Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада биыл 21 600 бала бірінші сыныпқа барады

Қызылордада биыл 21 600 бала бірінші сыныпқа барады

Kyzylorda-news.kz. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2200 оқушыға артық.
Облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова облыс әкімдігінің аппараттық мәжілісінде 2019-2020 оқу жылына дайындық туралы баяндады.
«Алдағы 2019-2020 оқу жылдарында 1-сыныпқа 21 600 оқушы барады деп жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2200 оқушыға артық. Жалпы, жаңа оқу жылында 293 мектепте 164 500 оқушы білім алады деп күтілуде. Үстіміздегі жылдың 1 маусымынан бастап 1-сыныпқа қабылдау процесі автоматтандырылған жүйеге қосылды. Қазіргі таңда 1-сыныпқа қабылданатын балалардың мөлтек аудандар бойынша мектептерге орналастыру картасы дайын», - деді Майра Мелдебекова.
Айта кетейік, Жаңақорған ауданында №169 және Жалағаш ауданында №34 мектептің құрылысы жүргізілуде, құрылыс жұмыстары 2020 жылы аяқталады. Қызылорда қаласында 600 орындық мектеп салынуда, оны қазан айында тапсыру жоспарлануда. Сонымен қатар, 1450 орындық 3 жекеменшік мектеп салынуда.
«Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша 3 мектепке республикалық бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. (Қармақшы ауданы, №27, 30; Жалағаш ауданы, №201). Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен 2 мектеп (Қазалы ауданы, №238, Шиелі ауданы, №155 мектеп) күрделі жөндеуден өтуде, ал 288 мектепке ағымдағы жөндеуден өткізілуде», - деді Майра Мелдебекова.
Сондай-ақ, бүгінгі күні облыста балабақшаларға да жөнделуде. 2019 жылы Арал, Қазалы аудандарынан 85 орындық 2 жеке балабақша, Қызылорда қаласынан 140 орынға арналған 1 мемлекеттік балабақша ашылды.
Қызылорда қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 320 орынға арналған 1 жеке балабақша қыркүйек айына дейін пайдалануға беріледі.



22 шілде 2019 ж. 584 0