Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бітімде ғана береке бар

Бітімде ғана береке бар

Бұл күнде Кеңес одағының батыры Нағи Ілиясов атындағы ауылды кім білмейді?! Тұтас елге ғажайып келбетімен үлгі болып тұрған атақоныс бұл. Әйтсе де, соңғы уақытта әлеуметтік желіде жұртты елең еткізген жаңалық болды. Ондағы шаруашылықтағы жер үлесін өздеріне қайта заңдастыруды талап етіп, дивиденд төлеуді даулы мәселеге айналдырған тұрғындар мал жайылымына қатысты да шағымдарын жеткізіп жатыр. Шынында мәселенің мәні неде? Екі тараптың пікірін зерделеуді мақсат тұтып, батыр атындағы ауылда болған едік, – деп хабарлайды syrboyi.kz.

Төрағаның алға тартқаны...

Алдымен шаруашылық басшысы Дархан Ералиевпен ашық сөйлесуді жөн көрдік. Төраға қарсы болмады. Мәселенің неден туып отырғанын жіпке тізгендей айтып шықты.

– Сөзіміз түсінікті болу үшін басынан бастап айтайын.  Шаруашылыққа келер болсақ, мұнда 2003 жылы «Сыр дәні» шаруашылығын құруға талап қылғанбыз. Онда да дау болып, бос жатқан жерді ала алмадық. 2004 жылы аудандық мемлекеттік жер қорынан жер алып, шар­уашылық құрылып, жұмысты бастап кеттік. Бұл қожалықтың жалпы жер көлемі 1800 гектардан астам, оның ішінде 790 гектар ауыл тұрғындарының жер үлестерінен құралған, – деді Дархан Ералиев.
Ал енді «Мағжан және К» шаруашылығына келер болсақ, төрағаның айтуынша, 2005 жылы құрылған. Ондағы 7699,1 гектар жердің егістік санаттағысы – 3226 гектар. Бұл жердің пайдалану құқығына бір кездері ұзақ мерзімге, яғни 2051 жылға дейін сол кездегі басшы А.Ералиев банктен сатып алу арқылы ие болған.
– «Мағжан және К» шаруа­шылығынан жер үлестерін сұрап жүрген азаматтар кезінде өз үлес­терін «Н.Ілиясов» атын­дағы шаруашылыққа берген. Түсінесіз бе, біздің шар­уашылық құрылмай тұрып, осындай серіктестік болған. Ал оның басшысы несие алу үшін бұл жерлерді банкке кепілге ­қояды. Бірақ, сол «Н.Ілиясов» шаруашылығының жұмысы дұрыс жүрмей, банк алдындағы қарызы өтелмей, банкрот болған. Амал жоқ, банк ол жерлерді саудаға шығарған, – деп түсіндірді төраға.
Иә, анығында тұрғындарға тиесілі жер үлестері әу бас­та бөтен шаруашылық ­
(«Н.Ілия­сов» ЖШС) құра­мында болып тұр. Ал осы жерлерді 2005 жылы «ТұранӘлемБанк» кепілге салын­ған мүлік ретінде саудаға шығарған-ды. А.Ералиев жаңадан құрған «Мағжан және К» ЖШС осы жерлердің пайдалану құқығын ұзақ мерзімге банктен бұрынғы қарызын өсімімен өтеп, сатып алған. Төрағаның айт­уынша, арызданушылардың бұл шаруашылықтан өз жер үлес­терін не дивиденд сұрауына еш негіз жоқ.
Дархан Ералиев шаруа­шылықтың жұмысына «халық наразы» болғанын айтып, теріс пікір қалыптастырып жүрген шағын ғана топ екенін де айтып қалды.
– Сөзім дәлелді болсын. Біздің компания 2013-2019 жылдар аралығында өз ауылымызға 1 млрд 215 млн теңгеден астам қаржы құйды. Мұның бәрі мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде әлеуметтік нысандар салуға, ауылды абаттандыруға, көгал­дандыру мен қайырым­дылық шараларына жұмсалды. Был­тырдың өзінде ауыл халқы мен жұмысшыларға өтініштеріне сәйкес 17 миллион теңгеден астам қаржыға мал азығы ре­тінде жемшөп түсіріп берілді. Сондай-ақ, 1 жарым мил­лион теңгеден астам қар­жыға азық-түлік тегін таратылған, – дейді ол.

