Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адам көп шоғырланатын орындарға бармауымыз керек

Адам көп шоғырланатын орындарға бармауымыз керек

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысы өткізілгені белгілі. «Ел Президенті не айтар екен?», «Қандай өзгерістер енгізілмек?!» деп аталған жиналысты асыға күткеніміз рас. Жаңа ғана аудандық газеттің сайтында Президенттің сөйлеген сөзінің толық мәтіні жарияланды.
Ел Президенті соңғы екі ай уақыттың мемлекет үшін де, жеке азаматтар үшін де оңайға түспегенін, дағдарыс әлі толықтай еңсерілмегенін айтты. Дегенмен, індеттің шарықтау шегінен өткеніміз жария етілді. Бұл көңілге қуаныш пен сенім ұялатты. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі осы болса керек-ті.
Мемлекет басшысы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылатынын мәлімдеді. Бұл төтенше жағдайдан кейін атқарылатын жұмыстарға, оның ішінде экономиканы көтеруге, шағын және орта кәсіпкерлік саласын жандандыруға ерекше басымдық берілетінін аңғартады.
Әрине, төтенше жағдай аяқталғанымен карантин талаптарын барынша сақтауымыз керек. Ол өзіміз үшін қажет. Атап айтқанда, көшеде бетперде киіп жүргеніміз абзал. Мұнан бөлек адам көп шоғырланатын орындарға бармауымыз керек. Қызметтерді онлайн түрде қашықтан алғанымыз дұрыс. Өйткені, дертті өршітетін де, өшіретін де өзіміз. Бүгін өткен комиссия отырысында көкейде жүрген көп сұраққа жауап берілді. Енді Мемлекет басшысы айқындап берген бағыттар бойынша жұмыс жасап, жауапкершілікпен қарағанымыз жөн. Бұл қиындықты жеңудің ең төте жолы.
Коронавиурс індетіне байланысты аудан көлемінде жүргізіліп жатқан жұмыстарды аудандық газет тұрақты түрде ақпараттандыруда. Бүгінде барлық науқас дерттен айықты. Бұл бәріміз үшін қуанышты хабар. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дмекші көп болып бірлесіп, бір мақсат, бір мүдде жолында  еңбек етсек, бұл қиындықтың да артта қалатынына сенім мол.

Ақтөре Ибрагимұлы,
Сырдария аудандық
«Тіршілік тынысы»
газетінің бас редакторы
11 мамыр 2020 ж. 625 0