Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Салт па, әлде жаза ма?

Салт па, әлде жаза ма?

Қазақ халқы салт-дәстүрді берік ұстанатын халықтың бірі. Бірақ уақыт өте келе көптеген салттың түрлері ескіріп, қолданыстан шығып қалып жатқанын да байқаймыз. Ол замана көшіне ілесу ме, әлде халықтың салт-дәстүрге деген көзқарасының өзгеруі ме? Соның ішінде газетіміздің өткен сандарының бірінде тұрмыстық салт-дәстүрдің бірі «байғазы сұрау» туралы айтқан болатынбыз. Енді бүгін тағы да бір көне, қолданыстан шығып кеткен «аяғына жығылу» деген салт туралы ой қозғамақпыз.

Бұл кешірім сұраудың ең үлкен, кішіреюдің ең ауыр түрі болып саналатын ғұрып. Оны орындағанда айыпты адам жанына абыройлы, қадірлі кісілерді ертіп алып, тиісті адамның үйіне рұқсат сұрап кіріп, кешірім сұрайды. Айыбы үлкен болса, айыпкер өзі кінәлі болған адамның аяғына жығылып кешірім сұрап, жалынған. «Аяғына жығылу» – әрі ғұрып, әрі жазаның бір түрі болып саналған.

Қазіргі кезде көбіне жазалаудың түрі ретінде қолданыста жүрген бұл салт жиі кездеседі. Ғаламторды ашып қалсақ, жасөспірімдердің топқа бірігіп «кінәлі» деген адамды ортаға алып» ұрып-соғып, тізерлеп отырғызып кешірім сұратып жатқанын көресіз. Бұл әрекет ата-аналардың ашу-ызасын тудырса, соңы қайғылы жағдайға ұласқанын естисіз. Мұның соңында іс тіркеліп, жағдай ушығып жатады.

Мұндай жағдайлар республиканың көптеген аймақтарында кездесті. Тиісті шаралар қолға алынғанымен, келеңсіздік осымен тоқтаса жақсы. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп хакім Абай айтқандай бұл салт еріккеннің ермегіне айналып кетпес үшін тиісті шаралар көрілгені абзал.

Адам бір ғана Хақ Тағаланың алдында тізерлеп отырып, бес уақыт намазын оқып, жасаған амалдары үшін кешірім сұрайды. Бірақ ертеректе арнайы бекітілген заң болмағандықтан адамдар жасаған қылмысына қарай жазаланып отырған. Сол жазаның ауыр түрі болып саналған «аяғына жығылып» кешірім сұрау тектен-тек қолданылмаса керек. Ендігі жолы осындай қадамға бармас үшін, басқаларға сабақ болуы үшін жасалса керек. Адам алдында тізерлеп отырып кешірім сұрау, өз күнәсін мойындау, екінің-бірінің қолынан келе бермейді.

Мақсатымыз – жастар заңға қайшы келетін қылмыстық іске бармаса екен дейміз. Үйдегі ата-ана ескіні жаңартып, салт-дәстүрді өскелең ұрпаққа насихаттаса игі. Тізерлеп отырып кешірім сұрау – қылмысы ауыр болған жағдайда жасалатын амал. Бұл жазаның ең ауыр түрі.

Айдана МАРАТҚЫЗЫ

05 қаңтар 2021 ж. 574 0