Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тыңға түрен салған

Тыңға түрен салған

Тың жерді игеру қашан да қиын. Оған күш-қайрат пен жүрек керек. Болашақ үшін жасалатын мұндай жұмысты мыңның бірі ғана істейді. Өйткені, тыңға түрен салу маңдай тер мен уақытты ғана емес, жүйелі жоспарды қажет етеді. Тынымсыз еңбекті ту еткен Сырдария ауданындағы «Ақжарма және К» серіктестігінің төрағасы Қайрат Нұрсейітов биыл да қарбалас тіршіліктің бел ортасында жүр.
Сенбі күні ауылдарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көріп, ауыл ақсақалдарымен пікірлесу Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемовтің қалыптасқан жұмыс қағидаты. Бұл жолы аудан басшысымен бірге аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Лекеров екеуміз шалғай орналасқан Іңкәрдария ауылына жол тарттық. Аталған елді мекенде биыл «Ақжарма және К» серіктестігі қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр екен.
Бізді үлкен жолдың бойынан аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбек пен «Ақжарма және К» серіктестігінің төрағасы Қайрат Нұрсейітов күтіп алып, егіс даласына қарай жол бастады. Көлік ішінде серіктестік төрағасы ауыл аумағында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып, жоспарларымен бөлісіп келеді. «Бұрын мал шаруашылығы жақсы дамыған ауылды енді егін шаруашылығымен даңқты етеміз» деген Қайрат Болатұлы «Аңламас» каналынан 9 шақырым жаңадан канал қазылып жатқанын атап өтті. Көлік ішіндегі әңгімені аудан әкімі Руслан Рүстемов «Су – тіршілік нәрі», лайым су болса, тіршілік түлейді», деп жалғады. Қарқынды қазылып жатқан жаңа каналдың бүгінде 4 шақырымы толық қазылыпты. Қалған 5 шақырым алдағы он күнде аяқталмақ. Сөйтіп, жаңадан ашылатын 300 гектар жерге аяқ су келмек.
Бұрын бұл маңнан өткенде жолдың жиегі қалың ну болатын. Қалың шеңгел мен қамыс басқан аумақтағы қызу тіршілікті көріп қуанып қалдық. Аудан әкімі бастаған атқарушы билік өкілдерінің де ауылдың болашағы үшін жасалып жатқан жұмысқа риза кейіпте екені анық аңғарылады. Шіркін, адамның қолы тисе, назары ауса, алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ емес пе?! Көз алдымызға бұл маң жайқалған күріш алқабы ретінде елестеді. Бұл сезім тың жердің болашақта солай боларына сенгеннен туындағаны анық еді. Ал, тыңға түрен салған Қайрат Нұрсейітов қарбалас жұмыстың жүргізілу барысын қуанышпен баяндауда.
– Тың жерді игеруге кіріскен алғашқы күні дала академигі Ыбырай Жақаевты көп ойладым. Ол кісі қол еңбегімен күшін сарқып, даңққа бөленген даңғайыр диқан ғой. Ал, қазір техника дамыған заман. Бір күнде бұрын бір ай атқарылатын жұмыстар орындалуда. Мәселен, мына атызды бүгін ашып, толық тегістеп аяқтадық. Техниканың тиімділігі деген – осы, – дейді серіктестік төрағасы.
Иә, расында да қазір қол еңбегі азайған. Алып техникалар қас-қағым сәтте-ақ қалың нуды ашып, тегістеп тастайды. Бірі жолды ашса, бірі құмды оң мен солға лақтырып, қаза бастайды. Енді бірі атыз бойын жиектеп қашыртқыны ретке келтіреді. Осындай көріністі көріп, бірнеше шақырымды құрайтын каналдарды қолдап кетпенмен қазып, шөпті орақпен орған аталарымыздың ерлігіне бас иеміз. Олар үшін бұл арман еді... Бәлкім, мұндай қарқын алған жұмыс арман ұғымына симаған да шығар...

Іңкәрдария ауылының Қарақасқа учаскесінен ашылып, қолданысқа енгізілетін 300 гектар жерге биыл серіктестік күріш екпек. Бас агроном Ғалымжан Ізтілеуовтің айтуынша, құнарлы топырақтан мол өнім алуға болады. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Тек егін науқаны басталамын дегенше жоспарлы жұмыстар толық аяқталуы керек. Сондықтан бұл маңда 1 экскаватор, 2 құм тиеуші көлік, 3 соқа, 2 үлкен көлемді жер тегістегіш, 3 «Мара», 2 М6 және 1 «Камаз» техникасы және 30-ға жуық адам тынымсыз жұмыс істеуде. Адал еңбекті ту еткен олар болашақта тың жерді алғаш ашқан азаматтар ретінде тарихта қалары анық.
Ен даладағы ерекше еңбекпен танысу барысында Іңкәрдария ауылдық ардагерлер және қоғамдық кеңес төрағасы Әбілжаппар Сырлыбаевты сөзге тарттық. «Бәрі ауыл үшін, сондықтан шынайы қуанамын. «Елде болса, ерінге тиеді» деген сөз бар. Тың жер ашылса, жергілікті азаматтар жұмыспен қамтылады. Екі қолға бір күрек табылады. Сөйтіп, ауыл тынысы кеңейеді» дейді қария. Сондай-ақ серіктестіктің «Аңламас» каналынан бөлек «Ақтам» каналының 3 шақырым жерін қазып, ауыл ішіне аяқ су әкелуге қолдау көрсетіп жатқанына назар аударды.
«Ауылдың топырағы құнарлы. Дәмі тіл үйіретін Іңкәрдарияның қауыны мен қарбызын арнайы қаладан келіп сатып алушылар бар. Бірақ, соңғы жылдары аяқ су тапшылығынан тұрғындар есік алдына бау-бақша еге алмай жүрген еді. Осы мәселені қараша айында аудан әкімі Руслан Рүстемовке айтып, өтінішімізді жеткізген болатынбыз. Міне, сол өтінішіміз орындалып, «Ақжарма және К» серіктестігі биыл ауылға аяқ су әкелмек. Сондықтан ауыл ақсақалдарының атынан аудан әкіміне, серіктестік төрағасына шынайы алғысымызды білдіреміз, – дейді Әбілжаппар Сырлыбаев.
Иә, «Алғыс арқалаған алысқа барады» демекші, ел-халықтың алғысын алып, ризашылығына бөленгенге не жетсін?! Еңбексүйгіш халқы бар ауылдың болашағы үшін жасалып жатқан осынау игі жұмысқа біздің де көңіліміз толды. Серпіліс сыйлайтын соны істерге құлаш сермеген серіктестіктің Сыр маржанын егіп, қамбаны алтын дәнге толтыру бағытындағы жұмысына шын жүректен сәттілік тілейміз. Лайым, ауылдың бірлігі бекем, тірлігі көркем болғай!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Сырдария аудандық "Тіршілік тынысы" газетінің Бас редакторы,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі   

28 наурыз 2020 ж. 805 0