Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шалыс басқандарға шектеу бар

Шалыс басқандарға шектеу бар

Аудан әкімдігінде тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шарасы бойынша «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жандос Тұсмағанбетовпен кездесу өтті.
Тұрмыстық жемқорлық туралы кеңінен түсінік берген жоба жетекшісі – бұл сыбайластық кез-келген жағдайда орын алуы мүмкін екенін айтты. Аты айтып тұрғандай жемқорлықтың бұл түрі тұрмыста қарапайым болып көрінген жағдайларда орын алады. Мысалы, адамдар анықтамаға кезекте тұрғысы келмейді, сынақ пен емтихан тапсыруға, жол жүру ережелерін сақтауға, тұрғын үйге немесе балабақшаға кезекке тұруға тілек білдірмейді. Осындайда пара беру арқылы мәселенің тез шешімі болатынына сенеді. Яғни қоғамдағы мәселелерді қарым-қатынас арқылы шешу көптеген азаматтар үшін қалыпты жағдайға айналған. Ал бұл бүкіл қоғамның моральдық ұстанымдары үшін орасан зор залал. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға атсалысу – әрбір азаматтың міндеті.
Отбасындағы ата-анадан бастап, мұғалімдер өскелең ұрпақтың құлағына әдептілік, адалдық, сенімділік, парасаттылық туралы ұғымды құйса, бұл қоғамның дертті аластатуға әбден болады. Себебі заңға сәйкес қазір пара алушымен қатар пара беруші де жауапқа тартылады. Ал пара туралы кез-келген деректі тиісті органға хабарлағандарға мемлекет тарапынан сыйақы белгіленгенін айта кеткен жөн.
– Қарапайым ғана мысал, соңғы кезде мектептерде ашылған «Сатушысы жоқ дүкен» кәсіпкерлердің сенімінен шықпаған. Дүкен сөрелеріне қойылған затты «сатушысы жоқ болғандықтан» құнынан кем бағаға емін-еркін алып кете беру фактісі – оқушылардың адалдық туралы түсініктен жұрдай екенін көрсеткен. Осындай болмашы нәрседен тұрмыстық жемқорлық туралы көптеген мысалдар келтіруге болады, – деді Ж.Тұсмағанбетов.
Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес алдымен азаматтардың санасын өзгерту қажет екендігін аңғартады. Жымқыру, жемқорлық, сыбайластық сияқты қоғам дертін толық жойюға жұрт жұмылуы тиіс.Түбінде шалыс басқандарға шектеу бар.

Б.ЖАНӘЛІ
12 қазан 2019 ж. 610 0