«Тойсаң тобаңнан жаңылма»

Білуімізше, Д.Ералиев же­­тек­шілік ететін шаруа­шылықтарда 380 адам жұмыс істейді. Шар­уашылық өтініш сұрап келген еңбеккерлердің ешқайсысының қолын қақ­паған. Малына азық, қыста жылуға көмір, азық-түлігі тағы бар. Жалақылары толық әрі уақытылы төленіп келеді. Жыл соңында сыйақы да беріліпті. Осынша уақыт қалыпты күй кешіп, бірлікте келген тұрғындардың бір мезетте жер үлесін сұрап, дау қууына не себеп? 

– Тоқырау жылдары өзге ауылдар сияқты бұл ел де азды, тозды, көп мекеме қаңырап бос қалды. Көше­лердің сұрқы қашып, қоқыс үйілді. Белгілі жағдай ғой. Басшылар да тұрақтамады. Шаруашылықтағы техникасы бар, ғимараты бар, елдің жері бар, бәрін кепілге қойып, несие алынды. Бірақ, жұмыс оңалмады. Банктегі қарызы да өсті, шаруашылық жұмысы да алға баспады. 2005 жылы Абзал ініміз келіп, өзі құрған «Мағжан және К» шаруашылығы ар­қылы банктегі жер үлестерін пай­далану құқығын иемденген. Біздегі даудың басы осы, – деп бастады әңгімесін ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төребек Жұмабекұлы.
Ақсақалдың айтуынша, еңсесін тіктей алмай отырған ауылға «Сыр дәні» мен «Мағжан және К» серіктестігінің көмегі ұшан-теңіз. Азаматтарды жұ­мыспен қамтып, елдің жағ­дайын аз жылда жақсы деңгейге көтерген. Бір ауылды гүлдендіріп қана қоймай, өзгелерге үлгі болған 450 түтіні бар Нағи ауылына шын мәнісінде тамсанбайтындар жоқтың қасы.
– Шаруашылық мемлекеттен ештеңе сұрамай-ақ, нысандар сала бастады. Алдымен балабақша салды. Одан соң ауыл іші де, сырты да тазалана бастады. Көріксіз, қоқыс басқан ауылға екі жыл тазарту жүргізілді. Ағаш ектіріп, су жүйелерін қалпына келтірді. Сол жылдары туберкулез дертімен ауыратындар көп еді. Менің өзім де сонымен ауырып, алты ай ем алып шыққан адаммын. Бүгінде ол дерт тыйылды. Көркейтудің жарқын үлгісін өзге ауылдағы кәсіпкерлерге көрсете білді. Біртіндеп мектеп, әкімшілік ғимараты, мешіт, музей, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйін қайта күрделі жөндеуден өткізіп, кейбірін қайта салды. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған «Тағзым» алаңын жасап берді. Орталық алаңды абаттандырғаны қандай?! Жаз­дық сахна, дүкен мен тойхана, моншасы тағы бар. Жыл са­йын мына көшедегі арықтардың барлығын компания есебінен тазалатып, оған да жұмысшы алып отыр. Аудан, тіпті облыс маңызды орталықтарында кездеспейтін су бұрқақтарын орнатып берді емес пе?! Тіпті, кейбір үйлердің құрылысына да көмектесіпті, – дейді ақсақал.
Ардагерлер кеңесі төраға­сының сөзінің жаны бар. Өзге аймақтан қонақ келсе, қолынан жетектеп, әуелден мақтанып көрсетері осы ауыл болыпты. Рас қой. Соңғы жылдары мемлекеттік-жеке­шелік әріптестік аясында шар­уашылық ауылға спорт сарайын салып берген. Барлық көше тегістеліп, асфальт төселіп, түнгі жарық шамдары орнатылған. Была­йынша айтқанда, бұл ауылдың бүгінгі келбетін қайсыбір ата­қоныспен салыстыра алмайсыз.
Компанияға тиесілі қой­малардың барлығын қайта салып, өндірістік жағдай жасалған. Күріш пен жоңышқа тұқымын тазалайтын арнайы қондырғы алып, күріш өнімдерін экспортқа шығаруда белсенді. Барлық техникаларын жарамды күйде ұстап, бұрынғы инженерлік жүйеге келтірілген жердің барлығын қайта өңдеуден өткізіп, қалпына келтіруде де компанияның үлесі көп.
– Өзге шаруашылықтағы даулы мәселелерді көріп отырмыз ғой. Бізге бұл қажет емес. Осы кезге дейін жұмылған жұдырықтай болып келген шар­уашылық ішінен аз уақытта үркердей топ пайда болып, іріткі салудың не қажеті бар?! Абзал Ералиевтің осы кезге дейінгі елге жасаған ісіне жасы да, кәрісі де қарсы пікір айтқан емес. «Тойсаң тобаңнан жаңылма» дейтін бе еді?! Осындай халыққа қамқор болған азаматқа қолдау білдірмесек, біздің елдігіміз қане? – деді ендігі сөзінде Т.Жұмабекұлы.

