Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 86 газет

11 қараша 2025 ж.

№ 85 газет

08 қараша 2025 ж.

№ 84 газет

04 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
» » Төл газет төріңізден табылсын!

Төл газет төріңізден табылсын!


Әне-міне дегенше 2026 жылдың І жартыжылдығына газетке жазылу науқаны басталып кетті. Көпшілік газет жұмысын, «арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналист еңбегін жете түсіне бермейді. Біз ондайда «өзгелер айына бір, тоқсанына бір басшыға есеп берсе, біз аптасына екі рет халыққа есеп береміз» деп жауап береміз. Аудандық «Тіршілік тынысы» газеті бүгінгі таңда аптасына екі рет ойлы оқырманымен асыға қауышады.

Әдетте аудан тұрғындары төл газетке тұрақты түрде жазылады. «Аудан жаңалықтарынан хабар алып отырамыз. Ең алдымен «Тіршілік тынысы» газетін қолға алып, көз жүгіртеміз. Ауданда не жаңалық болып жатқанын газет болмаса, білмей қаламыз. Газет аптасына жеті рет шықса, жеті рет күтіп оқуға бармын» дейді еңбек ардагері Т.Сүлейменов. Оқырманның озық пікірі газет қызметкерлеріне күш-жігер беретіні сөзсіз.

Әдетте біз газетке жазылу науқанында алғашқы болып межені орындаған ұжым­дарды газет бетінде жариялап, басылым таралымын арттыруға үлес қосқан ме­ке­мелерді үлгі етеміз. Биылғы науқан басталғалы Сырдария аудандық мәслихаты ең алғашқы болып межені толық орындаған. Баспасөз бөлімі мамандарының есебінше, үлгілі үрдісті аудандық кәсіпкерлік бөлімі, одан кейін өнер мектебі жалғастырып отыр. Аталған тізімді Аманкелді ауылдық округі әкімдігі жалғап, көш басынан көрінді.

Мәслихат – жергілікті жерде, мем­лекеттік басқаруда өзіндік орны бар өкілді орган. Жергілікті мәслихаттар сол аймақ халқының қалауын және мемлекеттік мүддені ескере отырып, қабылданған шешімді жүзеге асыру шарасын белгілейді әрі атқарылу барысын қадағалайды. Ал мәслихат депутаттары – халық пен билік арасындағы алтын көпір деуге болады. Сол депутаттардың жұмысын үйлестіруші, сессия жұмысын ұйымдастырушы – осы мәслихат қызметкерлері, сала мамандары.

Ал кәсіпкерлік саласы ұдайы дамып отырған кезеңде кәсіпкерлік бөлі­мінің атқарар жұмысы ауқымды. Газетпен тұрақты байланыс орнатқан бөлім қызметкерлері әркез жақсы жаңа­лықтарымен де бөлісіп отырады. Аудан­ның әлеуметтік, эко­номикалық ахуалын жақсарту жолында жұмыла еңбек етіп жүрген сала мамандары ауданда 2827 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелгенін айтады.
Өнер мектебінің өнерлі ұжымы биыл да алғаш­қылардың бірі болып аудандық газетке қолдау білдірді. Жылдағы дәстүрге сай газет таралымын арттыруға үлес қосқан ұжым бұған дейін де аудандық газет бетінен орын тапқан болатын. «Ауданның әрбір тұрғыны аудандық газеттің тұрақты оқырманы болуы керек» дейді өнерлі қызметкерлер.

Ал Аманкелді ауылында бүгінде атқарылып жатқан игі бастама баршылық. Ауыл қарттары мен жастары аудандық газетті жібермей оқитындықтарын айтады. «Мерзімді басылымдар – нағыз тарих, нағыз шығармашылық деп білемін. Әсіресе, аудандық «Тіршілік тынысы» газетін үзбей оқимын. Аудан айнасы күн сайын жаңаша кейіп алып келеді. Мақалалар мазмұны да тұшымды. Редакция жұмысына сәттілік тілеймін» дейді аманкелділік ақсақал Тұрғынбай Момынов.

Газетке жазылушылар үшін редакция есігі әрдайым ашық. Газетке жазылу науқанында үлгі көрсеткен ұжым­дарды алдағы уақытта да ақпараттандырып отыратын боламыз. Біз газет оқудың зиялылық белгісі екенін айтудан жалықпаймыз. Ендеше сіз де газетке жазылыңыз, құрметті оқырман!

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ

11 қараша 2025 ж. 74 0