Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 35 газет

13 мамыр 2025 ж.

№ 34 газет

10 мамыр 2025 ж.

№ 33 газет

06 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Ерлікпен өрілген өмір

Ерлікпен өрілген өмір

Әмірбек Жылқыбаев 1910 жылы дүниеге келген. Ол кезде жаппай білім беретін мектеп болмағандықтан, ауыл молдасынан сауат ашады. Білімге құштар жан осылайша алға ұмтылып, үнемі ізденеді. 1929-1930 жылдары Ақтүйе колхозында есепші, 1930-1934 жылдары Кендір совхозында жұмысшылар комитетінің төрағасы. 1934-1935 жылдары Ақтөбе облысы Жұрын ауданында наубайхана бастығы, 1935-1936 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында қой совхозында бас бухгалтер, 1936-1940 жылдары Тереңөзек ауданында білім бөлімінің инспекторы болып түрлі салада қызмет атқарады. Сөйтіп жүріп, Түркістан педучилищесін бітіреді. 1940-1942 жылдары Крупская атындағы мектепте мұғалім болады. 1942 жылы ақпан айында әскерге шақырылып, майданға аттанады.

Әмірбек аға Жылқыбаев 1942 жы­лы 152-атқыштар дивизиясы құра­мында Қиыр Шығыста екі айлық даяр­лық­тан өткеннен кейін Сокол Воло­годск маңында шоғырланған дивизия жауынгерлері сәуір айында Мурманск қаласына жіберіледі. Бұл кезде дивизияның жеке құрамында 11370 адам болған. 1942 жылдың 1 мамырын­да Кольский бұғазынан өткен дивизия жауынгерлері Мурманск маңында қар­сы шабуылдау операциясына қа­ты­су үшін Западная Лица өзенін жағалай 80 шақырым жол жүреді. Ауа райы­ның қолайсыздығынан жүріп келе жат­қан бағытынан ауытқып, алдыңғы шептегілер жау артиллериясының соқ­қысына ұшырайды. Көп шығынға ұшы­раған дивизияның 80 пайызы жарамсыз болып қалады. Екі аптадай өз өзіне кел­ген дивизия жауынгерлері қайтадан шабуылға шығады. 1944 жылға дейін ауыр шайқастарға қатысқан әскер Днепропетровск облысының аумағында жау әскерін тықсырып, Девладово станциясын азат етеді. Осынау шайқас кезінде оң аяғынан жараланған атқыш жауынгер Ә.Жылқыбаев госпитальға жеткізіледі. Бетіне снаряд жарықшағы тиген, аяғынан ауыр жарақат алған жауын­герге бірнеше сағат операция жасалады. Сөйтіп, 1944 жылы қаңтар айының 25-де Ә.Жылқыбаев алған жара­қаты салдарынан әскерге жарамсыз деп танылып, елге қайтады.

1944-1947 жылдары Қызылөзек кол­хозында есепші, 1947-1951 жылдары Крупская атындағы мектепте, 1951-1957 жылдары Ақиін мектебінде, 1957-1972 жылдары Қызылөзек орта мектебінде, 1972-1974 жылдары №135 орта мектепте мұғалім болады. 1974 жылы осы мектептен зейнет демалысына шығады.

Әмірбек аға біртоға, көп сөйле­мейтін, сабырлы кісі еді. Шәкірт тәр­бие­леу ісіндегі жетістіктері бір төбе. Ағайын-туыс, жора-жолдас ара­сындағы беделі де жоғары болатын. Өзінен кішілерге қамқорлығы тіпті бөлек. Қазақ жетімін жылатпаған, жесі­­рін қаңғыртпаған ел. Әмірбек аға да айналасындағы жетім-жесір қал­ған­дарды бір шаңырақ астына біріктіріп, жоғын бүтіндеп отыратын қамқор жан еді. Өмірлік қосағы Сазан анамызбен 5 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан немере сүйді, шөбере көрді. Майдангер ағаның ұрпақтары жоғары білім алды, әртүрлі салада еңбек етті. Ағаның өзі 1997 жылы 87 жасында өмірден озды.

Ә.Жылқыбаев соғыста көрсеткен ерлік­тері үшін І, ІІ-дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен, Кеңес Одағының маршалы Г.Жуков медалімен, Жеңістің 40-50 жылдық, Германияны жеңгені үшін, ССР Қарулы күштеріне 50-70 жыл мерекелік медальдарымен марапат­талған.

Иә, соғыс талай боздақты қыр­шынынан қиды, талай отбасын әкеден, баладан айырды, талай арманның күл-талқанын шығарды. Соғыстан орал­ған солдаттың аманы жоқ. Бірі қолынан, бірі аяғынан айырылды. Тіпті екі аяқтан айырылып келгендері қаншама. Бірақ бұл соғыс олардың рухын өлтіре алмады. Адамзатты жер бетінен жоя алмады. Керісінше, әр­түрлі ұлт өкілдері бір үйдің баласындай бірігіп, бір нанды бөліп жеді, жер бауырлап, күннің ыстық-суығына қарамай, Отан қорғауда жанын пида етті. Сөйтіп, жауды жеңді. Фашистерді өз ұясында талқандады. Түрлі жоспар құрып, адамзатқа қастандық жасалған Берлинде жеңіс туын желбіретті. Сон­дықтан ешкім де ұмытылмайды. Өмірлері ерлікпен өріліп, бейбіт өмірде болашақ үшін еңбек еткен Әмірбек аға секілді миллиондаған майдангер есімі ұрпақтар есінде мәңгі сақталады.


Сәуле ЕРІМБЕТ,
ардагер-журналист

13 мамыр 2025 ж. 157 0