Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Электронды форматқа көшірілді

Электронды форматқа көшірілді

Ішкі істер министрлігі өз деректер базасын басқа мемлекеттік органдармен біріктірді, – деп хабарлайды baribar.kz

Ішкі істер министрлігі азаматтарды тіркеу туралы мәліметтерді беруді электрон форматқа көшірді. Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлауынша, бұл мәліметті беру – ең жиі көрсетілетін мемлекеттік қызмет.

Жыл сайын тұрғындар құжатты, жәрдемақыны, жеңілдікті және басқа қызметтерді алу үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға 10 миллионнан астам мекенжай анықтамасын сұратады. Жұмысқа, мектепке, балабақшаға орналасқанда және тағы басқа жағдайларда азаматтар ХҚКО-ға, мемлекеттік органдарға барып, кезек күтіп тұруға мәжбүр. Ішкі істер министрлігі өз деректер базасын басқа мемлекеттік органдармен біріктірді. Бұл халыққа мемлекеттік қызмет көрсету тетіктерін жеңілдетті. Мысалы, мекенжай анықтамалары енді берілмейді. Өйткені бұл деректер барлық мемлекеттік органның деректер базасында бар, – деп хабарлады Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Қағазбастылықты болдырмау және уақытты үнемдеу үшін енді мекенжай туралы анықтама сұратылмайды.

Қазір норматив құқық актілеріне тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр. Азаматтар электрон үкімет порталындағы жеке кабинетінен тіркеудегі мекенжайы туралы ақпаратты тексере алады. Үй иелері портал немесе электрон үкіметтің мобайл қосымшасы арқылы олардың мекенжайында тіркелген адамдар туралы ақпаратты тексере алады. Мекенжай анықтамасын беруді тоқтату қажетсіз құжаттан арылтады және азаматтардың ақпарат алу үшін ХҚКО-ға жүгінуін азайтады, – делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі азаматтарды тіркеуге байланысты басқа да бірқатар мемлекеттік қызметті жеңілдетіп, оңтайландырды.

Ішкі істер министрлігі жыл соңына дейін “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы аясында тағы сегіз қызметті электрон форматқа ауыстыруды жоспарлап отыр. Осылайша, министрлік халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 90%-ке жуығын автоматтандырады, – дейді олар.

30 қыркүйек 2019 ж. 540 0