Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕКТІНІҢ ТҰЯҒЫ

ТЕКТІНІҢ ТҰЯҒЫ


Әрбір адам өзінше бір әлем, жұмбақ. Ал, Қалдаштың ұлы Мүкарап ашылмаған әлем, шешілмеген жұмбақ. Қараторы дидарынан, тіпті егде тарт-қандағы суретінен де ашықтық таппайсың, сырын ішіне бүгеді де тұрады. 
Мүкарап десем, өткен ғасырдың сона-а-а-у елуінші жылдарындағы, мектепте оқып жүргендегі Мүкараптың партадан партаға секіріп жүретіні, сабақты тастап рұхсатсыз шығып кететіні, мектеп ережесіне бағына бермейтін еркіндігі еске түседі. Бижанов Төребекке ұқсап «4» алып қалса жыламайды, бестікті қумайды, Тұрсынкүл Алдамұратоваға ұқсап кілең бестікке оқып саңқылдап оқушылардың алдына да шықпайды. Тиіп-қашып оқыған боп жүріп-ақ сабақ үлгерімі алдыңғы қатарлы, әсіресе математика есептерін әдебиетше меңгеретіні, көшеде ойнап жүріп-ақ үйге берген есепті жерге (топырақ үстіне) жазып, формулаға салып, түбірден шығарып, нәтижесін айтып жүретін, қапсағай, ұзын сирақты қара баланы көз алдыма елестетемін. Осынысына қарап     Мүкарап математик немесе инженер болады ғой дейтін едім. Ол Алматы малдәрігерлік, зоотехникалық институтына түсіп, зоотехник мамандығын алып, қызыл диплом иесі атанды. Бұл – оның «батырға оңы да, солы да бір» дегендей қай пәнді де шындап айналысса үздік меңгеретін айырықша зеректігінің көрінісі. Батыс Қазақстан облысының Зеленов, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының Энгельс, Қармақшы шаруашылықтарында бас зоотехник болып 18 жыл абыройлы қызмет атқарды. Малды бағып-күтудің, жем-шөп дайындаудың ғылымға негізделген әдістерін енгізуге кірісіп, үлкен жауапкершілікті мойнына алып қызмет істеді. Оның әділдіктен айнымайтын, жұтқыншағынан өтетін азықты рухани азықпен шатыстырмайтын адалдығы, турашыл ұстанымы көп әріптестеріне ұнай қоймағаны анық. Көпке дейін Мүкарапты түсінбей жүрді.     Мүкараппен қызметтес, қоңсылас болмағасын өте жақын араласатын мүмкіндігім болмады. Сондықтан қызметтегі еңбектерінің қыры мен сырын тарқатып айта алмаймын.
2011 жылы Мүкарап 70 жасқа толғанда досым Зейнетай Әлмахановтың жазғанынан үзінді келтірейін. – «Мүкарап, Қармақшы кеңшарында директор Исағали Жұмағұловмен келісіп шаруашылыққа тың, жаңа әдістер енгізуді қолға алды. Ауыспалы егіс жүйесі сияқты, мал жайылымдарын да жылма-жыл ауыстырып пайдаланып отыруды, жерді демалдыру әдісін енгізіп оң нәтижелерге қол жеткізуге себепкер болды. Кеңшар парткомының хатшысы ретінде кадр мәселесін басты назарда ұстады. Кейбір себептермен партия қатарынан шығып қалған жас мамандарға айырықша көңіл бөліп, әділеттің қайта қалпына келуіне күш салды. Оған мысал, ауыл азаматы, жас маман Мұқтар Таңбаевты аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаевқа айтып партия қатарына қайта қабылдатты. Іс-тәжірибесі мен ұйымдастыру қабілеті мол, қай іске болса да беріле кірісетін бір мінезді жігіт партияның сенімін ақтады. 
