Мұрат Бақтиярұлы: Бағдарлама өз тиімділігін көрсетуде
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ауданда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның барысымен танысу мақсатында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы ауданға жұмыс сапарымен келіп, бірқатар нысанды аралады. Аталған бағдарлама бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен аудан әкімі Руслан Рүстемов таныстырды.
Халық қалаулысы алдымен Қалжан ахун ауылындағы №126 мектептің су құбыры және кәріз жүйесінің ішкі және сыртқы желілерін күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Құрылысты мердігер мекеме «Углесбыт» ЖШС жүргізіп жатыр. Бағдарлама шеңберінде 2 адам жұмыспен қамтылған. Сенат депутаты асар әдісімен салынған мектепке жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілу керектігін атады. Сондай-ақ жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы өз пікірін білдіріп, мектеп дәретханасы жөнінде сұрады. Аудан басшысы жергілікті бюджет есебінен аудандағы білім ошақтарының дәретхана мәселесі шешімін тапқанын атап айтты.
Мұнан кейін Тереңөзек кент клубына жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты. 90 орынға бейімделген кент клубының ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары талапқа сай жүргізілген. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 2 адам жұмысқа алынып, қазіргі таңда ағымдағы жөндеу аяқталуға жақын. Осы жұмыстарды атап көрсеткен клуб директоры Р.Бәйділдаев үйірмеге қатысушылар республикалық, облыстық байқаулардан жетістікке жетіп жатқанын жеткізді. Мұрат Бақтиярұлы мәдениет – руханияттың тірегі екеніне тоқталып, мәдени ошақтың жаңалануы өркениеттің өркендеуіне ықпал ететінін тілге тиек етті.
Сапар барысында сенатор кенттегі 42 пәтерлі №1 және №2 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс алаңына да барды. Бүгінгі таңда тұрғын үйдің іргетасы қалануда. Құрылысқа 466,2 млн теңге бөлінген. Сенат депутаты мұнда құрылыс мамандарымен тілдесіп, үйдің сапалы салынуына аса мән беру керектігін атады. Құрылыс жұмыстарын үнемі бақылауда ұстауды назарға салды.
– «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасымен облысқа 36 млрд теңге бөлінген. Сол жұмыстардың сапалы жүргізілуін, бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын бақылау мақсатында бірқатар нысанды аралап көрдік. Сырдария ауданында құрылыс жұмыстары өз дәрежесінде жүргізілуде. Бағдарлама аясында жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып жатыр екен. Аталған бағдарлама облыс көлемінде ғана емес, республикада өз тиімділігін көрсетуде, – деді Мұрат Бақтиярұлы.