Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Күдері мен Ұлбике

Күдері мен Ұлбике

Профессор Қазыбай Құдайбергенов аудандық газет редакциясымен ты­ғыз шығармашылық байланыс­та. Ар­дагер бізге көбіне-көп тарихи мә­ліметтер мен әдеби, мәдени құн­ды­лықтар туралы өзінің туынды­ларын ұсынады. Өткен аптада Қ.Құдай­бер­генов шіркейлілік Айдарбек Бай­се­йі­тов туралы айтып, бізге «Күдері мен Ұлбике» деген өлеңін ұсынды. Біз ақылдаса келе өлеңді аудандық газетке жариялауды жөн көрдік.
Редакция
КҮДЕРІ МЕН ҰЛБИКЕ

Құлшылық қылған құбылаға пендесі,
Нұрын шашқан Мұхаммедтің сәулесі.
Темірқазық тура жолға бастаған,
Ата бабам Әзірет Әлінің әулеті.

Ереулі ат болған кезде ерге сын,
Дауыл тұрып шайқағанда көл бетін.
Хақтың жолы ақиқатты ту еткен,
Бәтуамен бекіткен ел іргесін.

Ата-бабам дін исламның тірегі,
Елім деген, жерім деген жүрегі.
Құлап аққан тау суындай тасқыны,
Ер Көшектен ақын бабам Күдері.

Туған жері – жырдың елі Сыр елі,
Сайыс сөзде тыңға түскен түрені.
Алла берген сегіз қырлы, бір сырлы,
Орта жүзде билік құрған Күдері.

Тұлпар туған тұқымынан тектінің,
Жыр сайыста тежелмеген екпінің.
Ақын даусы жер мен көкті жаңғыртып,
Ғасырлардың қойнауынан жетті үнің.

Өнерді Алла сыйлар пендесіне,
Қиялмен ақыл қонған зердесіне.
Күдері Ұлбикемен сөз сайысқан,
Қыз бен жігіт айтысы ел есінде.

Аққу құстың бейнесі көл бетінде,
Мұндай көрік болмаған теңдесінде.
Ұйқыдағы ару қыз оянатын,
Ай сәулесі түскенде келбетіне.

Ажар, көрік өнермен болған егіз,
Білім дария ақылмен бейне теңіз.
Ұлы жүз Ошақтының хас сұлуы,
Сұңғыла сөз шебері – Ұлбике қыз.

Көктегі ай мен жұлдыз болған серік,
Таразымен тоғысар шолпан кейіп.
Таңға дейін айтысқан қыз бен жігіт,
Айшықты сөз, өрнекті өлең өріп.

Шолпан шашбау болғанда ай сырғасы,
Егіз ғұмыр екен-ау жан сырласы.
Кейінгі ұрпағына «жұмбақ» болған,
Күдері мен Ұлбикенің нұр тұлғасы.


Айдарбек БАЙСЕЙІТОВ,
Шіркейлі ауылы
06 желтоқсан 2022 ж. 189 0