Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сингапурда таныстырылған жоба

Сингапурда таныстырылған жоба

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері Мемлекеттік қызмет саласындағы Астаналық хабтың қолдауымен Сингапурдың Мемлекеттік қызмет колледжінде өткен «8th Temasek Foundation International Governance & Public Administration Programme» бағдарламасына қатысты.
Сингапурдың экономикасы 2019 жылғы Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіне сәйкес әлемдегі ең бәсекеге қабілетті деп танылғандықтан, бұл елдің мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызметінің тәжірибесін зерделеу Агенттік үшін ерекше қызығушылық тудырады.
Азия-Тынық мұхит аймағының 9 елдерінің, соның ішінде Қытай және Үндістанның қатысуымен өткен бағдарлама барысында қазақстандық «Президеттік жастар кадр резерві» жобасы таныстырылды. Қатысушыларды Президеттік жастар кадр резервін құру, іріктеу үрдістері мен олардың ашықтығы, Қазақстанның талантты жастарды мемлекеттік қызметке тарту бойынша тәжірибесі қызықтырды.
Сапар аясында Агенттік өкілдері Сингапурдың мемлекеттік қызметтің адами капиталын дамыту міндетін атқаратын Сингапур Премьер-Министрі Кеңсесінің жоғары лауазымды тұлғасы Лим Пуай-Се ханыммен екіжақты кездесу өткізді.
Лим Пуай-Се ханым Президенттік жастар кадр резервін қалыптастырудың өзектілігін атап өтіп, таланттар пулын құру бойынша Сингапурдың тәжірибесімен бөлісті.
Лим Пуай-Се ханымның айтуынша, Президенттік жастар кадр резервін құру барысында резервистердің бастамалары мен жобаларын, мемлекеттік басқарудағы жаңа тәсілдерін мемлекеттің дамуы игілігіне енгізе отырып, олардың әлеуетін кеңінен қолдану қажет.
Естеріңізге сала кетейік, «Президенттік жастар кадр резервін» құрудың мақсаты жастар үшін тиімді әрі ашық әлеуметтік лифт құру болып табылады.
Президенттік жастар кадр резервіне өткендер саяси және жоғары әкімшілік лауазымдарға, ұлттық холдингтар мен компаниялардың жоғары басқарушы лауазымдарына тағайындалуға мүмкіндік алады.
Іріктеуге қатысу үшін тіркеу рәсімінен 13212 адам өтті, оның ішінде қыркүйек айының соңына дейін 7312 үміткер тіркеу рәсімін толық аяқтады.
«Қабілеттерді тестілеуге» 5745 үміткер қатысты, тестілеуді верификациялауға 902 үміткер жіберілді.
Қазіргі таңда тестілеуді верификациялау нәтижесі бойынша іріктеудің келесі кезеңі – «Әлеуетті бағалауға» 549 қатысушы сәтті өтті. Аталған кезең 3 құрамдас бөліктен тұрады: жобаны ұсыну, эссе жазу, құзыреттерді бағалау.

ҚР МҚІА баспасөз қызметі

27 қазан 2019 ж. 525 0