Таңдау қорытындысы жарияланды
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Тереңөзек кентінің орталығына орнатылған ескерткіш-стеллаға жалпыхалықтық атау беру және әуен таңдау жұмыстары жүргізілген болатын. 26 маусым күні шешуші үшінші кезеңі қорытындыланып, таңдау қорытындысы жария етілді. қорытынды ақпаратты аудандық газетке жариялауды жөн көрдік.
Бүгін, 26 маусым – аудан тұрғындары үшін ерекше әрі тарихи күн. Өйткені Тереңөзек кентіне қойылған ескерткіш-стеллаға жалпыхалықтық атау қою мен әуен таңдау мақсатында қолға алған жұмыстарымыз қорытындыланбақ. Сіздерге 30 күнге созылған жұмыстардың қорытынды ақпаратын жария етпекпін.
Ең алдымен, атау таңдауға қатысты жүргізілген жұмыстарға қысқаша тоқталайын. Үш кезеңде де «Алтын сағат» атауы көп дауысқа ие болды. Әлеуметтік желі белсенділері мен жергілікті тұрғындар бұл атау күнделікті қолданысқа ыңғайлы әрі ескерткіш-стеллаға сәйкес келетінін айтты. Енді «алтын» және «сағат» сөздерінің символикалық мәніне жеке-жеке тоқталсақ.
Біріншіден, ескерткіш-стелланың түсі алтын түстес. Сондықтан атауға «алтын» сөзінің қосылуы заңдылық. Сондай-ақ алтын сөзі қазақ халқында қымбат, құнды нәрсеге қарата айтылады. Оған дәлел ретінде «алтын бесік», «алтын адам», «алтын босаға», «алтын дән» секілді көптеген сөздерді мысалға келтіруге болады.
Екіншіден, ескерткіш-стелланың негізгі мақсаты әрі ерекшелегі – оның белгілі бір уақытты, яғни сағаттың неше болғанын көрсетуі. Сондықтан атауға «сағат» сөзінің қосылуы заңдылық. Ал атауды «алтын сағат» деп қоса атағанда уақыттың алтындай қымбат екенін айшықтай түседі. Сонымен бірге Тереңөзек кентіне өзге өңірлерден, ауылдардан келген адамдар бір-бірімен кездескенде «Алтын сағаттың» қасындамын», «Алтын сағаттың» қасына келсеңіз», «Алтын сағаттың» қасында кездесейік» деген сөздерді қолданса, қарапайым, ұғынықты болады. Такси тоқтатқанда да «Алтын сағатқа» дейін ала кетесіз бе?» деп айтылса, түсінікті болмақ.
Үшіншіден, «Алтын сағаттан» кейінгі көп дауысқа ие болған «Алтын уақыт» және «Сыр сағаты» атауын жалпы халық ескерткіш-стеллаға қатысты қолданбауы мүмкін. Өйткені, «Алтын уақыт» белгілі бір нысаннан гөрі, белгі бір кезеңді ғана қамтиды. Мысалы, жастық шақты, оқушылық кезеңді немесе студенттік жылдарды. Яғни, ескерткіш-стеллаға қатысты емес. Ал «Сыр сағаты» атауы өздеріңіз байқап тұрғандарыңыздай, облыс орталығына қойылған нысанға берілсе және ол нысанның (ескерткіш-стелланың) өзге өңірлерде баламасы жоқ болған жағдайда ғана жарасады. Сол себепті, көпшілік қауым «Алтын сағат» атауына көп дауыс берді.
Әуен жөнінде комиссияның шешімі өткен жолы жарияланды. Сырдария ауданында дүниеге келген «Сыр сұлуы» әні бірауыздан таңдалды. Енді әннің үзіндісі жазылып, зауытқа жіберіледі. Ол белгілі бір уақытты алады. Бәрі аяқталған соң әуен орнатылады.
Ендеше, «Алтын сағатымыз» құтты болсын! Жобаға қатысқан әлеуметтік желі белсенділері мен жергілікті тұрғындарға алғыс айтамыз. Оның ішінде әуен таңдау үшін құрылған комиссия мүшелеріне ризашылығымызды білдіреміз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