Туды желбірету – әрбір спортшының арманы
Мемлекеттік Ту екі жағдайда көкке көтеріледі. Бірі – Мемлекет басшыларының іссапары кезінде және екіншісі – спортшы ел намысын қорғап, жүлделі тұғырға шыққанда. Мемлекеттік Гимнді қалықтатып, Туды желбірету – әрбір спортшының арманы. Мақсатқа қол жеткізу жолында аянбай тер төгіп жүрген, додалы жарыста бабы мен бағы келіскен сырдариялық спортшылар талай мәрте айды аспанға шығарды.
Ауданның спорт тарихы тым әріден басталады. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары ауданнан есімі республикаға, тіпті әлем елдеріне белгілі болған саңлақ спортшылар шықты. Айтулы тұлғалардың қатарында боксшы А.Матиков пен А.Өрғараев, еркін күрестен А.Асиров, волейболшы Р.Кенжеғұлов пен Д.Бөлегенов, тоғызқұмалақшы Б.Абдулпаттаев пен Т.Болғанбаев есімдері зор мақтанышпен айтылады. Сонымен қатар ауданның атын шығарған көгалдағы хоккей командасы ел намысын әлі күнге дейін абыроймен қорғап жүр.
Спорт – тән мен жанның саулығын қатар дамытатын, құштарларды жеңіске жетелейтін, қиялға қанат бітіріп, арманды алға жеткізетін киелі өнер. Осы өнердің өрісін кеңейту – аудандағы спорт нұсқаушылар мен бапкерлердің міндеті. Тұрғындардың 12 мыңға жуығы жүйелі түрде спортпен айналысуы – спорттың бұқаралық сипат алғаны. Бұл көрсеткіш халықтың 30 процентін құрайды.
Аудандық деңгейден бастап, облыстық, республикалық, халықаралық жарыс өткізуге ыңғайланған бірнеше спорт нысаны ауданда жұмыс істейді. Биылғы жылы ең ауқымды түрде өткен турнир – ол Бесарық ауылында өткен дзюдодан республикалық жарыс. Жарысқа 700-ге жуық спортшы қатысқанын атап өткен жөн. Ал 400-ге тарта палуанның белдесуіне мүмкіндік берген «Алтын белбеу» облыстық жарысының аудандық кезеңі зор жетістікпен өткеніне сырдариялықтар куә.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Мемлекет және қоғам қайраткері Е.Көшербаевты еске алуға арналған волейболдан халықаралық турнир бірнеше мәрте сырдариялық команданы чемпиондық атаққа жеткізді. Бұл спорттық жарыс бұқаралық спортты дамыту мен бәсекеге қабілетті біліктілігі жоғары спортшыларды әзірлеуге бағытталған шаралар. Жалпы осы уақытқа дейін аудан спортшыларының республика чемпионатында – 40 медаль, Азия чемпионатында – 8 медаль және әлем чемпионатында – 1 медаль иеленуі жемісті еңбектің көрсеткіші.
Ауданның спорт саласының мамандары бір ғана Ұлттық құрама сапында ойын көрсететін 33 спортшыны баптағаны үлкен мақтаныш. Бүгінде халықаралық дәрежеде ойын көрсететін 9 спорт шебері, 36 спорт шебері, 102 спорт шеберіне үміткер және І разрядты 16 спортшы бар. Аудан спортшыларының тағы бір жетістігі – жаттықтырушылардың министрлік тарапынан жоғары атақ иеленуі. 2019 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы С.Сәпиевтің бұйрығымен Қ.Қарашаев, Б.Елеусінов және М.Әбжаппаров «Біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санаттағы жаттықтырушысы» атағын алды. Бұл бапкерлер – тоғызқұмалақтан балаларды жоғары деңгейде жаттықтырып жүрген тәжірибелі мамандар.
Спорт – адамды шыңдайды. Қиындықты жеңе білуге тәрбиелейді. Спортты жанына серік ету – саламатты өмірді таңдау. Ендеше аудан спортының дамуына өз үлесін қосып жүрген сырдариялықтардың мерейі әрқашанда арта түссін.
Бибісара ЖАНӘЛІ