Абай мен Мәшһүр Жүсіп кездескен бе?
Жақында әлеуметтік желіні «ақтарып» отырып, сенатор Руслан Рүстемовтің «Ұлтты танығың келсе, Баянауылға бар, Мәшһүр Жүсіпті оқы!» деген мақаласын көзім шалып қалды. Руханиятшыл азаматтың шығармашылық ізденіске ден қойса, түп-тамырымен зерттеп, зерделейтінін ауданымызды басқарған уақытта талай рет көзбен көріп, көңілге түйгенмін. Ол кісі республикалық, облыстық, аудандық мерзімді басылымдардың әр нөмірін үзбей оқып, өзі оқып болған кітаптар мен газет-журналдарды бізге оқу үшін ұсынатын.
Сенатордың бұл жолғы мақаласын шағын ғылыми еңбек деп бағамдауға болады. Себебі атақты ақын Ғафу Қайырбеков қазақтан шыққан пайғамбарға теңеген Мәшһүр Жүсіптің өзі, шыққан тегі, шығармашылығы, ғылыми мұрасы мен ағартушылық қызметі туралы терең талдау жұмысы жүргізілген. Осы ретте мақаланы оқу арқылы біз бұған дейін әдебиетшілер мен тарихшылар арасында талас туғызған тақырыпқа ден қойдық. Ол «Абай мен Мәшһүр Жүсіп кездескен бе?» деген сұрақтың жауабын іздеуімізге негіз болды.
Сөз жоқ, Абай өмір сүрген дәуір қазақ әдебиетіндегі ерекше кезең. Ақынның мұрасы тақырыптық мазмұн жағынан алғанда да, ақындық өнер мен шеберлік тұрғысынан талдағанда да, діл мен дінге тереңдегенде де оқырманның жүрегіне жол таба алады. Бір ақиқаты, әр заманның буыны хакім Абайға өзінше, жаңа көзқараспен қарайды. Сондықтан ойшыл ақын Абай Құнанбайұлы мен оның замандасы, фольклортанушы, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының таныстығы мен кездесуі жайлы ғалымдардың пікірі әлі күнге екіге бөлінеді. Бірінші топ қос тұлға өзара байланысқан, пікірлесіп, рухани үндес болған десе, екінші топ бұған қатысты деректердің растығына күмәнмен қарайды. Бұл тақырыпқа тереңдей берудің қажеті жоқ екенін алға тартатындар да бар. Десек те біз қолда бар мәліметтер мен ғалымдардың, әдебиетшілердің пікіріне сүйеніп, оқырманға ой салуды жөн көрдік.
Абай Құнанбайұлының 1845 жылы қазіргі Абай облысының Жидебай ауылында туғаны белгілі. Ал Мәшһүр Жүсіп 1858 жылы Павлодар облысына қарасты Баянауыл ауданында дүниеге келген. Байқағандарыңыздай, жас айырмашылығы – 13 жас. Мәшһүртанушы, С.Торайғыров университетінің профессоры, филиология ғылымдарының докторы Айтмұхамбет Тұрышев қос ұлы тұлға кездескен деп тұжырым жасайды.
– «Абай мен Шоқан, Мәшһүр мен Шәкәрім кездесті ме?» дейміз. Біздіңше, олар кездесті. Бірақ ол заманда қазіргідей бейнетаспа болған жоқ. Сондықтан қандай да бір суреттері сақталмады. Олардың бір заманда өмір сүріп, бір-бірімен байланыспауы мүмкін емес. Бұл сөзімізге Құнанбайдың Алшынбаймен, Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыспен байланыс жасауы. Мұнан бөлек Шоң мен Байдалы би, Шоң мен Ақтайлақ би, Құнанбай мен Балта, Құнанбай мен Алшынбай шешендік сөздерде қағысып, сөз айтысады. Демек олар да кездескен. Елдік мәселелерде ақылдасып отырған, – дейді Айтмұхамбет Тұрышев.
Ғалымның пайымдауынша, қазақтың бетке ұстар қайраткер тұлғаларының барлығы бір-бірімен байланыс жасаған және байланыс жасауға тырысқан. Сондықтан олар бір-бірін іздемеді, кездеспеді деп айтуға болмайды. Енді қазақ әдебиетінде ең көп роман жазған санаулы қаламгердің бірі жазушы Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романына назар аударайық. Мәшһүр Жүсіп пен Абаймен кездескені туралы жазушы былай жазады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Абайдың ұлы Әбдірахман қайтыс болғанда көңіл айтуға барады. Сонда Абай: «Мәшһүр досым, «Құдай қайда?» дейді. Сонда Мәшһүр жүрегін көрсетіп, «Жүректе» депті. Сонда хакім «Рас, Мәшһүр екенсің, менің оң жағыма кел» деп, оң жағына отырғызыпты. Одан кейін Мәшһүрге «Ай мен күннің арасына жел кірсе, не тұтылады?» депті хакім Абай. Сонда Мәшһүр «Ай тұтылады» деп жауап беріпті. Ал «Күн мен жердің арасына ай кірсе, не тұтылады?» деген сауалға «Күн тұтылады» деп жауап береді. Риза болған Абай «Мәшһүр Жүсіп екеуміздің арамызға сөз кірсе, не тұтылады?» дегенде, «Жүрек тұтылады» деген екен. Дәл осы романдағы оқиғаға ұқсас жайт Ақселеу Сейдімбектің зерттеу еңбегінде де кездеседі. Оны ғалым ел аузынан жинаған әңгімелерінің көп томдығына енгізген.
