қосымша негізде қашықтан оқытуды бастап кеткен мектеп мұғалімдерінің еңбегін лайықты бағалау да айтылды. Жолдауда Президент келер жылдың басында мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға дейін көбейту жөнінде тапсырма берді. Алдағы үш жылға белгіленген 1,2 триллион қаржы тек қана мұғалімдердің еңбекақысын көтеру мақсатында бөлінеді.

Балалардың мектепке дейінгі даму мәселесінің де шешімін табу міндеті жүктелді. Бұл жөнінде біздің ауданда ешқандай мәселе жоқ екені үнемі айтылуда. Барлық бүлдіршіндер үшін балабақшаға бару оң шешімін тапқан. Орын жеткіліксіздігі мен кезек мәселесі мүлдем жоқ десе де болады. Ата-ананың қалауымен баласын мемлекеттік немесе жекеменшік бала бақшағы беру таңдауы да бар.

Өскелең ұрпақтың қабілетін шыңдау мақсатында ауданда өнер мектебі, спорттық үйірмелер жұмыс істейді. Бұл да болса баланың жан-жақты дамуына байланысты қолға алынған шаралар. Жолдауда айтылған балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі жағдайда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау маңызды. Яғни үйірмелердің жұмысын жандандыру, балалардың талантын ашып, қолөнерге және т.б. деген қызығушылығын арттыру, бойындағы дарынды көре білу – ең алдымен мұғалімдерге жүктелген міндет.

Жыл сайын білім саласы толағай жетістіктерге жетіп келеді. Білім сынағы ҰБТ тапсыруда алдыңғы орыннан көрініп, шәкірттердің мемлекеттік грант иегерлері атану көрсеткішінде де ілгерілеушілік бар. Әрине білімде қол жеткізген әрбір жетістік – болашаққа салынған инвестиция. Мемлекетіміздің кемел келешегі – білімді ұрпақтың қолында. Мұны Президент жаңа Жолдауы арқылы тағы бір нақтылады. Сондықтан болашағымыздың қандай болатыны ұрпаққа сапалы білім берумен өлшенетіні анық.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
19 қыркүйек 2020 ж. 335 0