Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәрігерлердің жалақысы көтеріледі

Дәрігерлердің жалақысы көтеріледі

2025 жылға дейін дәрігерлердің жалақысы жыл сайын көтерілетін болады. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында ведомство басшысы Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің нәтижесінде қаңтардан бастап дәрігерлердің жалақысы 30, мейірбикелердің жалақысы 20 пайызға көтерілді. Бұл көптен күткен өте маңызды нәтиже саналады. 2019 жылдың қаңтарын қоса есептесек дәрігерлерің жалақысы 60 пайызға көтерілді. Біз бұл жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. 2025 жылға дейін мемлекеттік бағдарлама негізінде жыл сайын медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы көтеріліп отырады», - деді Елжан Біртанов.
Министр денсаулық сақтау саласын кадрмен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталып өтті. 

«Шындығын айту керек, қазіргі күні елімізде дәрігерлердің және орта буын мейірбикелердің саны жеткілікті деп айтуға болады. Басқа дамыған мемлекеттерден көп айырмашылығы жоқ. Сонымен қатар ауылдық жерлердегі медициналық қызметкерлердің саны өте төмен. Жеке секторға дәрігерлердің ауысуы да байқалады. Ол түсінікті де. Қазіргі уақытта дәрігерлердің 21 пайызы жеке секторда жұмыс істейді. Жалпы, бұл жайт алдағы уақытта ұлғая түседі деп күтеміз», - деді ол.
Елжан Біртановтың айтуынша, елімізде 4 мыңнан астам дәрігер жетіспейді. Дегенмен, медициналық университеттерде қажетті мамандар дайындалып жатыр. Мәселен, биыл 8 мыңға жуық адам медициналық университеттерді бітіреді. Олардың арасында 5 700-ге жуық дәрігер мемлекеттік тапсырыс аясында білім алып шығады.
«Әрине, қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес, бұл дәрігерлер міндетті түрде 3 жылға өңірлерге жіберіледі»,- деді министр.

28 ақпан 2020 ж. 848 0