Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№6 газет

24 қаңтар 2026 ж.

№ 5 газет

21 қаңтар 2026 ж.

№4 газет

17 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Руханиятқа салынған іргелі қадам

Руханиятқа салынған іргелі қадам

Елу жылда қоғам, заман, көзқарас, ұрпақ түбегейлі өзгереді. Сондықтан болар, «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген тәмсілдің түп төркіні шындыққа жанасады. Нарықтық уақытта технология, білім мен ғылым, саяси жүйе, әлеуметтік теңдік өзгеріске ұшырағанымен, ұлттың мәдениеті, әдебиеті, руханияты өз ұстанымынан таймайды. Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Сыр елінде жаңа театрдың құрылысы басталатынына аса мән берді. Бұл дегеніміз – Тұраннан тамыр тартқан өңір халқы үшін қуанышты жаңалық.

Өткенге сәл шегініс жасасақ, 1925 жылдың соңында сол кездегі еліміздің астанасы Қызылорда қаласында алғаш театр құрылған. Араға бірнеше ай салып, бірінші тікелей ұйымдастырушысы, тұңғыш директоры Дінмұхамед Әділұлы мен алғашқы режиссер Жұмат Шаниннің ұйымдастыруымен театр шымылдығы «Еңлік-Кебек» трагедиясымен ашылды. Бүгінде Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театры ел мәдениеті үшін қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Алғаш Сыр өңірінде ашылған театр жұмысы туған топырағында әлі күнге тоқтаған емес. Сіз бен біз жақсы білетін Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда об­лыстық қазақ академиялық музыкалық-драма театрының алғашқы сахналық қойылымы 1955 жылы Талдықорған қаласында басталған. Бес жылдан кейін театр Қазақстан Мәдениет министрлігінің арнайы қаулысымен Қызылорда қаласына көшіріледі. Міне, осы күннен бері қаншама буын алмасса да, қызылордалық саңлақтар саф өнердің туын жықпай келеді.

Ұлттық құрылтайда көтерілген әрбір мәселенің мәні зор. Соңғы жылдары бірнеше әлеуметтік нысан ашылып, руханиятқа жіті көңіл бөлінуде. Алдағы уақытта жаңа театрдың іргетасы қаланып, сахнагерлердің айшықты ордасына айналмақ.

– Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Сыр өңіріндегі ауыз толтырып айтуға тұрарлық жұмыстарды жоғары бағалады. Қазақтың атын шығарып, әлемге танытқан Сыр өнерпаздарының қажырлы еңбегіне тоқ­талды. Құрылтайда көтерілген әрбір бастаманың өзегін­де ел болашағына тікелей әсер ететін ауқымды жобалар жатыр. Мәдениет саласында қызмет ете жүріп, талай театр өнеріне машықтандық. Қойылымның табиғатын ашу үшін барымызды салдық. Сондағы мақсат – көрерменнің талғам үдесінен шығу, қоғамның өзекті мәселесін сәтті сахналау. Жаңа театрдың салынуы арқылы облыс жұртшылығы үлкен белесті бағындырғалы отыр. Бұл бастамаға сахнадағы өнер мен қоғамдағы өмірді жақсы ұғынатын жан ретінде шынайы қуанамын. Қашанда Қызылорда облысы республикада көш басынан табыла берсін, – дейді мәдениет саласының ардагері, талантты сахнагер Мінәш Ысқақ.

Айта кетейік, жерлесіміз, айтыскер ақын Нұрмат Мансұрдың жетекшілігімен «Жастар театры» жұмыс жасау­да. Өткен жылы Сыр театрының абызы, режиссёр Хұсейін Әмір-Темірдің 85 жылдығы кеңінен тойланды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

24 қаңтар 2026 ж. 34 0