"Q-MED" медициналық орталығы ашылды
"Q-MED" медициналық орталығы 2016 жылдың мамыр айында Новосибирск қаласындағы Ашот Папикович Хачатрянның "Халықаралық Денсаулық Академиясы" клиникасының аналогы бойынша ашылған. 2018 жылдың қаңтарынан бастап атауы
«Q-MED» Медициналық Орталығы болып өзгерген. Аталмыш емдеу мекемесінде ересектер мен балаларға бірегей емдеу-сауықтыру бағдарламалары қолданылады. Орталық ем алушылардың иммунитетін табиғи қалпына келтіруге негізделген бағдарлама арқылы жұмыс істейді. Соңғы төрт жылдың ішінде орталықта 4600 адам кеңес алып, 3600 науқас кешенді емдеуден өткен.
Орталықтың ашылуымен құттықтаған аймақ басшысы қажетті кеңес пен дертіне шипа іздеген азаматтарға қызметін ұсынып отырған емдеу мекемесінің жұмысына сәттілік тіледі.
"Бірінші байлық – денсаулық" дейді халқымыз. Ұлт пен ұрпақ саулығын алдыңғы орынға қойған мемлекетімізде медицина саласына барынша қолдау жасалған. Облыс бюджетінің де басым бөлігі денсаулық сақтау саласына жұмсалады. Бүгінде халыққа сапалы қызметін ұсынатын жеке клиникалар да көбейіп келеді. Соның бір дәлелі
"Q-MED" медициналық орталығы екінші жаңа ғимаратының ашылуы. Бұл бастаманың тек медицина жағынан ғана емес, әлеуметтік жағынан да тиімділігін айту керек. Яғни, орталық бүгінгі күні 25 адамды жұмысқа тартса, оның ішінде жастар практикасымен келіп орналасқан 14 жас маман және 4 мүмкіндігі шектеулі азаматты тұрақты жұмыспен қамтуда. Сонымен қатар, өңірдегі мемлекеттік және жеке медициналық колледждер студенттері практикадан осы орталықта өтуде"-, деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.