Сондай-ақ, жұмыстан босаған бұрынғы инженер Әбдірахим Байкөшкеновті бас инженерлік қызметке қайта алуға ықпал етті. Сол жылы механизаторлар күшімен шаруашылықта шөп дайындау артығымен орындалды, жас инженер білікті істің жөнін, тетігін білетіндігін танытты.
    Бірде Мүкарапты Жосалы механикалық зауытының жанында көріп, сәлемдестім. Сөзге тарттым. Әңгімеміз амандық-саулықтан әрі жалғаспады. Соңына еріп біраз жер қатарластым да, оның сыр-сұхбат құруға ықыласты емесін аңғарып қалып қойдым. Артынан қарап тұрдым. «Текті тұқым ғой, Қаратамырдың бір тәуірі ақсақалдыққа адымдап бара жатыр» деген ой түйдім. Қармақшы кеңшарында партком хатшысы қызметінде жүргенде аудандық жиналыстарда кездесіп жүрдік. Мүкараптың болмысы Мұхамед (с.ғ.с) пайғамбарымыз айтқандай аз сөйлеп көп тыңдайтыннан. «Мен» деген сөзді өте сирек айтатын жан. Кездесулерде, отырыстарда оның үндемейтінінен «менің ақтарыла сөйлеп отырғанымды сынап отыр-ау, қандай ой түйіп отыр екен» деп секем аламын да, айтатыны жоқ болғаннан емес, айтатыны, түйгені көп болғасын үндемейтін шығар дейтін едім іштей.
   Мүкарап, келбетіне қарасаң, келісті, бойлы, ойлы, жоғары білімді, қызметі бар, нағыз қыз тиетін азамат отыз бес жасқа шейін үйленбей жүрді. Осы жасқа дейін «сүр бойдақ» болып жүру оңай емес, олай дейтінім, бірінші ата-анаң, сосын ағайын-туыс, дос-жолдастарыңның «неге үйленбей жүрсің» деген жиі қайталанатын сұрағы да жүйкеңе жүк.
   «Біздер, Мауглиміз, Тарзанбыз, Қызықтырған жоқ біздерді Арзан қыз» деп Қадыр ақын айтқандай, Мүкарап досым қыздың қымбатын іздеумен уақытын оздырды-ау шамасы. Қай нәрсені де бір-ақ рет айтатын, өзіне өте қажетін, мұқтажын бір-ақ рет сұрайтын қалпымен іштей «Осы дұрыс-ау, жібі түзу қыз екен» дегендерге де бір-ақ рет сөз салып, «ия» дей қоймаса, екінші қайтып соқпай жүріп, жүріп қымбатын кезіктірді. Қымбаты Ажар есімді аппақ қыз, сол кезде сирек кездесетін ағылшын тілінің маманы, Ажар да «Ойымдағы келісті бір жігіт кезігер» деп Мүкарапты күтіп жүріп 33 жасқа келгенін білмей қалыпты. Ажар Мүкарапқа асыл жар, әулетке тәрбиелі, ибалы келін болды. Басынан орамалы мен ақ жаулығы түскен жоқ. Орамал мен ақ жаулықтың қадір-қасиетін, киесін өзі біліп қана қойған жоқ, өзінің келіндеріне, қыздарына ұқтырды. Кеңшардың бас зоотехнигі, партком хатшысы болған азаматтың қонағы да аз болмайды.    Мүкарап аттан түскен жоқ, Ажардың қазаны оттан түскен жоқ. Азаматын пір тұтты. Алты перзентті (үш ұл, үш қыз) болды. Барлығы жоғары білімді, инженерлер, дәрігерлер, мұғалімдер. Қыздарын сүйенішім, ұлдарын текті әулеттің текті жалғастырушылары деп тәрбиеледі. Тектінің ұрпағы, бекзат болмысты Мүкарап пен Ажардың шаңырағы әрдайым ел-жұрттың назарында. 
