Снюс: Түтінсіз темекі тұншықтырмасын
Соңғы уақытта қоғамды алаңдататын жағдайдың, дәлірек айтқанда қауіптің көбейіп кеткені жасырын емес. Соның бірі снюске байланысты. Жастардың арасында кеңінен тарап жатқан аты да ерсі естілетін заттың қауіптілігі неде? Бұл жайында бірқатар сала мамандары аудандағы аграрлы-техникалық колледжде арнайы кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жасөспірімдерге снюс туралы айтқан коллдеж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Ысқақова мен колледж психологы А.Асанова снюстің негізгі зияны – онда никотин әдеттегі темекіге қарағанда өте көп екенін, ал никотиннің көп болуы – тәуелділік, теріс салдары – жүрек-қантамыр ауруларының пайда болуына себепші екендігін айтты. Колледж психологының жүргізген сауалнама зерттеуі бойынша кент тұрғындарынының көпшілігі снюс туралы ақпараттан хабары жоқ болып шыққан. Ал бұл білместіктен ұтылмасақ, ұтарымыз жоқ. Себебі ақпараттың болмауы, ол жайлы түсініктің жоқтығы қауіптің алдын алмайды, керісінше білместіктің салдары үлкен кесірге әкеледі.
Снюс – түтінсіз темекінің бір түрі. Өзіне тәуелді ететіні оның хош иісі. Оны дәмдік қоспалар қосып, тұз бен сода ерітіндісімен өңдеп, ылғалданған немесе кептірілген ұнтақталған темекіден дайындайды. Бұл затты иек пен ерін арасына орналастыру арқылы қолданады. Түтінсіз темекі немесе снюс никотинінің белгілі бір дозасы 30-60 минутта ағзаға енеді.
Иә, шын мәнінде жасөспірімдер арасында кең таралып жатқан зиянкестің ағзаға қауіптілігі өте жоғары дейді мамандар
Мәселен, жасөспірімнің бойының өсуі баяулап, тоқтайды. Сондай-ақ есте сақтау қабілеті нашарлайды. Ашушаңдық пен тітіркену сияқты әдеттер жоғарылап, иммунитет төмендейді. Салдарынан инфекциялық ауруларға қарсы тұра алмағандықтан, ауыз қуысында, асқазанда онкологиялық дерт пайда болады.
Колледж студенттерімен өткен кездесуге қатысқан аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы Ж.Бисенбай шайнайтын темекінің қауіптілігі туралы сөз алды:
– Көптеген адамдар темекі шегуден бас тартып, оның балама жолдарын таңдады. Ал снюс сол баламалардың бірі. Онда 2500 түрлі химикаттар бар. Улы заттар мен тітіркендіргіштерден басқа, шайнайтын темекінің құрамында канцерогендер де (алкалоидтар, алкандар, нитраттар, металл қосылыстары және т.б) кіреді, – деді.
Облыстық жастар денсаулығы орталығының аудандық құрылымдық бөлімшесінің психологы А.Молдашева жасөспірімдер снюсті қалай қабылдайды деген сұраққа жауап берді.
– Темекі тұтынудың жақтастары никотин темекіге қарағанда ағзаға қауіпсіз деп санайды. Өйткені жану процесі алынып тасталады. Түтін жоқ, демек зиян аз деген қате пікір тудырады. Шынында да темекі тудыратын аурулардың көпшілігі түтіннен туындаған. Алайда шайнайтын темекіні ағзаға қауіпсіз деп санау қате. Зерттеулер снюс темекіні ауыстыру емес және одан да темекі тастаудың жолы емес екенін растайды. Егер ауызда кішкене қалтаға салынған снюсті белгіленген уақыттан ұзақ ұстасаңыз, ауыр уыттану болуы мүмкін. Снюс әуесқойлары жиі қызыл иек эрозиясы мен стоматитке ұшырайды. Тістері өте тез бұзылады. Көмей ауруы, ауыз қуысының жарасы немесе эрозиясы туындайды. Жиі өңеш пен ішек зардап шегеді. Себебі никотин асқазан-ішек жолына және өңешке түседі.
Кездесуде аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторы Б.Аблазиев:
– Қоғамға алаңдаушылық әкелген снюсті Қазақстан аумағында сатылуына тыйым салынды. Осы уақытқа дейін құрамында никотині бар өнім елімізде еркін сатылып келген. Кәмпитке, сағызға ұқсайтындықтан, снюсті балалар байқамай сатып алуы мүмкін. Бір снюстің құрамында 40-60 миллиграмнан аса никотин бар. Яғни бір дана снюс үш қорап темекімен тең. Бұл жас ағзаны тез тәуелді ететін қатерлі зат. Салдарынан адам ағзасында обыр кеселі мен өзге де қатерлі аурулар пайда болуы мүмкін. Сондықтан жасөспірімдердің темекі мен есірткінің қосындысы бар заттың шырғалаңына түсіп қалмауына бар күшімізді салуымыз керек, – деді.
Осылайша мамандар адам денсаулығына кереғар әсерін тигізетін зат туралы егжей-тегжей айтып, түсіндірді. Өскелең ұрпақты жаман әдеттен жирендіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Бибісара ЖАНӘЛІ