Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ЖОБАЛАР ӨЗ ТИІМДІЛІГІН КӨРСЕТУДЕ

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ЖОБАЛАР ӨЗ ТИІМДІЛІГІН КӨРСЕТУДЕ

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМІЗДІҢ ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ДАМЫҒАН ОТЫЗ МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚАТАРЫНА ЕНУІНЕ ЫҚПАЛ ЕТЕТІН ФАКТОРЛАРДЫҢ БІРІ - ОЛ, СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ, ОНЫ МЕЙЛІНШЕ АЗАЙТУ БОЛЫП ОТЫР. БҰЛ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ ДА БАСЫМ БАҒЫТЫНЫҢ БІРІ.
Соңғы жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен елімізде, оның ішінде аймағымызда аталған індетті жою бағытында толымды тірліктер атқарылып, тың жобалар жүзеге асырылуда.
2018 жылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларын түсіндіру бағытында облыс бойынша барлығы 4300-ден астам ісшара өткізілген. Бұл 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3 есеге артқан.
Өңірдегі 36 шетелдік үлесі бар компания мен кен орындарында жемқорлықтың алдын алу бойынша түсіндірмелі кездесулер өткізілсе, 32 мемлекеттік мекемеде қоғам назарына іліккен жемқорлық қылмыс бойынша талқылау жүргізілді.
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру бағытында Агенттіктің облыстағы департаменті бастамасымен бірқатар жоба жүзеге асырылып, өз тиімділігін көрсетуде.
Инвесторлармен кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдейтін «Рrotecting business and investments» жобасы аясында инвесторлармен 17 кездесу, фронт-офисте 12 жеке қабылдау өткізілді. Шетелдік және отандық инвесторлардан түскен 25 өтініш бойынша тиісті жұмыстар жасалды. Облыстағы жалпы құны 592,7 млрд. теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба антикоррупциялық сүйемелдеуге алынды.
Халқымыздың «Тәрбие тал бесіктен» дегеніндей өскелең ұрпаққа тәлімді тәрбие беріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында жасөспірімдер мен жастар арасындағы профилактикалық шараға ерекше көңіл бөлінуде.
Міне осы бағытта, облыста орта мектеп оқушыларының қатысуымен «Адал ұрпақ» жобасы іске асуда. Өткен жылы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектепинтернатының базасында «Адал ұрпақ» ерікті оқушылар клубының облыстық штабы құрылып, өз жұмысын бастады. Аталған штаб республикада алғаш рет Сыр өңірінде құрылып отыр. 16000-нан астам мүшесі бар «Адал ұрпақ» клубының жұмысы осы штаб арқылы үйлестірілетін болады.
2018 жылдың сәуір айынан бастап өңіріміздегі жоғары оқу орындары мен колледждерде «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» жобасы жүзеге асуда. Саналы ұрпақ клубтарының мақсаты – студенттік ортада сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті және оған қарсы тұруға насихаттау, таза сессия шараларын қамтамасыз ету. Өткен жылдың қараша айында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің №1 оқу ғимаратында осы жұмысты үйлестіретін базалық фронт-офис қызметі ашылды.
Ағымдағы жылы жүзеге асырылып жатқан жобаның бірі – «Адал жол» жобасы. Жобаның мақсаты – темір жол саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністерін алдын алу, яғни билеттерді алыпсатар мен билетсіз мінгізіп берушілерді (қосалқы көмекшілерді) азайтып, жолаушыларға заң аясында билетпен қамтамасыз ету, қолайлы жағдай туғызу болып табылады.