Ауыл әкімі
не дейді?

Ауыл әкімі Сағдат Нұрмағанбетовтің пікірінше, елдегі атқарылып отырған игі істерде «Мағжан және К» ЖШС үлесі көп. Ауыл халқының барлығы бұны біледі.
– Ауылда жұмыссыз адам жоқ десек те болады. Тіпті, мау­сымдық уақытта сырттан келіп жұмыс істейтіндер бар. Олардың жататын қонақ үйі де, аспазшысына дейін бар. Жағдайымыз жақсы. Ал мына мәселеге байланысты күмәнді нәрселер көп. Мысалы, кешегі жазған ауыл тұрғындарының өтініш хатында да бір ізбен қол қойылғаны күмән келтіреді. Қол қоймаған, хатпен таныс емес тұрғындар да бар. Сонда қалай?! Бұл – елдің ішін бүлдіру. Ынтымағымызды бұзуға жасалған әрекет, – дейді ауыл әкімі.
Енді деректерге жүгінсек. Қазір бұл ауылдағы халық саны 2247 адам. Оның ішінде экономикалық белсенді халық – 1008. 380 адам «Мағжан және К» ЖШС-да жұмыс істесе, 213 адам бюджеттік және басқа да салаларда еңбек етеді. 2019 жылы 30 адам жұмысқа орналасып, 21 адам қоғамдық еңбекке тартылған. Былтыр ауыл­да 4850 гектар жерге күріш егіліп, әр гектардан 63 центнерден өнім жиналыпты. Егін жинау науқанын да тез аяқтаған. Техникасы қуатты «Мағжан және К» ЖШС еңбеккерлері ауызбіршіліктің арқасында ауданда бірінші дәрежелі «Озат шаруашылық» номинациясын жеңіп алған.
Осы арада ауыл әкімі шар­уа­шылықтың жайылым жерді қоршауға алған дегеніне келіс­пейтінін айтты.
– Рас, қоршау жоқ емес. Бірақ, ауылдың өзі егін шаруа­шылығымен күн көріп отырған соң егінді мал аяғының астына тастай алмайтыны белгілі. Бұл бұрыннан қалыптасқан жағдай. Есік алдына бақша ексеңіз де қоршауға аласыз ғой. Белгілі мерзімде қоршау жабылып, күзде өнім жиылып біткен соң, есігін ашық қоя береді. Мысалы, тамыз айының бел ортасында орақ түсіп, қыркүйектің алғашқы он күндігінде бітетін бірінші егін орағы аяқталысымен-ақ ашық тұрады. Жайылымдық жерді түгел қоршауға алды деу орынсыз. Басқа қоршау мұнда жоқ, – дейді Сағдат Нұрмағанбетов.
Айтпақшы, ашық хатқа қол қойды деген адамдардың ­бір-екеуімен тілдескен едік. Олардың айтуынша, бірінің күйеуі, бірінің отбасындағы басқа мүшесі сырттай қол қойып жіберген.
Біз әкімдік ғимаратында жер үлесін алмаққа арыздан­ғандардың бірі Берікжан Әлім­баевпен де сөйлестік. Отызға тола қоймаған жігіттің базынасына құлақ түрдік.
– Біз Абзал ағайдың ел үшін, ауыл халқы үшін жасаған еңбегіне ешнәрсе айта алмаймыз. Сөз жоқ, ол кісі барлық қалталы азаматтарға туған елін көркейтудің жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Мәселе басқа. Біздің жеріміздің 2003 жылы қалай банкке кепілге қойылғаны, қанша ақша алғаны, ол жайлы ешкім айтпаған. Беймәлім. Маған керегі, өз атымнан ғана айта­йын, өзіме тиесілі жерді заңдас­тырып алғым келеді. Сол ғана. Ал шаруашылықтың жұмысына, атқарып отырған ісіне еш өкпем жоқ, – дейді ол.
Берікжанның айтуынша, ашық хатқа қол қойғандардың барлығының талап-тілегі сол. Ал Берікжан осы уақытқа дейін шаруашылықтан бірде-бір көмек алмағанын айтып отыр. Өз кезегінде шаруашылық төрағасының орынбасары Медет Мадханов оған жауабын айтып та үлгерді.
Диалогқа назар салсаңыз.
– Мысалы, осы шаруа­шылық («Мағжан және К» ЖШС) құрылғалы мен өз басым бір тү­йір дән, бір тал шөп алмаппын. Дивиденд есебінен тұрғындарға жемшөп беруге болмас па еді?! Осы кезге дейін 17 миллионға татитын ақшаға осылай көмек берілді дейді. Бірақ, нақты кімге берілгені белгісіз.
– Бар, оның тізімі.
– Бар болса, көрейінші.
– Міне, мұнда бума шөп (пресс) алғаны, басқасы да тұр. Барлығы қол қойып алған.
– Мұнда менің атым жоқ, мысалы.
– Сен өтініш жаздың ба бізге?
– Жоқ, жазбадым.
– Мұндағылардың барлығы өтініш жазған, берілген көмектің барлығы тегін...
Білуімізше, дивиденд мә­се­лесі зерттеліп жатқанға ұқ­сайды. Бұл алдағы уақыттың еншісінде.
Ал жайылымдық жердің шынымен нағилықтарға же­тіспей отырғаны рас па?
Қоршауға алынды деген жердің барлығы тек егістік алқаптар. Оның өзі, егістік жиын-терім науқаны бітісімен ашық жататынын жоғарыда айтып кеттік. Әдейі барып, әкім мен шаруашылық төрағасының орынбасары егістік орнын көрсетті де. Мұнда да ауылдың малы жайылып жүр.

