Ендігі міндетіміз жұқпалы инфекцияның таралуына жол бермеу
Мемлекет Басшысының қатысуымен бүгін Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Онда Президент төтенше жағдай режимі аяқталғанымен әр өңірде карантиндік шектеулер эпидемиологиялық ахуалға қарай кезең-кезеңімен алынатынын атап көрсетті.
Мемлекет басшысы ел дамуының алғышарттарына тоқталып, Үкімет мүшелеріне басты міндеттерді жүктеді. Президент өз мәлімдемесінде экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатқанын, оның ішінде, шағын және орта бизнесті қолдауды, ерекше кезеңде қаржыландырылып жатқан жобалар арқылы ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашуды, яғни «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл ретте, биыл ауданда жалпы құны - 1,8 млрд.теңгенің 18 жобасы жүзеге асырылатын болады (бұрынырақ әлеуметтік желіде аталған бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылатын жобалар туралы кеңінен ақпараттандырдық).
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жұмыссыздықты төмендету мен халықты әлеуметтік қолдау бағытында қолжетімді баспана құрылысы жалғасатынын және Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылатынын атап өтті.
Ауданда шектеу шаралары Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 10 мамырдағы №12 қаулысына сәйкес жалғасатын болады. Онда карантин режимінің жаңа талаптары бекітіліп, оны жеңілдетудің үш кезеңі жарияланған.
Ендігі міндетіміз жұқпалы инфекцияның таралуына жол бермеу.
Олай болса, қиын кезеңді бірге еңсеріп, жақсы күнде жолығайық, ағайын!
Руслан РҮСТЕМОВ,
Сырдария ауданының әкімі