Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Қызылорда облысында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Бүгін аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен облыстағы іске қосылатын нысандар туралы мәжіліс өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Марсбек Молдабаев және облыстық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арнұр Нұрмағанбетов атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Ағымдағы жылдың 8 айында мемлекеттік бюджет және жеке инвестициялар есебінен салынатын 322 нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған. Оның 165 бюджет қаражаты есебінен, 157 жеке қаражат есебінен салынуда.

Нысандарда құрылыс жұмыстарының сапасына бақылау күшейтіліп, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жалпы 53 жоспардан тыс тексерулер ұйымдастырылып, анықталған ақаулар мен кемшіліктерді жою жөнінде 11 нұсқама берілді. Анықталған бұзушылықтар бойынша 33 нысанға қатысты әкімшілік шара көрілді.

Сонымен бірге, жыл басынан бері заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты 33 әкімшілік іс қозғалып, 9 млн. 280 мың тенге айыппұл салынды.

Айта кетейік, шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий енгізілуіне байланысты өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда ағымдағы жылы жалпы жүргізілген тексерулер саны 41-ге %, қозғалған әкімшілік істер 59 % азайған.

Мемлекет тапсырысы бойынша салынып жатқан құрылыс нысандары туралы барлық ақпаратқа халықтың қолжетімділігін, ашықтығын қамтамасыз ету, құрылыстың сапасына қатысты тұрғындармен кері байланыс орнату жолымен орын алған бұзушылықтарды дер кезінде жоюға жағдай жасау мақсатында Halyq Monitoring» сайты жұмыс жасауда.

Бұған қоса, техникалық қадағалау сарапшыларының айлық есептерін электронды форматқа көшіру мақсатында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының «Smart city» тұжырымдамасы аясында "TexStroi-Smart" жобасы әзірленді.

Бұл жобаны іске қосу нәтижесінде "TexStroi-Smart" электронды платформасына 100-ден астам техникалық қадағалау сарапшылары тіркеліп, оларға ай сайынғы есептерін электронды платформа арқылы тапсыруларына жағдай жасалды.

Жалпы барлық нысандар құрылысына мемлекеттік бюджет есебінен 9,7 млрд.теңге қаржы бөлінді, 10 қыркүйектегі жағдай бойынша жоспарланған 4,1 млрд.теңге қаржы толықтай игеріліп, жоспар 100%-ға орындалды.

Бүгінгі күні 30 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 22 әлеуметтік нысан жыл соңына дейін, 8 нысан келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Биылғы жылдың 7 айының қорытындысымен 2 нысан пайдалануға беріліп, құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерін дамытуға мемлекеттік бюджет есебінен барлығы 15,6 млрд.теңге қаржы бөлінді, оның ішінде республикалық бюджеттен – 9,6 млрд.теңге, облыстық бюджеттен – 6,0 млрд.теңге бағытталып отыр.

Ағымдағы жылы облыста сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге қаржы бөлініп, 815 пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, Қызылорда қаласында 725 пәтерлі 15 тұрғын үй, Шиелі ауданында 90 пәтерлі 5 үй.

Жыл аяғына дейін 698 пәтерлі 15 тұрғын үй пайдалануға берілетін болады.

Кредиттік тұрғын үйлер бойынша барлығы 215 пәтерді құрайтын 57 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, Қызылорда қаласында 100 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй 2021 жылға өтпелі және төрт ауданда 115 пәтерлі 55 бірқабатты тұрғын үйлер биылғы жылы пайдалануға берілетін болады.

Жеке коммерциялық құрылыс салушылар есебінен 376 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, жыл аяғына дейін 156 пәтерлі 4 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.

Жиын соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуді, бақылау жұмыстарын күшейтуді және мерзімінде аяқтауды тапсырды.
10 қыркүйек 2020 ж. 457 0