Бұл жобаны жүзеге асыру мақсатында Департаментпен көлік бақылау инспекциясы, желілік полиция және қоғамдық ұйымдардың өкілінен тұратын арнайы топ құрылды. Топпен 2018 жылдың қараша, желтоқсан айларында 15 рейдтік ісшаралары жүргізілді. Бақылау шаралары нәтижесімен техникалық және қызмет көрсету сапасына қатысты 70 кемші­ліктер анықталды. Мысалы, №8 Саратов-Алматы поездінің толық составында гигиеналық заттар мүлдем жоқ болып шыққан. Сондай-ақ рейдтер барысында жолаушылардың билетсіз жүруі бойынша 25 факті анықталып, 11 жолсерікке әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырылды.
«Адал жол – честный путь» марафоны облыс орталығы, барлық аудан мен ауылдық елді-мекенде өткізілді. Марафон барысында 18 конференция, 115 дөңгелек үстел, 97 кездесу, 92 автошеру және өзге де түрлі форматтаіс-шара ұйымдастырылды.
«Азаматтық бақылау» жобасы аясында 15 ауқымды іс-шара өткізіліп, 67 қоғамдық қабылдауда 236 азамат болды. «Қоғамдық бақылау картасы» жобасына азаматтардан 153 өтініш түсіп, заңға сәйкес тиісті шешім қабылданды. «Жолдағы сыбайлас жемқорлық белгілерінің алдын алу мен оларды төмендету бойынша 10 қадам» жобасы аясындағы 25 бірлескен рейдте 43 заңбұзушылық анықталып, 23 қызметкер тәртіптік және сәйкесінше әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында әкімдікпен бірге елорданың тәжірибесінің негізінде «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалық кеңсесін құру жөнінде тапсырма берген болатын.
Осы ретте, «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі құрылып, 2018 жылдың 13 желтоқсан күні ресми түрде ашылды. «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің негізгі міндеті – республика бойынша ең проблемалық, сыбайлас жемқорлық белең алған саланың ішінде жүйелі түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шарасын қабылдау. Жоба аясында жүргізіліетін мониторингтік жұмыстар барысында білім, денсаулық сақтау, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, халықты әлеуметік қорғау, мемлекеттік кірістер, сот және құқық қорғау органы қызметі қамтылады.
Жобалық кеңседе тұрақты түрде жұмыс істейтін 5 қызметкермен қатар, үкіметтік емес ұйымның өкілінен тұратын Сарапшылар кеңесі құрылады. Азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету барысында қолайлы жағдай жасау бағытында тиісті шаралар қабылдай отырып, аймақта тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты азайтуға үлес қосатын болады.
Жыл өткен сайын тұрғындардың құқықтық сауаттылығы артып келеді. Бүгінгі таңда, пара алушымен қатар пара берушінің де, пара беруге делдал болғанның да, оған үгіттеген адамның да заң алдында жауапқа тартылатыны халықтың басым көпшілігіне белгілі.
Бұған дәлел облыс тұрғындарының сыбайлас жемқорлық мәселесіне көзқарасын анықтау мақсатында «Сыр медиа» ЖШС-нің Ақпараттық талдау ор­­­­­­­талығы жүргізген әлеуметтік зерттеуге қатысқандардың 19 пайызы ғана қиналған сәтінде пара беретінін білдірген. Ал, 66 пайызы сыйақы немесе пара бермейтіндігін айтқан. Пара бермейміз деушілердің қатары өткен жылмен салыстырғанда 6,7 пайызға артып отыр.
Ал, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тапсырысы негізінде «You&Me» Қоғамдық пікірді зерттеу орталығының Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін анықтау бойынша жүргізген социологиялық зерттеуіне қатысқан аймақ тұрғындарының 63,9 пайызы ешқандай жағдайда сыйақыпара бермеймін десе, 73,2 пайызы сыбайлас жемқорлыққа қарсы екендерін білдірген. Респонденттердің 83,3 пайызы пара немесе сыйлық беру жағдайына кезікпегендігін жеткізген.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған деген төзбеушілікті қалыптастыру бағытында жобалардың тиімділігін арттыру үшін, қоғамның, әрбір азаматтың атсалысуы – ол бүгінгі уақыттың талабы және парызы екендігін ұғынуымыз қажет.

Берікбол БАЙХОЖАЕВ,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары
12 қаңтар 2019 ж. 1 074 0