Фармацевтика саласында 2029 жылға дейін отандық дәрі-дәрмек өндірісі үлесін 50%-ға жеткізу жөніндегі тапсырманы орындау бойынша шаралар қабылдануда

Референттік баға белгілеудің жаңа моделін енгізу дәрі-дәрмек құнын 12%-ға төмендетуге мүмкіндік беріп отыр, ал жалпы экономикалық тиімділік шамамен 50 млрд теңгені құрады.
Бұл қаражат терапияның қолжетімділігін кеңейтуге және сапасын арттыруға бағытталады. Сонымен қатар амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізімі оңтайландырылып, бұл өз кезегінде инновациялық препараттарды енгізу үшін қосымша ресурстар босатуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар саланың цифрлық трансформациясы жүргізіліп жатыр. Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құрылуда. Қабылдаулар туралы жалған жазбалармен күресу мақсатында 2024 жылдың тамызынан бастап пациенттерді цифрлық сәйкестендіру жобасы («Цифрлық құжат» және Face ID арқылы) іске қосылды. Нәтижесінде негізсіз көрсетілген медициналық қызметтер көлемі 6%-ға (4,7 млрд теңгеге) азайды.
Сұранысы ең жоғары 8 медициналық анықтама түрі цифрландырылды:
· 073/у «Көлік құралын басқаруға рұқсат беру»,
· 075/у «Медициналық анықтама»,
· 052-2/у «Баланың денсаулық паспорты»,
· 026/у «ДКК қорытындысы»,
· 069/у «Санаторий-курорттық карта»,
· 076/у «Қару ұстауға рұқсат алу»,
· 038/у «Уақытша еңбекке жарамсыздық туралы анықтама».
Жыл басынан бері ақпараттық жүйелерде 4,7 млн-нан астам осындай құжат тіркелді. Қазіргі уақытта «еңбекке жарамсыздық парақтарын» қағаз түрінде қолдануды толықтай алып тастау жұмыстары жүргізілуде. Медициналық ақпараттық жүйелердің функционалы оңтайландырылып, медицина қызметкерлеріне түсетін жүктеме 40%-ға дейін азайды. Маңызды қадамдардың бірі – биылғы жылдың қыркүйегінен бастап жасанды интеллект негізіндегі «дәрігер көмекшісін» енгізу, бұл диагностика үдерісін оңтайландыруға және қателіктерді барынша азайтуға мүмкіндік береді.