Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтын көмбе

Алтын көмбе


Шет-жұрттан қазақ даласына келген адам ұшы-қиыры жоқ, аспанмен астасқан баябан даланы көріп, тілсіз-сұлқ жатқан меңіреу далаға адасып қалғандай күй кешері анық. Сырт көзге солай болар. Ал көзі қарақты жан әр төбесін түртіп қалса ескі көзе, құмыра, қыш кесектер сынығына кезігері сөзсіз. Одан әрі індете түссеңіз, өткен ғасырлардағы өркениет орны қалаларға жетелей жөнелері анық.
Өзіміз ғұмыр кешіп жатқан қазақтың кең сахарасы тұлпардың тұяғы мен түйенің табаны мен жазылған тарих дастаны құм суырған далада көмескі тартқан беті ашылып, зерделі жанға сырын ашар. Инемен құдық қазғандай шыдам мен біліктілік танытсаңыз көшелері бау-бақшаға көмкерілген, кәріз жүйесіне дейін сақталған қыштан қаланған әсем қаланың үстінен түскеніңізді білесіз.
Қағазға түсіп, хатталған тарихтан белгі тарих осыдан он ғасырға жуық уақыт бұрын қоныс болған, бүгінгі Қоғалыкөл ауылын өркениет көшінің ұлы жолына жалғап жатыр. Тораңғыл сай – Жаңадария мен Қожарық ортасында орналасқан шығыстан батысқа қарай бір, солтүстіктен оңтүстікке қарай біржарым шақырым жерді алып жатқан Баршынкент. Баршынкент бала кезімізде қой жайып жүріп қыш кесектерімен, оюлы әшекейлі кесе сынықтарына қызыға қарап, мол қазынаға кенелеміз,- деп көмбе іздеген жеріміз. Ересектердің талай аңыз әңгімесіне арқау болған аңыз қаланың орны. Қазынаға қызыққанымызбен терең құдықтарына түсуге жүрегіміз дауламай есесіне мол қаржы тапсақ қалай жұмсасақ болар деген қиялға берілген жұмбақ мекен...
1219 жылы 150 мың Моңғол қолы Сыр бойына бағытталды. Шыңғысхан ұлдары Шағадай мен Үгедейді Отырарды қоршауға қалдырып, үлкен ұлы Жошыны Сырдарияның төменгі бойын жаулауға аттандырады. Әскерінің үшінші тобын Сырдың жоғарғы тобындағы қалаларды талқандауға жұмсап, өзі кіші баласымен Бұхара-Самархандқа бет бұрды. Араб және парсы жазбаларында отызға тарта қалаларды моңғол шапқыншыларының басып алғандығы жазылады.
Жошы қолы Сығанақтың он мың тұрғынын қырып одан әрі Үзгент, Баршынкентке бағыт алды.
Сырдарияның төменгі бойында ірі қалалардың бірі Баршынкент Моңғолдарға көпке дейінгі берілмегендігіне қарағанда бұл мықты бекітілген қала, ол Жентке және Жанкентке баратын іргені қорғаған. «Один город под именем Барчин долго противился ему (т.е. Окедаю)», - деп жазды Плано Карпини. «Баршынкент» аталуы халық поэмасының кейіпкері Алпамыспен байланысты. Оғыз феодал ақсүйектерінің өкілі Баршын сұлу есімді атақты әйел Сырдарияның төменгі бойындағы қаланы өз есімімен атайды, осыдан Қыз қала атауы шыққан. Аңыз бойынша Сырдарияның оңтүстік жағасындағы Көк – Кесене Баршын сұлудың құрметіне салынған. (Әлкей Марғұлан шығ. 9 том)
Қоғалыкөл іргесіндегі Баршынкент, Қызқала, Қышқала атауымен тарихта таңбаланған бұл қалаға 1992 жылы М.Елеуов пен Т.Мамидің қатысуымен археологиялық зерттеу жүргізілді. Айнала ор қазылған қаланың оңтүстігінен солтүстігіне қарай орналасқан орталық көшенің орны анықталды. Мешіт және үй орындарына қазба жүргізіліп тиын, керамика өнімдері жиналып ертедегі қаланың төлқұжаты жасалды. Қабырғасы 19 қабат кірпіштен қаланған бір бөлмеге зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бөлменің шығысында өрнекті қаптамалардың сынықтары табылды. Онда араб тілінде жазылып, көгілдір ақшыл түспен өрнектер салынған. Қазба барысында керамика сынықтары, әйнек, моншақ үзінділері кездесті.
