Қазақ поэзиясының патшасы Мұқағали Мақатаев
Поэзия әлемінің патшасы, ақиық ақын, қазақтың біртуар азаматы, мұзбалақ ақын атанған Мұқағали Мақатаевтың туғанына биыл – 93 жыл. Ақын қазақ әдебиеті тарихында өшпес із қалдырған. Ақиық ақын есімі тарих беттерінде мәңгі қалары анық. Ақынның туған күні туралы әр түрлі пікірлер бар. Мұқағали Мақатаев жөнінде бұдан бөлек қандай тың деректер білеміз?
Анасының айтуынша, Мұқағали Мақатаев сегізінші наурызда дүниеге келген. Ақынның дүниеге келуі наурыз көже дайындаудың қамымен жүрген уақытқа тұспа-тұс келген екен. Алайда ақын кейінірек сайлау науқанына байланысты куәлігіне 9 ақпан деп өзі жаздырып алған деседі.
Анасының айтуынша, Мұқағали Мақатаев сегізінші наурызда дүниеге келген. Ақынның дүниеге келуі наурыз көже дайындаудың қамымен жүрген уақытқа тұспа-тұс келген екен. Алайда ақын кейінірек сайлау науқанына байланысты куәлігіне 9 ақпан деп өзі жаздырып алған деседі.
Ақынның балалық шағы қазақтың басына түскен нәубет жылдарға тұспа-тұс келді. 1932-1933 жылдардағы ашаршылық кезінде 1-2 жаста болса, ал 1937 жылы саяси қуғын-сүргін кезінде небәрі 6 жаста еді. Бұнымен қоса ақынның 10 жасы Екінші дүниежүзілік соғыспен қатар келді. Соғыстың зардабы оның балалық шағын ұрлап қана қоймай, отбасына да ауыр соққы болды. Әкесі Сүлеймен соғысқа аттанып, қан майданда қаза тапты. Ақын бір өлеңінде әкесінен қалған жалғыз тұяқ екенін зор тебіреніспен жазған. Ол өз әкесіне деген махаббаты мен ыстық ықыласын өлең жырлары арқылы жеткізген.
Мұқағали ата-анасының тұңғыш баласы болғандықтан, қазақтың қалыптасқан дәстүрі бойынша әжесінің тәрбиесінде болады. Негізі азан шақырып қойған есімі – Мұхаметқали. Оның ақын болып қалыптасуына әжесі Тиын мен анасы Нақаның тәрбиесі ықпал еткен. Әжесінің баласы болғандықтан анасын жеңге деп атаған екен. Осы тұста анасына арнаған «Шеше, сен бақыттысың» жыр шумағын көпшіліктің жатқа білетінін айтып өткен орынды.
Ақиық ақынның жары өзінен 3 жас үлкен болған. 18 жасында 21 жастағы Лашын есімді арумен бас қосып, үйленеді. Сүйікті жарына «Лашынға» атты өлең шумағын арнаған.
Өкінішке орай өмірдің соқпақ жолында ақын бауыр еті балалары екі қызын бірдей жерлеген. Тағдырдың тәлкегі ақынның жүрегіне ауыр тиіп, жанына қаяу салды. Жаны жабырқаулы ақынның аяулы қыздарына арнаған «Ләззатқа» және «Майгүліме» деген сыршыл өлеңдері бар.
Ақын білімі мен туа біткен өнерінің арқасында 3 бірдей жоғарғы оқу орнына өз күшімен түскен. Ол заманда оқуға түсуге барлық адамның қолы жете бермейтін еді.
Мұзбалақ ақын жарты ғасырға жуық өмірінде 1000-нан астам өлең, повесттер, пьесалар, бірнеше жыр жинақтарын шығарған. Ақын өлең жырларын шығарып қана қоймай, аударма бағытында да бақ сынаған.
Ақын 1967-1976 жылдары аралығында тоқтаусыз өлең жаза бастайды. Бұған себеп – дертінің асқынуы еді. Дәрігерлерден қанша жыл өмірі қалғанын біліп алып, тоқтаусыз бар уақытын поэзия жазуға арнады.
Өмірдің нағыз қызған шағында ақынның денсаулығы сыр беріп, 1976 жылы 27 наурызда 45 жасында дүниеден озады. 1976 жылы «Өмір дастан» деген кітабы жарық көреді. Осы кітап шыққанда Мұқағали қатты қуанады. Сол кітаптың бір данасын Әбділдә Тәжібаевқа қолтаңбасымен беріп жібереді. Қолтаңбасымен кітабын беріп, тілегін білдіріп, «27 наурыз, 1976 жыл» деп жазып жіберіпті. Ал бұл негізінде ақпан айында еді. 27 наурызда Мұқағали ақын дүниеден өтеді. Бұған таңғалған Әбділдә Тәжібаев «әулиелігі бар екен ғой» деп, «Әулие ақын» деп ат қойған. Мұқағали өзінің өлетін күнін сезген екен. Өмірден өтер кезінде «Жаназа» деген поэма жазады. Осы деректерге сүйене отыра, мұқағалитанушы Шаяхмет Имашұлы бұл туралы «Өзінің жаназасын өзі шығарды дейміз» деген екен.
Көзі тірі кезінде ақынның еңбектері дұрыс бағаланбаған еді. Тіпті кейбір деректерде ақынды әділетсіз сынап, Жазушылар Одағынан шығару туралы негізсіз арыздар жазылған деседі. Ақын өзін Жазушылар Одағы қатарынан шығарылды деп ойлап, күйзеліске түсіп, қатты түңіліп кеткен. Кейін ақынның Одақтан шығарылмағанын белгілі жазушы Ғаббас Қабышұлы растады. Дүниеден өткен соң ғана шығармалары жақсы бағаланып, бірнеше шет тіліне аударылған. Ақынның біраз уақыт баспана іздеп, көп жағалаған «жетім бұрыш» тұрған көшеге Мұқағали Мақатаевтың есімі берілді. 1999 жылы Мемлекеттік сыйлық пен «Ғасыр ақыны» атағы берілді. Алматы қаласында ақынға арналған бірнеше ескерткіш бар. Сонымен қоса ақынның туған күніне орай жыл сайын ел аумағында мерейтойлық іс-шаралар, поэзиялық кештер, көркемсөз оқулары ұйымдастырылады. Ақынның 90 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде ел болып дүркіретіп ерекше атап өткен болатын.
Бар ғұмырын халқына арнаған мұзбалақ ақынның өлеңдері мен шығармалары бүгінгі таңда әрбір өлеңсүйер қауымның жүрегінен орын алып отыр. Ғұмыры қысқа болса да, шығармашылық жолы жарқын болған тұлға халық жадында мәңгілікке қалады.
Алтынай Қайратқызы