Айыппұл төлуге не себеп?
Қазақстандық еңбек нарығындағы миграциялық жұмыстардың күрделене түсуіне шетелден келген жұмыс күші белгілі бір деңгейде әсер етуде. Қазіргі таңда заңсыз сипатқа ие еңбек миграциясы (тек қана экономикалық саладағы жоғары жалақы төленетін шетелдік мамандар заңды түрде миграцияланады) елдің қауіпсіздігіне кері әсерін тигізетін мәселелердің бірі болып отыр.
Сырдария аудандық прокуратурасымен көші-қон заңнамасының сақталуына талдау жасалып, тексерістер ұйымдастыру барысында Бесарық ауылында орналасқан өндірістік кәсіпорында шетел азаматтарының заңсыз жұмыс жасағаны анықталды. Облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен өткен «Мигрант – 2019» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен Бесарық ауылында орналасқан кәсіпорында заңсыз жұмыс жасаған 15 шетел азаматы құрықталып, тиісті әкімшілік хаттама түзілді. Нәтижесінде, шетел азаматтары Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы 2-бөлігі, 517 бабы 5-бөлігі негізінде әкімшілік жауаптылыққа тартылып, әкімшілік қамақ түрінде жаза қолданылды.Сонымен қатар оларға 568 125 теңге көлемінде айыппұл салынып, қаржы өндіріліп, мемлекет қазынасы толықтырылды.
Сырдария аудандық прокуратурасы азаматтарға көші-қон саласындағы заңнама талаптарының сақталуын ескере отырып, шетелден келетін жұмыс күшін пайдаланбас бұрын оларды өздерінің мекен-жайларына тіркеу және міндетті түрде медициналық тексерілуден өтуін қамтамасыз ету керектігін ескертеді. Себебі басқа мемлекеттерден келген азаматтар көптеген жұқпалы аурулармен ауруы мүмкін.
Егер шетел азаматы Қазақстан Республикасына жұмыс жасау үшін келсе, онда көші-қон карточкасына жұмыс үшін деген белгі қойылу керек. Ал басқа қалаға немесе аудандық елді мекендерге шығу үшін Көші-қон полиция басқармасына ескертпестен мекен жай ауыстыруға болмайды.
Сырдария аудандық прокуратурасы