Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық қалаулысы тұрғындармен кездесті

Халық қалаулысы тұрғындармен кездесті

КЕШЕ АУДАНҒА ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ Б.КЕСЕБАЕВА ІССАПАРМЕН КЕЛІП, БІРҚАТАР ЕЛДІ МЕКЕНДЕ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ. КЕЗДЕСУГЕ АУДАН ӘКІМІ Р.РҮСТЕМОВ, АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ Е.ӘЖІКЕНОВ, NUR OTAN ПАРТИЯСЫ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ Е.ЖАҚЫП ЖӘНЕ ТҰРҒЫНДАР ҚАТЫСТЫ.
Мәжіліс депутаты Жетікөл және Аманкелді ауылында халықпен жүздесті. Кездесуді ашқан аудан әкімі Р.Рүстемов көпшілікті жаңа жылмен құттықтап, өткен жыл еліміз үшін, оның ішінде аудан үшін табысты жылдардың бірі болғанын атап айтты. – 2019 жыл ауданымыз үшін табысты болды деп айта аламыз. Барлық макрокөрсеткіштер бойынша жағымды оң динамикаға қол жеткіздік. Әлеуметтік тұрақтылық орнықты сақталуда. Облысымызда Nur Otan партиясының Сырдария аудандық фи­лиалының кадрлық резервін қалыптастыру бағытындағы пилоттық жобаны абыроймен өткіздік. Ал 2020 жыл мерейтойлар жылы болғалы тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес 2020 жылы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтіледі. Сонымен қатар Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, белгілі ақын Күдері қожаның 200 жылдығы және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы кең көлемде аталып өтілмек, – деді аудан басшысы. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Б.Кесебаева өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралап өтті. Оның ішінде бірқатар заң қабылданып, өзгертулер енгізілгенін атады. – ҚР Парламенті Мәжілісінің алтыншы шақырылымындағы депутаттар 77 заң жобасын қарап, оның 34-і Сенатқа жолданды. Қазіргі таңда Мәжілісте болатын әр жұмысшы топтың отырысы тікелей көрсетілім арқылы көрсетіледі. Сол арқылы талқыланып жатқан заң жобасын қазақстандықтар көре алады. Өткен жылы халық арасында көп талқылауға түскен мәселелер – «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы мен халықтың денсаулығына қатысты заңдар. Осындай мәселелерді талқылауда халықтың пікірі, ұсынысы біз үшін маңызды, – деген Балайым Туғанбайқызы кейбір заң жобаларына тоқталды. Мәселен, «Педагог мәртебесі туралы» заң ұстаздардың сапалы білім беруі үшін және оларды артық жүктемеден арылту үшін қабылданып отыр. Онда мұғалімдердің ар-намысына тиіскендерге қатысты жауапкершілік күшейтіліп, тиісті мөлшерде айыппұл төлемек. Сондай-ақ оларды әлеуметтік жағынан да қамтамасыз ету қолға алынған. Одан бөлек елімізде жолкөлік оқиғаларының жиілеп кетуіне байланысты да бірқатар заңға өзгерістер енген. Атап айтқанда, көлікті мас күйінде жүргізген адамды 10 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айыру туралы өзгерістер қамтылған. Осылай заңдық тұрғыдан талап күшейгенде ғана қылмыстылық айзаймақ, оның ішінде жол-көлік оқиғаларының көрсеткіші де төмендейтін болады. Сонымен бірге депутат тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлықзомбылыққа, нашақорлыққа, адам өліміне қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейту шараларын да атап өтті. Мұнан соң халық қалаулысы ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Тұрғындар «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының қабылданғанына ризалығын білдіріп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға және зейнетақы мен еңбекақыға қатысты сауалдарын жолдап, тиісті жауап алды. Кездесуде аудан әкімі Руслан Рүстемов Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнінде ауданға іссапармен келіп, халықпен жүздескен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Б.Кесебаеваға алғыс айтып, жұмысына табыс тіледі. Іссапар барысында халық қалаулысы Аманкелді ауылындағы №8 “Айгүл” балабақшасының жұмысымен танысты. Одан бөлек Бесарық ауылында қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген ауыл тұрғындары кәсіпкерлік, спорт, мәдениет, медицина саласына және жолға қатысты ұсыныс, өтініштерін білдірді. Әрбір мәселе бақылауда болатынын айтып, кейбір мәселелер Парламент Мәжілісінде талқыланатынын жеткізді.
Ердос Беркіньаев
06 қаңтар 2020 ж. 930 0