Балқы Базардың Қаратамыр Пшанның Төребайының жалғыз ұлы Ысқақ пен ағасы Ағытай қайтыс болғанда айтатын толғауындағы: 
Сабыр қыл, інім Төребай 
Билігің бар дауға сай 
Ерлігің бар жауға сай, 
Басынан бұлт аспайтын 
Абылайдың тауындай 
Ежелден берген абырой. 
Нарға лайқат жүк болды 
Мырза Ысқақ, Ағытай. 
Елестейді кеуілге, 
Бұлтқа кіріп тұрғандай 
   Төбеден ауып күн мен ай, дегендегі Ағытайдан болыс Өмірзақ, одан Қалдаш, одан Мүкарап. Тағы да сол Балқы Базардан, – «Арғы атаңыз – Ерназар, дабысы желдей гулеген, қаһарланып кеткенде, жебесін тасқа түйреген, ренжітіп ешкімді, шалғысы жұртқа тимеген». Жоғарыда «Қаратамырдың бір тәуірі ақсақалдыққа адымдап бара жатыр-ды» айтқаным, арғы атасы Ерназардың текті болмысын жоғалтпас деген сенімім болатын. Атасының не бабасының батырлығы да, кемеңгерлігі де ұрпағының басына дулыға, көкірегіне данышпандық боп құйыла қоймайды. Қаның да бар азғантай талант пен дарын оқымасаң, оқығаныңды зердеңе тоқымасаң, оны баптамасаң, күтпесең, дамытпасаң, кие деп қастерлемесең тұншығады. Мүкарап көп оқитын, астын сызып, зерделеп, ой түйіп оқитын. Рухани қазынасын толтырып, байып отыратын. Рухани деңгейінің биіктігін зейнеткер болғаннан кейінгі аз-кем пікірлескеннен, текті болмысын қимыл-әрекетінен аңғаратынбыз.
Қызмет барысында сен талай жанға бағынышты, талай адам саған бағынышты болатыны заңдылық. Мүкарап қисынды тәртіп пен моральдық ереженің адамы. Өзіне біреуді бағындыруға құштарлығы жоқ. Ақылға қонымсыз талап қойған лауазым иесіне бағына қоймайтын тік мінезді болды. Өмірде мінезсіз, мінезін жоғалтып алған адамдардан қорқу керек. Мінезін жоғалтқандар өте қорқынышты адамдар. Олар не жағымпаз, не өсекші, не өтірікші, сатқындар. Мінезі бар адамдар ғана міндетті түрде бір биікке жетеді. Ондайлар табанды, айтқанынан қайтпайтын қасиетке ие.
   Бір мысал айтайын, бір жұмысшы, қиянатшыл бастығынан көп теперіш көріп, ызыланып кетіп қалып, біраз уақыттардан кейін қайта оралыпты. Бастығы:
– Қайда болдың?
– Тозаққа бардым.
– Ол жақта не тындырдың?
– От сұрадым.
– Алдың ба?
– Тозаққа әркім өз отымен келеді екен! (Мырзагелді Кемел кітабынан) Бұл мысалға сену, сенбеу өз еркіңіз. Ғибраты әркімге сабақ. Мүкарап марқұм өзінің адал, турашыл болмысымен, қамқоршыл қалпымен, өнегелі өмірімен бақиға өз шуағымен сауап арқалап аттанған Алланың пендесі болар деген болжам айтамын. Алла жанын жәннатта еткей.

Сәпен АҢСАТОВ,
Қармақшы ауданының
құрметті азаматы.
02 маусым 2018 ж. 1 325 1

Гость JeaOrer от 9 ақпан 2019 08:28
Cialis 5 Mg Medikament viagra prescription Genuine Viagra Without Prescription Canadian Pharmacuticals Generic Viagra Propecia Apotheke Online Cialis Pharmacy Rx One cialis overnight shipping from usa Levitra Verboten