Сақтық шараларын қатаң сақтау қажет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында жұқпалы індетке қарсы шараларды атқару бойынша нақты тапсырмалар берді. Осыған байланысты аудан әкімі Р.Рүстемовтің төрағалығымен жедел штаб отырысы өтіп, аудан көлемінде сақтық шараларын күшейту мәселесі пысықталды. Штаб отырысына аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті бөлім басшылары, бейнебайланыс арқылы ауыл әкімдері, ауылдық қоғамдық кеңес төрағалары қатысты.
Аудан басшысы дағдарыс кезеңінде кәсіпкерлерге қысым жасамай, өздерінің жұмыс әдісін қайта қарап, жүйелі жұмыс жасау керектігін атады. Осы орайда аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Ғ.Акбаров хабарлама жасап, отандық кәсіпкерлерді қолдауға 300 млрд теңге бөлінгеніне назар аударды. Мұндағы негізгі мақсат – халықты жұмыспен қамтып, елдегі жағдайды тұрақты сақтау. Осы орайда бөлім басшысы аудандағы барлық елді мекеннен 102 жоба ұсынылғанын жеткізді. Бұл ретте аудан басшысы нақты жұмыс атқарып, халықты жұмыспен қамту шараларын жүйелі жүргізу, еңбек нарығын реттеу керектігін айтты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – жұқпалы инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында санитарлық шараларды арттыру барысы жөнінде Сырдария ауданы бойынша тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Е.Ұзақбаев баяндады. Қауіпті індет АҚШ, Италия, Қытай, Иран, Оңтүстік Кореяда өршігенін атап өткен басқарма басшысы ауданда карантиндік объект жоқ екеніне тоқталды. Десе де сақтық шараларын күшейтіп, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген тұрғындар мен студенттерді тұрақты бақылау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ өзге өңірлерден жұмыстан келгендер мен ауданға пойызбен келген тұрғындарды тіркеп, оларды бақылауға алу шаралары үйлестірілуде. Басқарма басшысы қазіргі таңда аудан көлеміндегі сауда дүкендеріне, тамақтану орындарына рейдтік жұмыстар жүргізіліп, сақтық шараларын қатаң сақтау ескертілгенін атап өтті.
Бұл тұрғыда аудан басшысы тұрғындар әлі де болса жұқпалы инфекцияға немқұрайлы қарап, той-томалақ жасап жатқанын, көшеде сақтық шараларын сақтамай, бетпердесіз жүргенін тілге тиек етті. Осыған байланысты тұрғындар арасында кеңінен ақпараттандыру мен ағарту жұмыстарын жүргізу керектігін айтып, сақтық шараларын күшейту қажеттілігін атады. Сонымен бірге аудан басшысы залалсыздандыру аймақтарын нақтылап, қоғамдық көліктерде, халық көп шоғырланатын орындарда жиі-жиі залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу керектігін ескертті. Аудан аумағындағы мұнай компанияларынан ақпарат алуды да атап айтты. Сауда нүктелері мен мекемелерде медициналық бетперде тағып және антисептикалық құрылғылар болу қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ дыбыс күшейткіш құрылғылармен елді мекендерде сақтық шараларын сақтау жөнінде хабарландырулар ұйымдастыруды тапсырды.
Штаб отырысында қауіпті кеселдің алдын алу бойынша медициналық мекемелердің дайындығы жөнінде аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ә.Іскендірова, оқушыларды қашықтан оқытуға дайындық барысы туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Омаров, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде аудандық полиция бөлімінің бастығы Н.Ибраев және азық-түлік бағаларының тұрақтылығын күнделікті бақылауда ұстауды қамтамасыз ету шаралары туралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Әзірбек хабарлама жасады. Хабарламашылар қазіргідей жағдайда тиісті жұмыстар атқарылып, тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Штаб отырысының қорытындысында аудан әкімі індет, дағдарыс – уақытша құбылыс екенін атап, елдегі төтенше жағдайға немқұрайлы қарамай, сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттігін айтты. Осыған қатысты аудан әкімінің орынбасарларына, тиісті сала мен мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