Жаптым жала, жақтым күйе болмасын

Ауылға барғанымызда осы елдің тумасы Гүлбахрам Жү­ністі жолықтырдық. Оның пікірі де, тілегі де біреу, ол – ел бір­лігінің бүлінбегені.
– Осы ауылдың перзентіміз. Сыртта жүрсек те, үнемі тілекші халықпыз. Осы елдің гүлденгені, көркейгені біз үшін үлкен мақтаныш. Шыны керек, осындай ши шыққан соң ауылға арнайы келдім. Ал енді Ералиев сияқты елдің топырағын түрлендіруге еңбек сіңіріп жүргендер аз. «Мағжан және К» ЖШС алдында неше түрлі шаруашылық болды ғой. Мысалы, «Бірлік» деген шаруашылық. Үш жылдай жұмыс істеген болды. Бірақ, нәтиже жоқ. Сондықтан, берекені бұзбауға жұдырықтай жұмылуымыз керек, – дейді ол.
Байқағанымыздай, мұнда екі тараптың өзара ымыраға келіп, «үй ішінде» қалуы тиіс даудың алдағы күні әділ шешім табарына сенім артатындар аз емес.
«Ауылға қонақ келсе, бірден аралатып, кеудесін көтеріп мақтанатын жұртпыз. Тіпті, жан-жақтан үйленген жастар келіп, әдемі бейнеролик те да­йындайды. Әсем ғимараттар, гүлзарлар – бәрі керемет көрініс. Жоқ-жетіктің барлығын шар­уашылық басшылары шешіп беріп отыр. Қызылорда емес, Қазақстан ауылдарына үлгі емес пе бұл мекен?! Ымыра болмаса, оның салмағы жергілікті жұртқа түседі. Енді санаулы уақытта көктемгі тіршілікке кірісетін шақ туады. Аттанға еріп, айқайға басу абырой емес. Сондықтан бұл мәселе тезірек шешіледі деген үмітіміз бар, – дейді нағилықтар.
Әзірге түйін осы.


Қуат ШАРАБИДИНОВ,
Ержан ҚОЖАСОВ.
Суреттерді түсірген,
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ. 

03 наурыз 2020 ж. 485 0