«Абай мен Мәшһүр Жүсіп екеуі бір-бірінің аты-жөндеріне сырттай қанық болса да, әлі дидарласа қоймаған кезі болса керек. Бірде тобықты еліне жолы түскен Мәшһүр Жүсіп арнайы сәлем беру үшін Абай ақынның үйіне келеді. Табалдырықтан аттап үйге кіре бергенде Абай тосын сауал қойып: «Ақылдының өзінен бұрын айтқаны жетеді» деген. Атың құлағымды сарсылтып еді, шынымен Мәшһүр болсаң, айтшы қане: «Құдай қайда? Жұмақ пен тозақ қайда?» депті.
Сонда Мәшһүр Жүсіп кідірместен:
– Абайдың Құдайының қайда екенін білмедім. Менің Құдайым – жүрегімде. Ал жұмақ пен тозақ әркімнің өз үйінде, қатының ақылды болса, жұмақ, ақымақ болса, тозақ» деген екен. Абай «Сайтан деген кім?» десе, «Осыны сұрап тұрған – сен сайтан» деп, Мәшһүр Жүсіп ренжіген сыңаймен бұрылып кетуге ыңғайланады. Сол кезде Абай есті сөз естігеніне риза болған шыраймен:
– Мәшһүр десе, дегендей екенсің!, – деп қолын алып, төрін ұсыныпты» деп жазады Ақселеу Сейдімбек.
Осы ретте Мәшһүртанушы, ғалым Айтмұхамбет Тұрышевтің «Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы метрологиялық терминдер» еңбегінде қос тұлғаның кездескені былай тұрсын, тіпті жақын араласқаны жазылады. Бұл туралы ғалымның бұған дейін баспасөзге берген сұхбатынан үзінді келтірер болсақ:
«Мәшһүр Жүсіп Көпеев өзінің «Нүсіпхан» деген поэмасының желісіне Абайды арқау еткен. Қазақ еліне Абай шығармаларын таныстырып, насихаттап отырған. «Нүсіпхан» поэмасында Құнанбай мен Абайды сөйлетіп, елдің ішіндегі шешілмеген дау-дамай, халық тағдыры туралы да сөз болып отырады. Семей өңірінің қазақтарын түгелге жуық сипаттайды. Поэма Құнанбайдың әулеттерін Тобықты руын мақтап, Құнанбайдың қажылығын, асқан ақылдылығын суреттейді. Абай туралы, оның ақылдылығына басын иеді, өнеріне тәнті болады:
«Ыбырай еді жан достым,
Құнанбайдың баласы.
Арғы атасы Өскенбай,
Тобықтының ағасы, – дейді Мәшһүр-Жүсіп. Поэманы талдаудан аулақпыз, біздің мақсатымыз осы деректер арқылы Абайды, жалпы Құнанбай әулетін Мәшһүр-Жүсіптің өте жақсы білгенін, аралас-құралас болғанын аңғарту еді. Сөйтіп, Абай және Мәшһүр Жүсіптің арасында рухани байланыс болған жоқ деген ел ішінде етек алған аздаған күдікті сейілту еді» дейді ғалым еңбегінде.
Ал филология ғылымдарының докторы, абайтанушы Тұрсын Жұртбай Мәшһүр Жүсіптің Абайға өлеңмен хат жолдағаны рас екенін, бірақ кездескені туралы нақты дерек жоқ екенін алға тартады.
Қалай дегенде де, екі тұлға да терең білім иелері, заманынан озып туған алыптар. Екі ойшыл дана тұлғаның рухани үндес болғанын ескеріп, біз Абай және Мәшһүр Жүсіп кездескен деп топшылаймыз. Бұл сөзімізге олардың бір кезеңде өмір сүргені, хат алмасқаны және шығармалар дәлел бола алады. Ендігі мақсат – әдебиет пен мәдениетке, тарих пен тағылымға құштар жастарға дана бабаларымыздың асыл да құнды қазынасын таза қалпында сақтап, аманаттау. Бұл жолда дара дарын иелерінің рухани байлығын толық түсініп, тереңірек меңгеріп, санамызға тоқу ісіне де мән беруіміз қажет.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі
Фото: e-history.kz