Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақпараттық жүйенің тиімділігі

Ақпараттық жүйенің тиімділігі

Елбасының бастамасымен «100 нақты қадам» ұлт жоспары реформасында» сот жүйесіне басты назар аударылды. 2018 жылдың басында Жоғарғы Сот төрағасы Ж.Асанов еліміздегі сот жүйесін одан әрі дамытуда «Сот жүйесінің жеті түйіні» деп аталатын жоба қабылдады. Жобаның жалпы мақсаты – соттың халық алдындағы беделін арттырып, қоғамның сотқа деген сенімін ұлғайту.
Осыдан 10-20 жыл бұрын сот отырысына қатысып жүрген жәбірленушілер, куәлер тағы басқа тараптар өздеріне қатысы бар істер сотта қаралып біткенше ешқайда шыға алмайтын. Алыс-жақын сапарларын немесе өзге де тығыз шар­уаларын сот процесі біткенше кейінге шегеруге мәжбүр болатын. Қазіргі ақпараттық технологиялардың дамуы сот саласын да шет қалдырған жоқ. Енді сотқа қатысы бар адамның бұрынғыдай сот отырысы біткенше ешқайда кетпей, тәуелді болып отыруының қажеті жоқ. Егер сот отырысы болатын кезде басқа қалада болсаңыз, қашықтықтан қатысудың бірнеше жолдары бар. Мысалы, сіздің сот отырысына келіп қатыса алмайтыныңыз оның басталуы­­на бір немесе жарты сағат қалғанда белгілі болады. Бұл жағдайда сот отырысының хатшысымен хабарласып, ұялы телефоныңызға немесе кез келген қасыңыздағы қол жетімді компьютерге «TrueConf» бағдарламасын орнатып, бейнеконференциялық байланысқа шығып, қашықтықтан сот отырысына қатысуға болады. Ал сіздің сотқа келіп қатыса алмайтындығыңыз алдын ала, тіпті сот отырысы тағайындалған күннен бастап белгілі болса, «Сот кабинеті» арқылы сотқа ұялы телефон арқылы бейнеконференциялық байланыс жүйесін қолданып, сот отырысына қатысу туралы өтінішхат түсіруіңізге болады. Бұл жағдайда сот оты­­рысы тағайындалған күні ұялы телефоныңыздағы «Сот кабинеті» қосымшасы арқылы қашықтан қатыса аласыз. Сот отырысына қатысудың тағы бір жолы, егер, сізге ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану қиындық тудырса, өздігіңізден бейнеконференц байланысқа шығу мүмкін болмаса, сотқа өтінішхат түсіріп, өзіңіз жүрген қаладағы немесе аудандағы сот ғимаратына барып, сол жерден қашықтықтан байланыс арқылы қатысуға болады. Сот отырысына қашықтан қатысудың осындай жолдары бар. Жеке өміріңіздегі мүмкіндіктер мен сот отырысындағы құқылы мүддеңізді жіберіп алмаудың өзіңізге тиімді жолын пайдаланыңыз. Бұдан кейін тағы бір сұрақ болады, егер сіз басқа қалада немесе елді мекенде ұзақ уақыт жұмыс сапарымен жүрсеңіз, өзіңіз қатысқан сот отырысы бойынша сот шешімін қалай уақытылы алып, одан әрі өз мүддеңіз бойынша қалай сотқа жүгінуге болады? Бұрын адамдар соттың шешімін сот ғимаратына келіп алады, кейін 10 немесе 15 тәулік өткеннен кейін сот шешімі заңға сәйкес заңды күшіне енген соң, соны нақтылайтын мөрді бастыру үшін қайта сотқа келеді. Бұл көп қолайсыздық тудырады. Басқа қалада жүрген адамның келіп-кету шығыны, жұмыс сапарымен келе алмауы, тағы басқа көптеген қолайсыздық бар. Қазір осындай қолайсыздықтың шешімі ретінде «Сот кабинеті» жұмыс жасауда. Ол арқылы кез келген сотқа барып жүгінген арыз-шағымыңызды, өтініш хатыңызды интернет арқылы жолдай аласыз. Жүгінген өтінішіңіз бойынша жауапты электронды түрде сотқа бармай-ақ ала аласыз.
Жалпы еліміз құқықтық жүйені әлемнің озық стандарттарына сай келтіру үшін тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ өркениетті елдер тәжірибесін тыңғылықты зерделеп жүр. Бүгінде соттар қағазбастылықтан арылып, электронды технологияға негізделген заман талабына сай оңтайлы, қолжетімді ашық сот процестер базасын жасады.

Б.Бисенбай,
Сырдария аудандық
сотының бас маманы

11 наурыз 2020 ж. 485 0