Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақта келінге кимешек кигізу дәстүрі қалай орын алған?

Қазақта келінге кимешек кигізу дәстүрі қалай орын алған?

Жас келінге кимешек-шылауыш кигізу – келіннің сынақтан өтіп, оның ана жəне түскен жерінің ресми бір мүшесі болғандығының белгісі. Онда, жас келін тұңғыш нəрестелі болғанға дейін күнде ерте тұрып, жай жатып, ауылдағы ең бейнетті жұмыстарды істейді де, тұңғыш перзенті «ит жейдесін» тоздырған соң (тастаған соң), енесі оны ендігі жерде босағада отырып шай құйып, күнде ерте тұрып дəрет суын жылытудан босатады.
– Қарағым, балам! Сен енді ана болдың, балалықтан қол үздің. «Басы қатты болса, аяғы тəтті болады» деген, істегенің бізге, үйренгенің өзіңе жақсы. Қаталдығымыз болса өзіңді шынықсын, ширасын, үйренсін, бойына жақсы қасиет дарытсын дегеніміз, артық кеткен жерімізді кеш, қалқам! – деп, оған əдемілеп зерлеп-кестелеген ақ кимешек-шылауыш кигізіп, жоғары шығарып өзі шай құйып береді. Туыс- туғандары алғыс-баталарын береді. Міне, бұл келінге «кимешек-шылауыш кигізу», яғни, қасиетті киім кигізу деп аталады.
Кимешек-шылауыш киген күннен бастап келін біршама еркін жүріп-тұрады. Енесімен бұрынғыдан ары сыйласып, түсінісіп, араларында өзара сыйластық пен жарастық орнайды. Жас бөбек қырқынан шығып, ширай бастаған соң, енесі келінін төркініне жіберіп, төркіндету қамына кіріседі.
Бұл келіннің көңіл-күйін орнықтырып, жігер-күшін тасытып, үміткерлікке жетелейді. Өзін азамат ретінде еркін сезінеді. Адамдармен қарым-қатынасын кеңейтіп, өзара түсіністігін тереңдетіп, сүйіспеншілігін арттырады. Ал, күйеуі қайтыс болған əйелдер кимешек-шылауышты кестелемей, сидам ақ кездемеден ғана тігіп киеді. Киген кимешек-шылауыштарына қарап, қазақ əйелдерінің күйеуі бар-жоқтығын білуге болады.
Жас келінге кимешек-шылауыш кигізу келіннің жауапкершілік жəне борыштық сезімін арттырып, отбасын бақыт-байлыққа кенелтуге құлшындыра түседі. Жанын, арын таза ұстап, «ана» деген қасиетті атқа, ел-жұрты мен ата-анасының бетіне шіркеу келтірмеуге құлшындырады.

Ғаламтор көзінен алынды


02 қаңтар 2020 ж. 1 798 0