Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл

Бүгін академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл

Қаныш Имантайұлы 1899 жылы 12 сәуірде қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында (бұрынғы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Ақкелін болысы) Имантай бидің (руы Қаржас) отбасында дүниеге келді. Шын есімі – Ғабдул-Ғани, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сауатын ауыл молдасынан ашқан ол кейін Шорман ауылында орналасқан мектептің төрт жылдық бағдарламасын үш жылда аяқтайды. 1911 жылдан бастап Павлодардағы 2 сыныпты орыс-қазақ училищесіне аттанып, мерзімінен бір жыл бұрын тәмамдайды. 1914 жылы Семей мұғалімдер семинариясына түсіп, оны төрт жылда аяқтап, бастауыш мектептерге орыс тілінен сабақ беруге құқық беретін куәлікке ие болады.

1918 жылдың күзінде Земство басқармасының қаржысымен Алаш қалашағында ашылған, ауылдық қазақ мектептері үшін мұғалім болудан еңбек жолын бастайды. 1920-1921 жылдары Қаныш Сәтбаев туған өлкесіне оралып, асқынған туберкулез дертінен қымыз ішіп емделеді.

1921 жылы Қаныш Сәтбаев томскілік геология профессоры, академик М.А. Усовпен кездеседі. Аталған кездесудің Қаныш тағдырындағы мәні зор, ол Сібір технологиялық институтының студенті бола жүріп, өзінің өмірлік мұратына айналған жолды таңдайды.

1926 жылы Қ.Сәтбаев Томск технологиялық институтын тәмамдап, тау-кен инженер-геологы дипломын иеленген қазақтың алғашқы азаматы ретінде халық шаруашылығы Орталық кеңесінің қарамағына жіберіледі. Қаныш әлемдегі ең ірі мыс кен орны Қарсақпайда екендігін дәлелдеу үшін аттай 15 жылын сол жерде өткізеді. Мұнда ол «Атбасцветмет» трестінің геология бөлімін басқарды.

Қазақстан ғылымының ірі ұйымдастырушысы ретінде танылған Қаныш Сәтбаев 130-дан астам еңбегін негізінен Жезқазған кен орынына арнап жазып, Жезқазған мыс кен орнының зерттелуі мен дамуына айтарлықтай үлес қосты.

1942 жылы Алматыға көшіп келгеннен кейін, екі маңызды монографиясы жарық көрді. Біріншісі – «Қазақстан мен Кеңес Одағының мыс құмдары» монографиясы. Екіншісі – «Қазақстанда қара металлургияның дамыту мүмкіндіктері туралы». Бұл еңбектер, мыс және темір рудасының тапшылығы кезеңдерінде өнеркәсіптің дамуына зор үлес қосқан.

Соғыс қарсаңында, Қаныш Имантайұлы өзінің маңызды еңбегі «Жезқазған аумағының кен орындары» деп аталатын көлемді монографиясын аяқтайды. 1942 жылы бұл еңбегі үшін ол Мемлекеттік (Сталиндік) екінші дәрежелі сыйлыққа лайық деп танылды. (Жезқазған кен орыны соғыстың ауыр күндерінде Қазақстанға арзан мыс өндіру арқылы үлкен үлес қосқан).

Қаныш Сәтбаев қырықтан астам ғылыми еңбек жазды, олардың бірқатары диссертациялық жұмыс ретінде танылды. 1942 жылдың 17 тамызында Жоғары аттестациялық комиссия оның жұмыстар жиынтығын бағалау негізінде Қаныш Имантайұлына геология-минералогия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін береді.

Айтулы ғалымның басшылығымен өткен ғасырдың 40-шы жылдары Қазақстанда Жезді марганец рудаларының кен орны ашылып, іске қосылды. Бұл кен орны екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында Кеңес Одағына броньды болат шығаруды жалғастыруға мүмкіндік берді. Соғыс жылдарында КСРО марганец кенінің 70,9% осы кен орнында алынды.

Фото: Egemen.kz
12 сәуір 2024 ж. 236 0