Сонымен қатар іргетасы қыш кірпіштен қаланған мешіт немесе медресеге зерттеу жүргізілді. Кіре беріс есігі шығысқа қараған бұл ғимараттың төрт бұрышы дүниенің төрт жағына бағытталып, құрылыс құбылаға бағдарланғандығы анықталды. Қазба тереңдеген сайын ыдыс сынықтары сирек кездесті. Қыш сынықтары, сонымен бірге теңгелер де табылды. Мұндағы кіре беріс бөлме қойма болып, тандыр шығу есігіне қарай орналасқан. Орталық бөлме шаруашылық және тұрғындық қызмет атқарған.
Археологиялық зерттеу Алтын Орда мен Түркістан өлкесіндегі экономикалық дамыған аймақтармен бірге тауар - ақша қатынастарында маңызды рөл атқарғандығын дәлелдеп берді.
«Қыз қала», «Қышқала», «Баршынкент». Бүгін бұл жерге тағы келдім. Көлемі әртүрлі төбелер бір-біріне жалғасып, бар сырын бүгіп сұлық жатыр. Айнала қазылған ор, ойпаңға өскен шоқ-шоқ шеңгел, дария жағалай өскен жиде, жыңғыл, тоғай. Мамыр айының бар сұлулығын паш ету үшін алқызыл гүлін, жапырағын жайып жайқалып тұр. Үп еткен самалмен ырғалған жиде, шеңгелдің жұпар иісі бас айналдырып, бойыңды балқытып барады. Биылғы жылға тән жаяу бұрқасын жүре бастады. Сәлден соң жел күшейіп, тұтасқан қалың бұлт түтілген жүндей ыдырап түте-түтесі шықты. Теріскейдегі айдау жолдың шаңы көтеріліп, борай бастады. Тура сегіз жүз жыл бұрын шығыстан қалың қол дәл осылай қаптаған болар. Топыраққа көмілген жұмбақ қалада қауырт жұмыс. Әл-Фараби атындағы Қаз.Ұ.У. профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мадияр Елеуов пен Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Талеев Дөкей бастаған археологтар зерттеу жұмысын бастағалы айдың жүзі ауды. Дөкей Әбдікерімұлы бастаған топ бар сән-салтанатымен бауырына басып, құлаған алып қабырғаны аршып жатыр. Жапырақ гүл ақ, көк түспен боялып қиюластырылған мозайка маңдайша жақтауларды, көлемі 40х40 см болатын бетіне ою-өрнек бедерленіп күйдірілген қыш плиталарды ашып алу инемен құдық қазғандай ыждағаттылықты талап ететін қиын жұмыс екен. Мадияр Елеуов бастаған топ мешіт пен медресе орнын аршып жергілікті халық талап кеткен қыштан қаланған табанын төрт қатардай өріп, бұрынғы әсем ғимараттың сұлбасын келтіруде. Бұрыштары дөңгелек колонна болып өрілген ауқымды алып ғимараттың орны өткен ғасырлардың сән-салтанаты жарасқан өркениет мекені екенін айшықтап тұр.
Баршынкент байлықтары
Қазба жұмыстарын жүргізуші археолог – ғалымдар Баршынкент қаласына жақын маңда тағы да қалалар болу керек екендігін, сол қалалардың орнын көрсете алатын жер жағдайын білетін жан болса, - деген ниетін білдірді. Іздегенге сұраған. Бала кезден әкеміз қой қыстатқан, әкеге еріп қоғам малын өз төл есебінен көбейтіп абырой тапқан Мұңайтпас аталатын алқапта талай қала мен қоныстың орны бар екенін жайып салдым.
Осы Қоғалыкөл ауылынан қол созым жерде ғана Өзбек елімен шекарасындай болып ондаған шақырым жерге созылып жатқан Көксеңгірдің етегіндегі Сырлытам, оған жапсарлас жатқан Заңғарқала. Көксеңгірдің шығысында Мортық қоныстары, оған іргелес Ашнас, жоғарыда әңгіме болған Баршынкент - Қышқала сияқты елді мекендер көп болған. Бұл біздің өлкемізде осы кезеңде қала мәдениетінің өркен жайып, жоғары дамығандығының айғағы.
