Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті

Білім қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті

Бүгін аудан әкімі Руслан Рүстемовтің қатысуымен «Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшеліктері» атты білім беру қызметкерлерінің аудандық тамыз кеңесі өтті. Оған ардагер-ұстаздар, білім қызметкерлері, кент және ауылдық округі әкімдері, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, жергілікті полиция қызметкерлері, ата-аналар комитеттерінің төрағалары онлайн режимде қатысты.

Тамыз кеңесінде аудан басшысы ұстаздар қауымын алда келе жатқан білім күнімен құттықтап, білім мен ғылымды дамытудың басым бағыттарына тоқталды.

– Қазіргі жаһандық бәсекелестік пен өзгерістер заманында әрбір адам өзін-өзі дамытуда басымдық беретін құндылықтардың қатарында білім мен мәдениетті, Отаны мен тіпті әлемді жақсартуды әрдайым бірінші орынға қойса, соның ішінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жететінін түсінетін уақыт келді. Өздеріңізге белгілі, өткен оқу жылында білім саласының өркендеу бағыттарын айқындайтын 2016-2019 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың бағдарламасы қорытындыланып, үстіміздегі жылы жаңа 2020-2025 жылдарға арналған бағдарлама бекітілді. Бұл стратегиялық маңызды құжат саладағы әрбір деңгей бойынша алдағы даму көрсеткіштерін айқындайды. Осы ретте, Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес білім саласын басқарудың жаңа жүйесі енгізіліп, екі кезеңде іске асырылуда. Бірінші, әкімдіктердің білім беру саласындағы функцияларын облыстық денгейге беру. Екінші кезеңде 2021 жылдың қаңтар айынан бастап саланы қаржыландыру облыстық деңгейге өтеді. Бұл ретте барлық білім беру ұйымдары басқарманың тікелей басқару жүйесіне көшеді. Бұл өзгерістер мемлекеттік саясатты іске асыруда ашықтық ұстанымын енгізіп, білім сапасын одан әрі дамытуға жол ашады. Биыл мектептердің заманауи талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік алған ерекше жыл болды. Бірнеше жылдан бері жөндеуді қажет еткен білім беру нысандары жаңарып, жөндеу жұмыстары қарқын алды. 2019-2020 оқу жылының қорытындысымен 341 мектеп бітіруші түлектің ішінен 45 түлек «Алтын белгі», 19 түлек «Үздік аттестат» иегерлері атанды. Бітіруші түлектердің 209–ы мемлекеттік грант (94 пайыз) иегері атанып отыр. Әрине түлектеріміздің бұл жетістігінің барлығы ұстаздар қауымының өлшеусіз еңбегінің жемісі, – деді аудан әкімі.

Мұнан кейін тамыз мәслихатында аудандық білім бөлімінің басшысы Қалихан Омаров ауданның білім беру саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттері жөнінде хабарлама жасады.

Білім берудің бастапқы сатысы – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту болса, бүгінгі күні ауданда 28 мектепке дейінгі ұйымдарда 1947 бала тәрбиеленуде. Аудан бойынша 3-6 жас аралығындағы барлығы 1947 бала мектепке дейінгі мекемелермен қамтылып, көрсеткіш 100 пайызды құрады.

Ауданда 2019-2020 оқу жылында 17 жалпы білім беретін мектептерде 7992 оқушы білім мен тәрбие алды. Оның ішінде, 5 мектеп-лицей инновациялық мектептер қатарында. 2020-2021 оқу жылы 1 қыркүйектен бастап қашықтықтан оқыту форматында басталып, 1-11 сыныптарға арналған жаңа мемлекеттік білім беру стандарттары бойынша әр мектеп таңдаған үлгілік оқу жоспарларымен жұмыс жасауды жалғастырады.

