Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлыс күнгі ұлттық тағам

Ұлыс күнгі ұлттық тағам

Наурыз – табиғаттың, жер-ананың, жердегі тіршіліктің мейрамы, күн мен түннің теңелетін күні. «Наурыз айында күн мен түн және үркер жұлдызы бір сызықтың бойында тоғысып, жарық пен қараңғы теңеледі» деп түсінген халықпыз. Бұл кезде қаһарлы қыстың ызғары қайтып, төрттүлік төлдеп, адамдардың аузы аққа тиіп, мал аузы көкке жетіп, жер беті жасыл желекке оранып, шаттық орнайды.
Жаңа жыл мерекесінде адамдарға ұйықтауға болмайды деген наным бар. Егер ұйықтап қалса, қаны бұзыладымыс. Сол себепті де адамға сергектік сыйлайтын Наурыз көже дайындайтын болған. Наурыз көже туралы ел ішінде сақталған аңыздар да бар. Солардың бірі: «Ертеде ашулы адамдар халық арасына іріткі салып, бүлік болыпты. Еркектер өз араларында келіспеушілікке тап болып, кішілері үлкендерді тыңдамапты. Шаруашылық бұзыла бастайды. Осы уақытта әр жерден ақсақалдар жиналып, кеңес жасайды. Жиын Наурыз мейрамына тұспа-тұс келеді. Олар ең үлкен қазанға, жиналған қауымды тамақтандыратын ас даярлайды. Тамақтанып болған соң, ақсақалдар арасында ең беделдісі тұрып, былай дейді: «Ит екеш иттің өзі күшік кездерінде бір анадан сүт ішіп, бір-біріне туған бауыр екендерін сезінгендіктен өзара тістесіп, таласу дегенді білмейді. Осы мейрамда біз де бір ананың сүтін ішкендей, бір қазаннан астың дәмін таттық. Бүгіннен бастап ғасырдан-ғасырға туған бауырлар секілді бір-бірімізді құрметтеп, сыйлап өтейік» деп тоқтау айтады. Осындан соң адамдар бұрынғы өкпе-реніштерінің барлығын ұмытып, қайтадан бірлікте және татулықта өмір сүрген екен».
Наурыз көже жайлы тағы бір әңгіме: «Қазығұртқа Нұх Пайғамбар кемесі күн мен түн теңескен кезде тоқтапты. Бұл наурыз айының 21-нен 22-не қараған түні екен. Пайғамбар топан су апатынан аман қалғанына шүкіршілік етіп, Құдайы тамақ бермек болады. Кемедегі азық-түлікті қараса, қап түбінде алақандай ет, бір-екі құрт, бір уыс бидай мен жүгері, тары, су, бір шөкім тұз қалыпты. Нұх Пайғамбар «Тәуекел!» дейді де, барлығын қазанға салып пісіреді. Тағамды әр былғаған сайын Алланың есімін айтып ұлықтайды. Алла Тағала періштелерге:
– Көрдіңдер ме? Мен үшін қолдағы барын салып, ас беріп жатыр. Барып, қазанына Кәусар бұлағынан су тамызыңдар, берекемді шашыңдар, – дейді. Пəруəрдігердің пəрменімен періштелер жиналып, қазанға Кəусардан су тамызып, береке шашады. Осылайша жеті түрлі дәмнен жасалған тағам берекелі асқа айналады. Жан-жануар, аң-құс жиналып, Пайғамбар қазанынан дәм татады. Содан бері Нұхтың бұл тағамы «Тілеу көже» немесе «Наурыз көже» деп аталыпты. Наурыз күні адамдар мен жануарларды тойдыру Нұх пайғамбардан мирас боп қалған екен деседі.
Наурыз көжені қыстан арып-ашып шығатын ағзаны қалпына келтіру үшін де пайдаланған. Құрамында гемоглобині көп арпаны сол үшін қосады. Қазақ жамбасты «қазанның құты» деп, көжеге міндетті түрде жамбастың шұқыршағын, тоқшылықтың белгісі деп соғымның тобығын салған. Үйден құт, дастарханнан тоқшылық кетпесін деген ырыммен жамбастың шұқыршағы мен тобықты өз қазанында асып, өз тісіне тигізген екен.
Ұлыстың Ұлы күні жасалатын сыйлы ас – Наурыз көже жеті түрлі дәмнен жасалған. Қазақ ұғымында жеті санының киелі сан екені бәріне аян. Көже құрамына кіретін дәмдер де қасиетті саналады. Еліміздің әр өңірінің тұрғындары бұл ұлттық тағамды өз өлкесінің үрдісі бойынша өзгеше, түрлі дәмдермен даярлайды. Наурыз көжеге қосылатын 7 дәм молшылықтың, тоқшылықтың, сәттіліктің, байлықтың һәм берекенің белгісі саналған.

Майя ҚОЖАБАЙ
21 наурыз 2020 ж. 448 0