Қазақстаннан V Азия Пара ойындарына 150 спортшы қатысады
18-24 қазан аралығында Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында тірек-қимыл аппараты, көру қабілеті зақымданған және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында V Азия Пара ойындары өтеді, деп хабарлайдыEgemen.kz.«Азия Пара ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 1 командалық және 11 жекелей спорт түрінен ел намысын қорғайды. Биылғы ойындарда Қазақстан құрамасы арбадағы теннистен алғаш рет бақ сынайды. Сонымен қатар пара жеңіл атлетикадан зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар да тұңғыш рет жарысқа шығады. Атап айтқанда, олар жеңіл атлетикадан Т20 және пара үстел теннисінен 11-сыныпта жарыс жолына шығады.
Ойындар алдындағы дайындық кезінде спортшыларымыз 23 оқу-жаттығу жиынына қатысып, 22 халықаралық турнирде 63 медаль жеңіп алды. Алдағы жарыстарда да спортшыларымыз өз шеберліктерін барынша көрсетіп, лайықты нәтиже көрсетеді деп сенеміз», деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының Спорт бойынша басқармасының басшысы Қайратбек Сейітбеков.
Пара спортшылар үшін V Азия Пара ойындарының алғашқы жарыстары 16-қазанда пара үстел теннисінен жекелей ойын түрінен басталады. Ал жарыстың ресми ашылу салтанаты 18-қазанда Нагоя қаласының Мидзухо жеңіл атлетика стадионында өтеді.
V Азия Пара ойындарына 45 елден 4 000-ға жуық спортшы қатысып, спорттың 18 түрінен 502 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қазақстан Азия Пара ойындарында 2010 жылдан бері қатысып, жалпы 105 медальді жеңіп алды. Оның ішінде 20 алтын, 35 күміс және 50 қола медаль бар.
2010 жылы 63 спортшымен жарыстың 6 түріне қатысып, 2 күміс және 5 қола жүлде иеленді.
2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында 78 спортшы спорттың 9 түрінен жарысып, 24 медальге (7 алтын, 6 күміс және 11 қола) ие болды.
2018 жылы Индонезияның астанасы Жакартада өткен III-Азия Пара ойындарында еліміздің 90 спортшысы 9 спорт түрінен бақ сынап, 33 медаль (5 алтын, 15 күміс,13 қола) жеңіп алды.
2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен соңғы Азия Пара ойындарында еліміздің намысын қорғаған 131 спортшы рекордттық 41 медальді (8 алтын, 12, 21 қола) еншіледі. Ал жақында болған Азия ойындарында Қазақстан құрамасының спортшылары 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль алып, жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға тұрақтады.