Сонымен қатар, биылғы оқу жылының ерекшелігі даярлық тобынан өтпеген 1-сыныпқа келетін оқушыларға 15 тамыздан бастап «Мектепке даярлық сыныбы» онлайн курстары ұйымдастырылған. Жалпы орта білім беретін мектептердің 1-4 сынып оқушыларына әр сыныпқа 15 балаға дейін кезекшілік сыныптар ашуға рұқсат етілген. Аудан бойынша 244 кезекші сыныпта 3417 оқушы оқиды.

Ауданға қарасты Жетікөл ауылындағы №174, Іңкардария ауылындағы №191 орта мектептер елді мекенде интернет байланысының төмендігі және мектеп оқушыларының аздығына сәйкес 1 қыркүйек күні оқуды дәстүрлі түрде бастайды. Санитарлық талаптар қатаң сақталады. Осы орайда, барлық білім мекемелеріне қажетті дезинфекция құралдар мен санитайзерлер алынған.

Электронды құралдары мен интернет байланысы жоқ оқушыларға ақпараттық құрал алу бағдарламасына сәйкес 157 планшет және 767 сим карта алуға тиісті қаржы қаралған. Мектеп балансындағы компьютерлер, ноутбуктер де оқушыларға уақытша пайдалануға беріледі. Білім саласын көтерудің негізі лабораториялық және практикалық жұмыстарды орындау мақсатында аудандағы 12 мектеп жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықталады.

«Жұмыспен қамтудың жол қартасы» бағдарламасы аясында №126, 135, 147 орта мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары жасалуда. Аудандағы 13 мектепте, оның ішінде 11 мектептің әжетханасы ғимарат ішіне көшірілсе, ал 2 мектепте (№126, 210 мектептер) әжетхана салу жұмыстары аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі арқылы мемлекеттік сатып алу заңдылықтарына сәйкес жүргізілуде.

Жаңа оқу жылына оқушыларды жаңартылған білім мазмұны бойынша оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендерімен қамтамасыз ету үшін бюджеттен қаржы қаралған. Бүгінгі таңда ауданға қарасты барлық мектепке оқулықтар толық жеткізіліп, таратылған.

Кеңес барысында білім беру ұйымдарына жаңашылдық мазмұндағы жұмыс үлгілерін ендіру, мектепті басқару мен көшбасшылық іс-әрекетті ұйымдастыру, инновациялық мектептердің жұмысын үйлестіру бағытындағы жұмыстар туралы №44 орта мектебінің директоры Сламбек Каюпов және жас маман, №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Жанболат Нұрмағамбетов пікірлерін білдірді.

Дәстүрлі тамыз кеңесін қорытындылаған аудан әкімі заманның жаңа шақыруларына жауап бере алатын ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздар үлкен ізденісте болу қажеттілігін атады.

– Білім мен ғылымның мәртебесі әрқашанда биік. Бүгінгі жаһандану дәуірі – тайсалатын дәуір емес, ол заман шындығы. Сондықтан білім саласында ата-ана мен ұстаз жауапкершілігін арттыруға тиістіміз. Бұл орайда «Педагог мәртебесі» Заңы қабылданды. Оның нәтижесінде ұстаздар қауымы артық жүктемеден, қағазбастылықтан арылды. Дегенмен мұғалімдерге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Қазіргі жаңа заманның шақыртуларына жауап кере алатын ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздар үнемі ізденіс үстінде болуы қажет. Сонда ғана біз бәсекеге қабілетті ұрпақ өсіріп шығарамыз. Ағылшын ағартушысы Уильям Уорд «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» деген екен. Сол айтқандай, мұғалім кез келген тақырыпты өмірдің пәлсапалық ұғымдармен астастыра отыра түсіндіріп, оқушы жүрегіне жол таба білуі тиіс. Осы жолда ұстаздарға табыс, жетістік тілеймін, – деді аудан басшысы.

Іс-шарада балаларды оқытып, тәрбие беруде жетістікке жеткен бірқатар ұстаз ҚР Білім және ғылым министрінің «Құрмет грамотасымен» және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

28 тамыз 2020 ж. 209 0