Одан бөлек ауылдан 20-30 шақырым жердегі «Қорғанша», «Мыңшоқы», «Таз төбе» аталатын қоныстардан табылған жәдігерлер осы өлкенің бай тарихының айғағы. «Қорғаншадан» табылып, Бесарық ауыл музейінде сақталған диаметрі бір метр болатын тас диірмен, шығырмен су шығаруға арналған қыш құмыралар өткен күннің бізге қалдырған сыйы, ата-бабаларымыздың өркениетінің құнды жәдігерлері.
937-1050 жылдары өмір сүрген ортаазиялық энциклопедист-ғалым Әбу-Райхан Әл Бирунидің айтуынша Сырдың орта және төменгі ағысы атырабында үш жүз қала болғандығын жазды. Академик Ә.Марғұлан мен археолог К.Байпақов жасаған картада 37 қаланың атауы берілген.
Көлік иесі Нағи батыр ауылының қоғамдық кеңес төрағасы Қуандықов Нұрмағанбет, ғалымдар Мадияр Елеуов, Дөкей Талеевпен бірге Жаңадарияның сол жақ беті, Бесарық ауылынан батысқа бет алып тартып келеміз.
Археолог – ғалымдар баға жетпес байлыққа кенелген, сәтті сапар болды, – деп бағалаған, Дөкей Әбдікерімұлы жазған сапардың қорытынды анықтамасында біз топырағын басып жүрген жердің әр төбесі тарихты бауырына бүгіп жатқандығын анықтап бергендей.
Тазтөбе (Жұмабай) қалашығы. Бесарық ауылынан оңтүстік–батысқа қарай 10 км, Қоғалыкөл ауылынан оңтүстік–шығысқа қарай 15 км шамасында Жаңадарияның сол жағалауынан біршама жерде орналасқан. Географиялық координаттары: С.44º43'46,18''; Ш.65º11.'59,74'', теңіз деңгейінен биіктігі т.д.б. 123 м.
Тазтөбе. Шығыстан түсірілген
Қорғаншы қалашығы. VІ-Х ғғ. Бесарық ауылынан оңтүстік–батысқа қарай 28 км, Қоғалыкөл ауылынан оңтүстік–шығысқа қарай 20 км жерде, көне арнаның оң жағалауында орналасқан. Географиялық координаттары: С.44º35'46,23''; Ш.65º04'58'', теңіз деңгейінен биіктігі т.д.б. 120 м. Сыртында қорғаныс қабырғасы бар ұзын қорғанды қала орны. Жалпы аумағы 8 га шамасында. Орта тұста орналасқан цитаделінің көлемі 65х75 м, биіктігі 2-2,5 м. Төрт бұрышында төрт мұнараның орны байқалады. Қақпасы оңтүстік шетінде. Қаланың ұзын қорғанының ішіндегі аймақта қыш ыдыстардың ұсақ сынықтары өте көп кездеседі. Арасында диірмен тастар мен темір шлақтары да бар. Сырлы ыдыстың сынықтары сирек және ұсақ ыдыстардың сынықтары. Оңтүстік–шығыс бұрышында салынған барлау шұңқырынан көзешарықта жасалған қыш ыдыстардың сынықтары, темір қорытпасы, қазанның, шығыр құмырасының, табаның, т.б. көптеген ыдыстардың темір қорытпасы, ыдыстардың бөліктері табылды.
Қорғаншының керамикасы
Мыңшоқы қалашығы. Х-ХІV ғғ. Бесарық ауылынан оңтүстік–батысқа қарай 18 км, Қорғаншы қалашығынан солтүстік–батысқа қарай 8 км жерде орналасқан. Географиялық координаттары: С.44º37'04,25''; Ш.65º10.'31,71'', теңіз деңгейінен биіктігі т.д.б. 123 м. Төрткүл түріндегі қалашықтың көлемі 90х90 м, мәдени қабатының биіктігі 0,5-0,8 м. Бұрын белгісіз болып келген. Үстінен табылған қыш ыдыстар мен бірнеше мыс бақырлар, қол айна, моншақтар қалашықтың жоғарғы қабатының ХІV ғасырға жататынын білдіреді.
Мыңшоқы. Батыстан түсірілген.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыруға» жол ашып отырған жақсы іс жастармен жалғасын табу үшін кейінгі ұрпаққа жеткізе біліп, оны сақтау, зерттеу жұмысын жалғастырар деген үмітпен аз-кем әңгіме еттік.

Жұмабай Байзақұлы,
Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі,
өлкетанушы
19 маусым 2018 ж. 1 153 0