Жанашырлықтың жарқын үлгісі
Әлемді жайлаған індет елімізге де салқынын тигізіп, сансыратты. Оны жеңу үшін бірлік, бір-бірімізге деген қамқорлық, жанашырлық қажет. Сәкен ауылының кәсіпкер, іскер азаматы Бөлеген Рахмет басқаратын «Құндызды Жер» ШҚ және Қанат Мүсірепов жетекшілік ететін «Абадан және К» ЖШС аты жаман індетпен алысып жатқан қазіргі қиын кезеңде сәкендіктерге қолдау білдірді.
Індеттің беті қайтсын деп жарты тоннадан астам еті бар үлкен бұқаны құрбандыққа шалды. Құрбандық кезінде дін өкілі Асхат Жұбанов құран оқыды.
Бұқаның 100 келі еті кеселмен күресіп жатқан аудандық ауруханаға берілсе, ал қалғаны С.Сейфуллин ауылындағы тұрмысы төмен 50 отбасына таратылды. Сондай-ақ мүгедек, асыраушысынан айрылған, көп баласы бар осы 50 отбасының әрқайсысына 10 келі ақталған күріш, 10 келі ұн, 10 келі вермишель, 5 келіден қант, картоп, сәбіз, жуа, 5 келі сұйық май, жарты келі шәй және 1 қораптан құрма таратылды.
Жанашырлықтың жарқын үлгісін танытқан азаматтар ауылдық емханаға 100 мың теңгенің дәрі-дәрмегін алып берді.
– Қазіргі қиын кезеңде ауылдың атпал азаматтарының қамқорлығына, жанашырлығына ризамыз. Ауыр күндер тезірек артта қалсын деп тілеймін. Ер жігіттің мәрттігі осындайда сыналады. Кәсіпкер азаматтарға мың алғыс, – дейді ауыл ардагері Амангелді Баймұратов.
Қиындық бөліссе, жеңілдейді. Халықтың иығына түскен ауыртпалықты көтерісіп жатқан азаматтарға абыройларыңыз арта берсін дейміз.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